Оқушылар сарайында мемлекет және қоғам қайраткері Н.Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир басталды. Жарыстың салтанатты ашылуында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, тоғызқұмалақтан ҚР бас бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жарыстың бас төрешісі Айнұр Жақапбаева және облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының президенті, Н.Ергешбаевтың ұлы Әбдіқадыр Ергешбаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Ауғанстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Түркия, Тәжікстан және Қазақстанның он бір облысынан 20 команда 220 спортшы шеберлік байқасуда. Айта кетейік, биылғы бәсекеге Қытай мен Ауғанстан ойыншылары тұңғыш рет қатысуда. Былтырдан бастап халықаралық мәртебеге ие болған турнирге жыл өткен сайын қатысушылар саны көбейіп, маңызы арта түсуде.
Жарыс классика бойынша 9 турда жас ерекшелігіне сәйкес төрт топта өткізіледі.
Ойынның мақсаты – Елбасы бастамасы аясында ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін тоғызқұмалақты облыс көлемінде дамыту, халық арасында кеңінен насихаттау, спорттық шеберлікті және зияткерлік қабілетті қалыптастыру.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлердің есімдері 6 наурыз күні белгілі болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<