ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕЛ ӨРГІЗГЕН

582

0

ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕЛ ӨРГІЗГЕН Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама арқасында ауылда қолындағы азын-аулақ малының қарасын көбейтіп жатқандар артып келеді. Соның бірі – Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылының тұрғыны Серік Мырзабаев. Ол «Бекарыс ауыл шаруашылығы жолы» ЖШС директоры. Алғашында қорасында  60-тан аса ірі қарасы болыпты. Атакәсіпті жандандыруды ойлаған жігіт мемлекеттік бағдарлама көмегімен асылтұқымды мал басын көбейтуді қолға алды. Ісі еш кетпеді. Алдымен жайын жайлады. Асылтұқымды ірі қара малын көптеп алып, аз уақытта шаруасын дөңгелентіп әкетті.
Алғашқы талабы табысқа ұласқаны Серікке кәдімгідей сенім берді. Тынымсыз еңбегінің арқасында төскейден төрт түлікті түгел өргізіп, жыл сайын олардың қатары да көбейіп келеді. Оның шаруа қожалығын құрғанына да 10 жылдан асты. Бүгінде қорасы қойға, өрісі малға толған. Еті тірі, елгезек жігіт еліміздегі мал шаруашылығын қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрді.
Бүгінде шаруашылықта 600-ден аса жылқы, 700-ге жуық сиыр, 1200-ден аса қой және 100-ден аса түйе бар. Оннан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылар жалақысы уақытылы төленеді. Әлеуметтік жағдайларына қарап, көмек те көрсетеді.
– Кез келген кәсіпті ынтамен қолға алсаң, нәтижесі болады. Еңбек еткен адам жемісін көреді. Жастайымыздан ата-анамыз еңбекке баулып өсірді. Бала күнімізде қозы-лақ бақтық. Он жасымнан бастап ат үстінен түскен емеспін. «Ер қанаты – ат» деп бекер айтылмаған. Жүйрік тұлпарым болса деп армандадым. Есейген шақта көкпар тарттым. Осылай жылқы баптауды үйрендім. Шаруа қожалығын құрдым. Мемлекет тарапынан да қолдау көп. «Сыбаға» «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламасының арқасында қаржы алып, асылтұқымды мал басын көбейттім. Биыл облыс әкі­мінің бастамасымен аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланды. Бұл – үлкен демеу. Халықтың еңбек өнімін, тұрмысын, кәсібін жандандыруға үлкен қолдау, – деді ол.  
Шаруақор жігіт малға қажетті жем-шөпті өзі дайындайды. Арнайы техникалары да жеткілікті. Жазда дақылдар мен шөптің қажетті түрлерін егіп, уақытында қоймаға жинайды.
Серіктің алдына қойған мақсаты көп. Бізбен әңгіме барысында жоспарларымен де бөлісті. Ол биыл күзге дейін құны 25 млн теңге болатын мал сою алаңын салмақ. Сонымен бірге мал бордақылау алаңын ашуды да көздеп отыр. Жақында Ақтөбе қаласында болып, белгілі шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып қайтты. Ондағы мал бордақылау және сою алаңдарының жұмысын көрді. Тәжірибе алмасты.  Қалай болғанда да қазір ел іші мал басын көбейтуден ұтылмайтынын, әсіресе асылтұқымды түлік өсірудің тиімділігін түсініп қалды.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей, Серік сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Көкпардан облыс құрамасының белді мүшесі.
–  Қазір бала тұрмақ, үлкендердің өзі атқа мінудің не екенін ұмыта бастағандай. Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, мәдениет пен өнердің ғажайып үлгілерін қалыптастырған халқымыздың тұлпардың қыр-сырын жетік меңгергені белгілі. Менің тағы бір арманым – осы ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан атбегілік өнерді жандандыру, – деді ол тағы бір сөзінде.
Ел десе, аянып қалмайтын жас кәсіпкер қайырымдылық шараларына да белсене араласады. Қолдан келгенше көмек қолын созып, ауыл үлкендерінің алғысын арқалауда.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<