Тәртіп сақшылары ардагерлердің шаңырақтарында болды

468

0

Тәртіп сақшылары ардагерлердің шаңырақтарында болды Болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жаумен  шайқасқан арқа сүйер ардагерлерді ұлықтау, құрметтеу бүгінгі саналы ұрпақтың парызы. Отан үшін от кешкен жауынгерлер қандай да құрметке лайық.
Осыған орай, теңдессіз ерліктің күшімен өскелең ұрпаққа бейбітшілік әкелген күн қарсаңында қызылордалық полицейлер қос ардагер Бержанов Махамбет пен Сақтағанов Дәуітбайды арнайылап құттықтау үшін Сырдария ауданына жол тартты.
Ардагер Бержанов Махамбет  Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы жапон соғысына қатысады.
Ішкі істер органдарына 1954 жылы кабылданып, Жалағаш аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілінен Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген.
 Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Бүгінде ардагер Бержанов Махамбет немере-шөбере сүйген ардақты ата.
Бұған қоса, сақшылар Сақтағанов Дәуітбай ардагердің де шаңырағында  болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Сақтағанов Дәуітбай 1943 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, әскери борышын № 649 атқыштар полкінде өтейді. 1948 жылы запасқа босатылып, елге қайтады.
Сақтағанов Дәуітбай ішкі істер органдарындағы қызметін 1949 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек аудандық милиция бөлімінде қадағалаушы қызметінен бастайды. Тереңөзек, Қармақшы аудандық милиция бөлімінде арнайы комендатура комендантының көмекшісі, жедел уәкіл, арнайы комендатураның коменданты, аға тергеуші қызметтерін атқарған.
Ішкі істер органдарындағы қызметі үшін І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясына 50 жыл», «Жапонияны жеңгені үшін», «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл» медальдарымен, бірнеше мәрте  ОІІБ-ның Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
Ұжымның арқа сүйер ардагерлерін сөз бастап Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қалижан Қобландин құттықтады.
«Ұлы Жеңісті жақындатуға ардақты ардагерлеріміздің майдан даласында, отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Ағалардың ардақты ісін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді. Бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңызға жеке құрам атынан алғысымды білдіре отырып, өмірлік күш-қуаттарыңыз ұзағынан болсын!» деп құттықтады бастықтың орынбасары полиция подполковнигі Қалижан Жеңісбекұлы.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<