Бүгінде қос ғасырлық тарихы бар қала қанатын кеңге жайып, жылдан жылға дамып келеді. Қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуда шаһардың инфрақұрылымын жақсарту, кәсіппен айналысуға жағдай жасау және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету басты назарда тұр. Мәселен, биыл ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Халықты баспанамен қамту міндеті де мүлтіксіз орындалуда, қазір қала тұрғын үй құрылысының қарқыны жағынан өзге облыс орталықтарынан алда тұр.
Сырдарияның сол жағалауына салына бастаған жаңа қаланың алғашқы ғимараттары да пайдалануға берілді. Қалаға қарасты бірнеше елді мекендер көгілдір отынға қол жеткізді.
Осы мазмұндағы және бірқатар жетістіктерді тілге тиек еткен қала әкімі мұның барлығы да тәуелсіздіктің, Елбасының сындарлы саясатының жемісі екендігін атап айтты.
Салтанатты жиында қаланың дамуына еңбегімен үлес қосқан бірқатар сала ардагерлері мен мамандар, еңбек адамдары марапатталды.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА





