«Достық үйінде» 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: Тарих. Бүгін. Болашақ» атты шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева (онлайн), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев, облыстық мәслихат хатшысы, академик Қылышбай Бисенов, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар, басқарма басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, қала және аудандардағы зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара «Елбасы және Сыр елі» тарихи-деректі көрмесін тамашалаудан бастау алды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет қатысушыларды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, конференция жұмысының маңыздылығын атап өтті.
– Еліміздің тарихи даму жолындағы толағай табыстарды отандастарымыз ғана емес, барша әлем жұртшылығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Сондықтан аталған мереке мемлекетіміздің мерейі, ұлт бірлігінің жарқын көрінісі іспетті. Бүгінде Тұңғыш Президентіміздің тарихи тұлғасымен бірге айтылып, ажырамас ұғым ретінде бекіген Тәуелсіздік, Ядросыз қарусыз әлем, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Елорда қатарын «Сыр – Алаштың анасы» максимасы толықтыра түседі. Бұл сөз қазір жерлестеріміздің мәртебесі һәм рухын көтеретін ұранға айналды.
Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен сақтардың, оғыздар мен қыпшақтардың, Ұлық Ұлыс пен Ақ Орданың және Қазақ хандығының туы тігіліп, 1925 жылы Қазақ Республикасының астанасы ретінде ұлтымыздың тарихи атауын қайтарған Сыр өңіріне де қолдауы ерекше. Оны облысымызда жүзеге асқан әрбір бастамаға көрсеткен ықыласынан байқауға болады. Бұл халықтың ертеңге деген сенімін нығайтты, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара барысында онлайн байланыс арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева сөз алып, Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын қалыптастырудағы жасампаз қызметін баяндаса, облыстық мәслихат хатшысы, академик Қылышбай Бисенов «Тәуелсіздік. Елбасы және Сыр өңірі» тақырыбында баяндама жасады. Ал әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Тұңғыш Президент күні – мемлекеттілікке құрмет күні» тақырыбында еліміздің әлем алдындағы деңгейін, мерекенің маңыздылығын сөз етті. Сондай-ақ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Елбасы тәжірибесі: экзистенциализмнен гуманистік үдеріске ұмтылыс» тақырыбында баяндама жасап, тұшымды ойымен бөлісті.
Конференцияны қорытындылаған С.Ахмет: – Тәуелсіздік жылдарында дамудың «Қазақстандық жолы» мен «Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық келісімінің моделі» қалыптасты. Бұл – Елбасының батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс. Сондықтан тарихи тұлғаның тағылымы ғасырлар бойы тарих таразысында жасай беретіні сөзсіз, – деді.
Онан әрі республикалық конференцияның жұмысы секциялық отырыста жалғасты. Бірінші секция «Елбасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы: жасампаз 25 жыл», екінші секция «Тұңғыш Президент және Арал аймағы: экологиялық апаттан «Ғасыр жобасына», үшінші секция «Сыр Алаштың анасы: тарихи-мәдени сабақтастық» тақырыптарына арналды. Секциялық жұмыстардың нәтижесінде конференцияның қарары қабылданды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<