Тұңғыш Президент және тәуелсіз Қазақстан

937

0

«Достық үйінде» 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: Тарих. Бүгін. Болашақ» атты шараға облыс әкімі­нің орынбасары Серік Ахмет, ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­таты Наталья Жұмаділдаева (онлайн), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің про­фес­соры, тарих ғылымдарының док­торы Берекет Кәрібаев, облыс­тық мәслихат хатшысы, ака­демик Қылышбай Бисенов, Ә.Тәжібаев атын­дағы облыс­тық әмбебап ғылыми кітап­ханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар, басқарма басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, қала және аудандардағы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара «Елбасы және Сыр елі» тарихи-деректі көрмесін тама­шалаудан бастау алды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет қатысушыларды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, конференция жұмы­сының маңыздылығын атап өтті.

– Еліміздің тарихи даму жо­лын­дағы толағай табыстарды отан­дастарымыз ғана емес, барша әлем жұртшылығы  Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі­мен байланыстырады. Сон­дық­тан атал­ған мереке мем­лекетіміздің мерейі, ұлт бірлігінің жарқын көрінісі іспетті. Бүгінде Тұңғыш Президентіміздің тарихи тұл­ғасымен бірге айтылып, ажырамас ұғым ретінде бекіген Тәуелсіздік, Ядросыз қарусыз әлем, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Елорда қатарын «Сыр – Алаштың анасы» максимасы то­лықтыра түседі. Бұл сөз қазір жерлестеріміздің мәртебесі һәм рухын көтеретін ұранға айналды.

Елбасының тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күндерінен сақтардың, оғыздар мен қыпшақтардың, Ұлық Ұлыс пен Ақ Орданың және Қазақ хандығының туы тігіліп, 1925 жылы Қазақ Республикасының астанасы ретінде ұлтымыздың тарихи атауын қайтарған Сыр өңіріне де қолдауы ерекше. Оны облысымызда жүзеге асқан әрбір бастамаға көрсеткен ықыласынан байқауға болады. Бұл халықтың ертеңге деген сенімін нығайтты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шара барысында онлайн байла­ныс арқылы Нұр-Сұлтан қала­сынан ҚР Парламенті Мә­жілісінің депутаты Наталья Жұма­ділдаева сөз алып, Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын қалыптастырудағы жасам­паз қыз­метін баяндаса,  облыс­тық мәс­­лихат хатшысы, академик Қылышбай Бисенов «Тәуелсіздік. Елбасы және Сыр өңірі» тақырыбында баяндама жасады. Ал әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Тұңғыш Президент күні – мемлекеттілікке құрмет күні» тақырыбында еліміздің әлем алдындағы  деңгейін, мерекенің маңыздылығын сөз етті. Сондай-ақ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының дирек­торы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Елбасы тәжірибесі: экзистен­циализм­нен гуманистік үдеріске ұмтылыс» тақырыбында баяндама жасап, тұшымды ойымен бөлісті.

Конференцияны қорытын­ды­лаған С.Ахмет: – Тәуелсіздік жыл­дарында дамудың «Қазақ­стандық жолы» мен «Назарбаевтың этнос­­аралық және конфес­сия­аралық келісімінің моделі» қалып­­тасты. Бұл – Елбасының батыл қадамдарының, тарихи шешім­дерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс. Сондықтан тарихи тұлғаның тағылымы ғасырлар бойы тарих таразысында жасай беретіні сөзсіз, – деді.

Онан әрі республикалық конфе­ренцияның жұмысы  секциялық оты­рыста жалғасты. Бірінші секция «Елбасы және Қазақстан халқы Ассам­блеясы: жасампаз 25 жыл», екінші секция «Тұңғыш Президент және Арал аймағы: экологиялық апаттан «Ғасыр жобасына», үшінші секция «Сыр Алаштың анасы: тарихи-мәдени сабақтастық» тақы­рыптарына арналды. Секциялық жұ­мыстардың нәтижесінде кон­ферен­цияның қарары қабылданды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<