Тұран жолбарысы қайда кетті?

2981

0

Жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, үлкен әсермен қайттым. «Қызылорда облысының өсімдіктер мен жануарлар дүниесі» залындағы Сырдария өзенінің оазисіне арналған диорамаға келгенімізде музей қызметкері Сырдың жағасында жолбарыс мекен еткенін айтты. Сол есімнен кетпей, осы мақаланы жазуыма түрткі болып отыр. Өлкемізде тұран жолбарыстарының мекен еткені туралы Сыр өңірінде аңызға бергісіз әңгімелер жиі кездеседі.


Сыр шерісі жолбарыс мен жайын балығы туралы аңыз бей-жай қалдырмайды. Аңыз ананың махаббаты, кек, ашу, сабырлық сынды қасиеттермен өрілген дерсіз. Ана жолбарыс күшіктерін ертіп дария бойына суаттауға келеді. Сыр жайыны жолбарыстың күшіктерін бірінен соң бірін құйрығымен ұрып, суға құлата берген деседі. Күшіктерін құтқара алмай, дәрменсіз қалған ана жолбарыс суға бір түсіп, бір шығып әбден ызаланып, ақырады. Бойын ашу мен кек билеген түз тағысы дарияның жағасында, оқиға болған жерде әлгі жайынды торуылдайды екен. Бір күні жайын судың бетіне шыққан сәтте жолбарыс оның құйрығынан шап етіп тістеп, жағаға лақтырады. Жағада қос алып – судан шығып қалған жайын мен бел омыртқасы үзілген жолбарыс жатады. Тұранның тарғыл жолбарысы мен Сырдарияның дәу жайыны осылайша жағада жатып көз жұмады. Осы аңыздың өзінен-ақ Сырдария өзенінің жағасы өткен ғасырларда тұран жолбарыстарына мекен болғанын көруге болады.

Тұран жолбарысы қайда кетті?


Тағы бір аңызда тоғайда адасып кеткен кішкентай баланы жолбарыс желке тұсынан киімінен тістеп, үй жағына әкеліп тастағаны туралы айтылады. Жыртқыш саналатын аңның осындай мейірімділікке барады деп кім ойлар? Керемет емес пе?! Өрістен қайтпаған малын іздеуге шыққан ақсақалдың ну тоғайда жолбарыспен кездесіп қалғаны туралы да аңыз-әңгіме қалған. Беймезгіл уақытта жоқ іздеп тоғайда жүрген ақсақалға азулы аңның ақырған дауысы естілмесі бар ма? Әп сәтте жолбарыстың қасына қалай келгенін де білмей қалады. Жолақты барыс айбат шегіп, алдыңғы екі аяғын жоғары көтеріп, ақсақалдың бетінен салып жіберіпті-міс. Дәрменсіз, қауқарсыз ақсақал шалқасын жерге құлап түсіпті. Әлсізге күш көрсеткісі келмеген болу керек, жолбарыс теріс айналып, тоғайдың нуына сіңіп кеткен екен. Қызық, ә?!


«Тұран» сөзі туралы естуім бар еді. Бірақ, осы сөздің мағынасын тереңірек түсінуім үшін тарих пәні мұғалімі Жанар Абдуова апайға жүгіндім. Апайымның айтуынша: Тұран – Түркістан өлкесінің көне атауы. Ежелгі дәуірден жеткен мәліметтер бұл өңірде «тур» деп аталатын көшпелі тайпа мекен еткенін көрсетеді. «Авестада», Фердоусидің «Шахнамасында» Иран мен Тұран елінің өзара қарым-қатынасы жайлы көптеген мәліметтер бар. Тұранда түркі халықтардың арғы тегінен сыр шертетін «Алып Ер Тоңға» атты дастан дүниеге келген. VI ғасырдан бастап «Тұран» сөзі – түріктер мекендейтін жер, елдің атауы деген ұғымды білдіреді екен.
Түріктер мекендейтін жерді ортақ мекен санаған тұран жоллбарыстары Сыр бойында да ну қамысты өзен жағалауы мен жиделі, тораңғылды ағаш арасында мекен етті. Сыр бойын жағалаған тоғай бұғысы, қарақұйрық, дала киіктері, теңіздің жағалауы мен дария бойы қамыс арасын мекендеген қабандар жолбарыстың негізгі жемтігі болатын.


Өкініштісі, бүгінде Сыр өңірінде тұран жолба¬рыс¬тарының өзі түгіл ізі де көрінбейді. Өткен ғасырдың бас кезінде «Орынбор-Ташкент» темір жолының салынуы себеп болды ма, әйтеуір, Тұран тағылары Сыр бойы тұрмақ, Қазақстанның өзінде жоқ аңға айналды. Жолбарыс атаулының ішіндегі қа¬нық түсті әдемісі, дене тұрқы ең ірісі саналатын Тұран жолбарысы бенгалдық және амурлық тұқымдас барыстардан да жоғары бағаланған. Тұранның алпауыты саналатын жолбарыстар мүлдем жойылып кетті дегенге сенбеймін. Олар «Орынбор-Ташкент» темір жолымен бірге үрке қашып, Сыр бойы¬мен Қаратауға жетіп, одан Ұлытау, Сарыарқа, Алтай асып кетуі де мүмкін деп ойлаймын. Тіпті тауларды бойлай Ферғана даласымен Иран асып кетуі де мүмкін ғой.
Талай ақын-жыршылар мен хан-төрелердің өздеріне ғана көрінер піріне, қорғаушысына айналған жолбарыста бір құдірет күш бары анық. Оның мәрттігі, кеңдігі, өзіне тән мінезінің ірілігі, бойларында қара күш пен ішкі күштің үйлесім табуы таң қалдырмай қоймайды. Қазір кезінде Қамысқала аталған Сыр бойында қалың қамыс та, ну тоғай да жоқ. Дала тағысы жолбарыстың да Сырдария жағасын желе жортқаны тек аңыз болып қалды.

Гүлназым АЛДАМБЕРГЕНОВА,


№282 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<