Тұрақтандыру қорында азық-түлік тауарлары жеткілікті

3130

0

Биыл тұрақтандыру қорына тауар сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қоры жинақталды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1500-ға жуық тонна өнім бар. Аталған қордың тауарлары 36 әлеуметтік дүкен мен 14 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрышы арқылы сатылады.


Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Байқоңыр» ӘКК ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов хабарлады.

– Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізілуде. Жалпы 36 дүкеннің екеуі тауар өндірушіні қолдау мақсатында ашылса, қалған 34 дүкен кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз пайдалануға беріліп отыр. Бүгінде барлық әлеуметтік дүкендерде 19 маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада берілуде. Мәселен, нан -55 пен 90 теңге аралығында, қант -263 теңге, өсімдік майы- 630 теңге, картоп пен сәбіз – 130 теңгеден сатылады. Әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасы нарықтық бағадан төмен болғандықтан, тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу үшін арнайы шаралар қарастырылды, – деді Жеңісбек Ахметов.


Айта кетейік, биылдан бастап апта сайын тұрақтандыру қорының және қоғаммен бірлескен кәсіпорындар шығарған тауарлармен жәрмеңке ұйымдастырылуда. Қаңтар айында шаһарда және аудан орталықтарында төменгі бағада жәрмеңкелер өткізілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<