Тұғырымыз – тұрақтылық, таңдауымыз – бірлік

422

0

  Тұғырымыз – тұрақтылық, таңдауымыз – бірлік Арал: Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін айдынды Арал жұрты өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. Мерекелік шара орталық алаңнан бастау алып, бірқатар мекемелердің қатысуымен достық шеруі өтті. Көпшілікке әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билері мен өнерпаздардың театрландырылған қойылымы ұсынылды. Аудан әкімі М.Оразбаев барша халықты бірлік мерекесімен құттықтады.

Мереке күні аудан әкімдігінің жүлдесі үшін ат спорты түрлерінен жарыс өткізіліп, қаладағы ипподром алаңы тұлпарлар тұяғының дүбіріне бөленді.

Қазалы: Ауданда бірлік мерекесіне арналған шара ауқымды түрде өткізілді. Татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі жұртшылықты құттықтаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев  «Халқымызда «Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз − берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін» деген ықыласын жеткізді.

Аудан тұрғындары әр ұлттың әні мен биін, өнерін тамашалап көтеріңкі көңіл-күйде жүрді. Қазіргі таңда  Қазалы ауданында 14 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Шиелі: Орталық алаңда өткен «Бірлік. Достық. Тұрақтылық» атты шарада жұртшылықты аудан әкімі Әшім Оразбекұлы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Кент және ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі этнос өкілдері  «Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік шеру жасап, алаңнан жүріп өтті. Шара ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жаңақорған: Орталық алаңда «Гүлденген Қазақстан – татулық мекені» атты мерекелік шара өтті.

– Алмағайып заманда ұлт ретінде сақталып қалуда ата-бабамыз татулық пен тұрақтылықты негіз етті. Осындай ұстаным жүздеген ұлттарды бауырына басып, ұрпақ өрбітуіне жағдай жасады. Осынау мереке қарсаңында отандастардың патриоттық сезімдерін асқақтатып, Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді мақтанышпен насихаттаймыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігі, ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында ғасырда бағындыратын биікті алдық. Алда ұлы мұраттар, айқын мақсаттар тұр, − деді аудан əкімі Ғалым Əміреев мерекелік құттықтауында.

Бүгінде ауданда 18 ұлттың өкілдері тату-тəтті ғұмыр кешіп, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Қармақшы: Айтулы мереке 14 ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында бас қосқан өңірде салтанатпен аталып өтілді. Мерекеге сай безендірілген орталық алаңда өткен шараға аудан әкімі Сұлтан Мақашов қатысып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, өткен жылы аудан тұрғындарының әлеуетін арттыру мақсатында атқарылған ілкімді істерді саралап, ағымдағы жылғы жоспарларға тоқталды. Мереке аудан өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сырдария ауданы: Мерекеге орай Сырдария ауданында велошеру ұйымдастырылды. Орталық алаңнан бастау алып, Қалжан ахун ауылына дейін жалғасқан велошеруге аудан әкімі Ғанибек Қазантаев бастаған аудан тұрғындары қатысты. Мереке Қалжан ахун ауылдық округінде жалғасып, «Айналдым – Қазақ елі» тақырыбында концерт өткізілді.

Жалағаш ауданы: Айтулы күн бұл өңірде мерекелік шеруден бастау алды. Шеруді еңбек ардагерлері, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, мәслихат депутаттары, өңірдің құрметті азаматтары, өзге ұлт өкілдері бастады. Орталық алаңға жиылған халықты аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құттықтап, бірлігі мен берекесі ұйысқан, ортақ мүддеге тоғысқан жалағаштықтарға алғысы мен құрметін білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<