ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАРЫМДЫ БЕТБҰРЫС

578

0

ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАРЫМДЫ БЕТБҰРЫСОрталық алаңда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ветеринариялық ұйымдар мен пункттерге арнайы автокөліктер мен құрал-жабдықтар тапсырды. Оған барлық аудандар мен қаланың ветеринария бөлімдерінің басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен мамандары қатысты.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша маңызды бағыттардың бірі– ветеринария жүйесін жетілдіру болып табылады. Бұл саланы ретке келтірмей елдегі эпизоотиялық жағдайды жақсарту және қауіпсіз мал өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету мүмкін емес. Соңғы жылдары аталған салаға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп келеді. Шара барысында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы 8 аудандық ветеринариялық ұйым мен 135 ауылдық округтегі пунктте көліктердің кілтін табыстап, оларды құттықтады. 
– Ауыл шаруашылығы саласы мемлекет тарапынан ұдайы қолдау тауып келеді. Өйткені, ауыл шаруашылығымен айналысатын негізінен ауыл тұрғындары. Ал ауылға жасаған қолдау қазаққа жасаған жақсылық деп түсіну керек. Осыған сәйкес мал шаруашылығы саласы да Елбасының басты назарында болып, ауқымды жұмыстар атқарылып келетінін білесіздер. Атап айтқанда, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ірі қара мал етінің әлеуетін көтеру жобасы қазір іске асуда. Елбасының тапсырмасымен жақында Үкіметтің қабылдаған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мал шаруашылығына да қыруар қаржы бөлінуде. Бағдарлама шеңберінде 2020 жылға дейін Сыр елінде мал басын екі есеге дейін арттыруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Осыған байланысты бүгінгі күнде мал шаруашылығын дамыту мақсатында әрбір ауданда тиісті жоспарлар әзірленуде. Өткен жылы «Ветеринария туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты жергілікті жерлерде мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар ауыл округтеріндегі ветеринариялық пунктерімен құрылды. Үстіміздегі жылы республикалық бюджет есебінен эпизоотиялық іс-шаралардың алдын алу мақсатында аса қауіпті 15 жұқпалы ауруға қарсы 5332,36 мың доза препарат бөлініп отыр. Облыста жаңадан құрылған ветеринариялық ұйымдар мен ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға республикалық бюджеттен облысқа 518,6 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Аталған қаржыға арнайы автокөліктер, кеңсе жиһаздары және ветеринариялық құрал-саймандар сатып алу межеленген болатын. Жалпы, оларды толық жабдықтау жұмыстары қазан айында толығымен аяқталады, – дей келе, аймақ басшысы сала мамандарына артылып отырған сенімнің зор екенін жеткізді.– Ықылым заманнан бері қазақта «малым– жанымның садағасы» деген ұлағатты сөз бар. Жаңа жиырма бірінші ғасырда да бұл сөз әлі өзінің қасиетін жойған жоқ. Жесең – ет, ішсең – ағарған, кисең киім болатын мал шаруашылығының шарапатын әлі де еліміз көреді. Ата кәсібін дамытудағы қызметтеріңізге табыс тілеймін,–деді облыс әкімі.
Көлік тапсыру сәтінде біз Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылының аға мал дәрігері Үмбеткәрім Досымовтың қуанышымен бөліскен едік. Осы салада қырық жылдай қызмет еткен ол Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға риза екенін айтты. « Біздің ауылымызда 10000-ға жуық уақ мал, 1500 ірі қара, 500 түйе, 450 жылқы бар. Бұрындары олардың барлығын қажетті жағдаймен қамтамасыз ете алмайтын едік. Шекара аумағына жақын 400 шақырым жерде де малдарымыз бар. Сондай кезде жаяулатып барудың өзі үлкен жұмыс. Міне, бүгін бізге берілген арнайы құрал-жабдықтар мен көлік алдағы жұмысымызды жеңілдетеді», – дейді маман.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<