Республика бойынша бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылдық округінде Отан қорғаушылар күні қарсаңында игі шара өтті. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан өртке қарсы күрес бөлімінің қызметкері Арман Қуанышбайұлы Төлеубаевтың атындағы көшеге бірге оқыған сыныптастары ескерткіш тақта орнатып, ашылу салтанаты өтті.
Салтанатқа облыстық және аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, төтенше жағдайлар ардагерлері, ауыл ардагерлері және тұрғындар қатысты. Шараны ауыл әкімі С.Байділдаев ашып, ерлікпен қаза тапқан азаматтың өмір дерегіне қысқаша тоқталып өтті. Шарада сондай-ақ, ауданның құрметті азаматы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Нұрмағанбетов, ауданның құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Р.Кәрімов, облыстық төтенше жағдайдар департаментінің басқарма басшысы Р.Қайрақбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Ботабаев, ұстазы Г.Нұрбаева, бірге оқыған сыныптастары атынан Ә.Нұрмахановтар естелік сөз сөйледі.
Шара соңында А.Төлеубаевтың әкесі Қуанышбай Төлеубаев сөз алып ауқымды шараны ұйымдастырған ауыл әкімдігіне, ескерткіш тақтаны орнатып қолдау білдірген 1971 жылы туылған азаматтарға зор алғысын білдірді. Игі бастама сап түзеген өртке қарсы күрес қызметкерлерінің ескерткіш тақтаға гүл шоғын қоюымен аяқталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<