Кәсіпкерлікті дамыту бағытында Қызылорда қаласы аудандарға үлгі болуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңейтілген мәжілісте айтты.
Қазіргі күні қала мен іргелес орналасқан кент, ауылдық округтерде 296 мыңға жуық адам тұрады. Оның экономикалық белсенді бөлігі 123 мыңнан асып, жығылады. 1 маусым күнгі статистикаға қарағанда шағын кәсіпкерлік субъектісінің саны 26 мыңның үстінде. Яғни облыста жұмыс істеп тұрған субъектілердің 48,8%-і облыс орталығына тиесілі. Жылдық айналымы 2 млн теңге болатын субъектілер үлесі – 19,5%. Ендігі міндет – осы көрсеткішті біртіндеп арттыру.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шағын және орта бизнесті өркендету жолындағы өрелі істерге тоқталды. Айтуынша, биыл 5 айда 1,5 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1700-дей жұмыс орны ашылған. 2018-2020 жылдарға арналған жоспар бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 600-ге жуық жобаны іске асыру, 1000-нан астам адамды еңбекпен қамту.
– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері құны 398 млн 497 мың теңгені құрайтын 65 жобаға қаржы ұйымдары қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде елді мекендерде 2 наубайхана, бір-бір тігін цехы, қонақүй, автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізді. «Береке», «Ырыс» бағдарламалары негізінде 5 кооперативтің 138 мүшесі 2814 мүйізді ірі қара сатып алды. Жыл соңына дейін қаржы ұйымдарына тағы 51 жобаның құжаты ұсынылады, – деді қала басшысы.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы да облыс орталығында кәсіппен айналысатындардың қатарын көбейте түсті. Биыл конкурстық комиссия назарына ұсынылған 171 жобаның 52-сі мақұлданды. Ал өткен жылы 29 жобаға қайтарымсыз қаражат беріліп, 70-тей жұмыс орны ашылған еді. Жалпы, мемлекет қолдауының арқасында осы 5 ай ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық көлемі былтырғыдан 130%-ке артты.
Облыс басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашуға, салықты көбейтуге әрі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға болатынын әркез айтып жүр. Бұл жолы да осы мәселеге айрықша тоқталып, қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне қатаң жауапкершілік жүктеді.
– Өңір тұрғындарының саны 807 мың шамасында болса, соның 97 мыңдайы өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдардың қатарында. Бұл мәселені шешудің жаппай кәсіпкерлікті дамытудан басқа жолы жоқ. Ал кәсіппен айналысқан адам «үкімет асырайды» деген масылдық көзқарастан арылады. Өзіне де, елге де пайдасын тигізеді, – деді облыс әкімі.
Қандай да бір бизнес бастағысы, жүргізгісі келетіндерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Сөзіміздің дәлелі, 2018 жылы аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасын жүзеге асыруға 32 млрд теңге бөлінді. Стартап жобалар үшін 3,4 млрд теңге қаржы қаралып отыр, соның есебінен қайтарымсыз гранттар да беріледі. Өңір басшысы халықты кәсіпкерлікке шақырудың – насихаттың уақыты өткенін, ендігі жерде өнімді жұмыс істейтін кез келгенін жеткізді.
Жиында қалаға қарасты елді мекендердің әкімдері атқарылып жатқан шаралар мен нәтиже туралы сөз қозғады. Ақжарма ауылдық округінің әкімі Жұмабек Әлиевтің сөзіне сүйенсек, мұнда 104 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Биыл жарты жылда қаржы ұйымдарынан қолдау тапқан жобалар саны өткен жылғыдан 2 есе көп.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ауылдық клуб салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, меже бойынша биыл 48 адам жұмыспен қамтылуы тиіс, – деді ол.
Өңірлік кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Қамар Бекетова халық арасында түсіндірме жұмысы кеңінен жүргізілгенін, осыдан кейін орталық көмегіне жүгінушілер саны арта түскенін жеткізді.
– Бүгінге дейін қалаға қарасты барлық елді мекенді аралап шықтық. Мамандар тарапынан 1610 қызмет түрі көрсетілсе, оның 1213-і – нақты көмек. Орталық қызметін пайдаланатындардың қатарында Тасбөгет кенті алдыңғы орында тұр, – деді Қамар Бекетова.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы шағын және орта бизнесті алға жылжыту шаралары бір ғана «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында шектелмейтінін, мемлекет қолдауының игілігін бүкіл ел көруі тиіс екенін нақтылады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<