Қызылорда қаласының мектептерін 2141 оқушы бітірді

351

0

Қызылорда қаласының мектептерін 2141 оқушы бітірді Қызылорда қаласы бойынша 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін 54 мектептен 2141 оқушы бітіргелі отыр. Қазіргі таңда 2141 мектеп бітірушінің 1725-і (80,6 %) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп жоспарлануда. 
Биылғы оқу жылында Қызылорда қаласы бойынша «Алтын белгіге» – 96, «Үздік аттестатқа» – 104 үміткер атанып отыр. 
 Қызылорда қаласының білім бөліміне қарасты 100 жылдық тарихы бар Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында өткен соңғы қоңыраудың орны ерекше. Өйткені аталмыш алтын ұя бүгінде жүзінші түлектеріне қанат қақтырды. Салтанатты шараны Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып беріп, ардақты ұстаздар мен жас түлектерді, ата-аналарды айтулы мерекелерімен құттықтап, сәт-сапар тіледі. 
Шара барысында мектептің 1956 жылы бітірген түлегі Тұрғанбай Маханов мектеп тарихын еске түсіре отырып, мектеп қабырғасынан ұшқан атақты адамдар жайлы атап өтті. Сондай-ақ жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтай отырып, ізгі тілегін білдірді. 
Сонау 1918 жылдың қазан айында мұсылман мектебі болып алғашқы шәкірттерін қабылдаған мектеп жыл санап дәрежесі өзгеріп, 2003-2004 оқу жылында ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы №497 қаулысына сәйкес жазушы, драматург, сатирик, осы мектептің түлегі Қалтай Мұхамеджановтың аты берілді және гимназия дәрежесіне ие болды.
Қызылорда облысының 200 жылдық және Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мекересімен қатар келген №1 Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясының 100 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп– гимназиясы мұғалімдерінің біліктілігінің арқасында оқушылары Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып, облыстың атын шығарып жүр. Биылғы жылы 68 оқушыға қанат қаққызып отырған мектепте 3 «Алтын белгі», 5 «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. 
Қала мектептерінің қара шаңырағы атанған, өзінің ғасырлық тарихында көшбасшы болған мектеп-гимназияның алар асуы көп болсын.

Қызылорда қаласы білім бөлімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<