Бірлік пен достық күні қарсаңында орта сыйымдылықтағы 10 автобус жолаушылар игілігіне берілді. 2013 жылдан бері облыс орталығына 112 үлкен сыйымдылықтағы автобус әкелінді. Оның 20-сы облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа сатып алынса, Еуропалық қайта құру және даму банкімен ортақ инвестициялық жоба аясында 92 экологиялық таза автобус айналымға енді.
Табиғи газбен жүретін автобустар GPS, бейнекамералар және дыбыстық ескертпемен жабдықталған. Өткен жылы Қызылорда қаласында автобустарға арналған тұрақжай, жанармай құю бекеті және көлік жуу орталығы бар автобус паркі ашылды. Парк 200 дана қоғамдық көлікке арналған. Мекемеде 400-ден астам адам жұмыс істейді. Жоба «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдауымен жүзеге асып отыр. Жалпы, облыс орталығында жолаушылар тасымалына арналған 30 бағыт бар.
Соның ірі 6 бағытымен автобус паркінің үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктері қатынайды. Қалғандарында әзірге жолаушыларды тиеп, бір-бірімен жарысатын газель-спринтерлер жүр. Ресейден әкелінген 10 автобус мамырдан бастап қызметіне кіріседі. Жыл аяғына дейін тағы 140 қоғамдық көлік әкелінеді деп жоспарланып отыр. Сол кезде сырбойылықтар сығылысып мініп-түсіп жүрген шағын автобустар біртіндеп айналымнан шығарылады.
www.24.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<