2019 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында 3500 орынға арналған жабық футбол алаңының құрылысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Қайсар» футбол клубы басшылығы және ойыншылармен кездесуінде осы жағымды жаңалықты жеткізді. Аймақ басшысы футболшылар жаттығуын тамашалап, олармен ой-пікір бөлісті. Кездесу барысында аймақ басшысы футболшыларға жаңа жеңіс тіледі. «Қазір стадионды қайта жаңғырту сапа стандарты талаптарына сай өз деңгейінде жүргізілуде. Сондай-ақ, келесі жылы сол жағалауда 3500 орынға арналған жабық алаңның құрылысы басталады», – деді аймақ басшысы. Еске сала кетейік, «Қайсар» командасы бүгінде ел біріншілігінде соңғы айналым ойындарын өткізіп келеді. Соңғы турда өз алаңында қарағандылық «Шахтерден» басым түсті. Қорытынды 3 айналым бойынша бүгінде 4 матч өткізіп, ойыншылар 7 ұпайға ие болды. Алда тағы 7 ойын бар. Турнир кестесінде «Қайсар» жетінші орында тұр. Футбол маусымы ашылар тұста облыс әкімі олардың алдына ел біріншілігінде кемінде бесінші орын алу міндетін жүктеген еді. Биыл «Қайсар» клубының құрылғанына 50 жыл толады. Команда 1968 жылы алғашқы ресми ойынын өткізген еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<