Қызылордада IV халықаралық интернет-форум өтті

324

0

Қызылордада IV халықаралық интернет-форум өтті Форумға Ресей, оның ішінде Татарстан, Сингапур және Қазақстан мемлекеттерінен сарапшылар қатысты.
Баяндамашылар аймақтағы білім беру және жұмыспен қамту саласының келешегі, жылдам өзгеретін заманауи еңбек нарығы жағдайындағы жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер, сияқты өзекті мәселелер туралы айтты.
Форум модераторы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі Вице-ректоры Әлия Мұхамеджанова.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев форум жұмысына сәттілік тілеп, адам капиталын дамыту аймақтың басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Біз төртінші Интернет-форумды адам капиталын дамытуға арнап отырмыз. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі кезеңде мемлекеттің экономикалық өсуінің шешуші факторы – адам капиталын қалыптастыру мен дамытуға байланысты инвестициялар. Әлемде білім беруді дамытуға мемлекеттік шығыстар бұрыннан әлеуметтік шығындар ретінде есептелмейді. Себебі бұл – табыс әкелетін инвестиция. «Барлығын кадрлар шешетінін» түсінеміз, сондықтан облыстық бюджеттің 40% астамын білім беру саласына бағыттаймыз», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Мәселен, Қызылорда облысында «HackDay» жас IT-мамандардың бірінші өңірлік фестивалі ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Қызылорда жастары «IT-эшелон» жобасы аясында веб-бағдарламалау негіздері мен фронтенд-әзірлемелер бойынша ақысыз негізде оқытылуда.
Форумға онлайн және офлайн режимінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, «МИСиС» ҰТЗУ даму жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов, BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек, Электрондық үкімет орталығының директоры/Сингапур ұлттық университетінің халықаралық бағдарламасының жүйелік ғылымдар институтының басшысы Ашок Кумар Ситхараман, «Иннополис» университетінің ректоры Александр Тормасов, сондай-ақ сандық технологиялар және адами ресурстарды дамыту саласындағы басқа да сарапшылар қатысты. Қызылордада IV халықаралық интернет-форум өтті 
Интернет пайдаланушылары үшін облыс әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (YouTube және Facebook) ресми аккаунттары арқылы онлайн трансляция ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы бірінші интернет-форум электрондық коммерцияны дамытуға, екінші (2017) – Байқоңыр қаласында кәсіпкерлікті дамытуға, үшінші (2018) – өңірде цифрландыруды дамытуға арналды. Айта кету керек, аталмыш форумдарды өткізу нәтижесінде облыста «Барс-Групп» татар компаниясымен бірлесіп «Электрондық балабақша» жобасы жүзеге асырылды. Бүгінгі күні жүйе 425 мектепке дейінгі білім беру мекемесіне енгізілді. Сондай-ақ, «Транстелеком» компаниясымен бірігіп тұрғынүй коммуналдық шаруашылық шығындарын оңтайландыруды көздейтін «е-Шаңырақ» зияткерлік ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылды. Қазіргі таңда жүйе 6 көпқабатты үйге енгізілген, жыл соңына дейін тағы 170 үйді енгізу жоспарлануда.