Қызылорда облысында менингококкты инфекцияға қарсы екпе жасау жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Республика орталығынан жеткізілген арнайы вакцина 50 адамға жетеді. Екпе облыс бойынша бір ғана мекемеде – Қызылорда қаласындағы №6 емханада жасалуда. Бүгінде оны екі адам қабылдады.
Менингит инфекциясы ауа тамшылары арқылы таралатыны белгілі. Сол себепті қатерлі дерттен екпе салдыру арқылы қорғануға болады.
Айта кетейік, Қызылорда облысында аталмыш дертке қарсы вакцинация алғаш рет қолға алынып отыр. Жұмыстарды арнайы инфекционист маман қадағалап отырады.
«Мүмкіндігінше екпе салдырған дұрыс. Менингитке қарсы вакцина бір айдың ішінде дертке қарсы иммунитет қалыптастырады. Сол себепті уақытты тиімді пайдаланған жөн. Дәл қазір емханамызға 50 екпе жеткізілді. Қажет болып жатса, қосымша тағы да алдыратын боламыз», – деді №6 емхананың бас дәрігері Жанат Қожарипова.
Екпені салу ақылы түрде жүргізіледі. Оның құны – 23 000 теңге. «Өзге өңірлермен салыстырғанда Қызылордада вакцина бағасы әлдеқайда арзан. Біз тұрғындарға ыңғайлы болу үшін осы бағаны бекітуді жөн санадық. Алдағы уақытта мүмкіндік болып жатса, тағы да арзандатпақпыз», – деді бас дәрігер.
Еске сала кетейік, Қызылорда облысында 27 жастағы азамат менингитке шалдығып, көз жұмған болатын.
Бұған дейін облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ұлбосын Аханаева Қызылорда менингококк инфекциясы бойынша қауіпті аймақ қатарына жатпайтынын мәлім еткен болатын.
Менингококкты жұқтыру деректері өңірде бұған дейінгі жылдары да тіркелген. Атап айтқанда, 2015 жылы 4 дерек – 1-і Жаңақорғанда, 3-еуі Қызылорда қаласында анықталған. Ал 2016 жылы – бір ғана жағдай тіркелсе, 2017 жылы ешбір оқиға кездескен жоқ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<