ҚЫЗЫЛОРДАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ӨКІЛДЕРІ СУ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

314

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ӨКІЛДЕРІ СУ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының  73-ші отырысында су ресурстарын пайдалану және қорғау мәселелері талқыланды. 3-4 мамыр күндері өтетін іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің салалық министрлік өкілдері қатысуда.

Қызылордада өтетін 73-ші мемлекетаралық  комиссия отырысына қатысу үшін Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, ҚР ауыл шаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Тәжікстан Республикасының энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Султон Рахимзода және Түрікменстан су және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Магтымгулы Байрамдурдыев жұмыс сапармен келді.

Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы 1992 жылда Орталық Азия елдерінің Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы мәселелері бойынша шешім қабылдау алаңы ретінде құрылды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов атап өткендей, биыл болжам бойынша аяқ су аз болады, сондықтан су ресурстарын мемлекеттер арасында үйлестіру мәселесі өте маңызды, әсіресе Сырдария өзенінің төменгі ағымында орналасқан Қызылорда облысы үшін өзекті болмақ.

Комиссия отырысында қатысушылар 2017-2018 жж. Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі  вегетацияаралық кезең қорытындысын талқылап, 2018 ж. вегетациялық кезеңде су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс кестесін бекітті, сондай-ақ, «Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын кешенді басқару пайдалану және қорғауына  ақпараттық-талдау қамтамасыз ету және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөнінде» Келісім жобасы бекітілді. Одан бөлек, қатысушылар мемлекетаралық комиссияның жұмысын одан әрі күшейту мәселелерін талқылап, комиссияның 74-ші отырысын өткізу бағдарламасы мен орнын келісті.

Түстен кейін отырыс қатысушылары Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы комиссия жұмысының көрші мемлекеттер арасында су шаруашылығы мәселелерін реттеудегі маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының құрылғанына 25 жыл болды. 1993 ж. 25 наурыз күні Мемлекет басшыларының Қызылорда қаласында өткен саммитінде қорды құру жөнінде шешім қабылданды. Жалпы алғанда, Орталық Азия елдерінің су ресурстарын бірлесе басқару жөніндегі әріптестігіне биыл тура 100 жыл болмақ, өйткені 17 маусым күні «Түркводхоз» – бұрын құрамында комиссия мүшелері болған Түркістан республикасының су шаруашылығы басқармасының құрылуына 100 жыл болады.

 «Арал теңізі мәселесі баяғыда жеке бір аймақ немесе елдің шеңберінен шығып, бүкіләлемдік деңгейдегі мәселе болды. Жағдайды жақсарту үшін су ресурстарын тиімді пайдаланып, су алу лимиттерін сақтау бойынша жұмысты әрі қарай күшейту керек. Осы мәселелер 15 наурыз күні Астана қаласында Мемлекет басшылардың кездесуінде талқыланды. Ал тамыз айында Ашхабадта Халықаралық Арал теңізін құтқару қорына қатысушы елдерінің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы жоспарлануда», – деп атап өткен облыс әкімі Мемлекет басшыларының отырысына орай комиссия жұмысын әрі қарай жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ұсыныс айтты.

Кездесуге қатысушылар комиссия отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның жұмысына барынша ықпалдастық жасалғанын атап өтті. Мәселен, Өзбекстан Республикасының Су ресурстары министрі Шавкат Хамраев суды пайдалану мәселелері Орталық Азия елдері үшін аса маңызды екенін және өз тарапынан осы салада әріптестік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін айтты.

Мемлекетаралық комиссияның 74 отырысы Ашхабад қаласында ү.ж. қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарлануда.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<