Қызылордалық өнертапқыштың жобасына жапондар жоғары баға берді

331

0

Қызылордалық өнертапқыштың жобасына жапондар жоғары баға берді Қызылорда қаласында тұратын өнертапқыш Ұлжан Әбуова жас адамдардың бейнесі мен дауысын ажыратып, өзіне міндеттелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап шыға алатын «Ақтөс» атты робот-күшікті құрастырып шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Ұлжан жас кезінен бұл салаға ерекше қызығушылық білдіріп келеді. Сол мақсатта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша білім алды. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде бағдарламалау шараларына ерекше назар аударған ол роботтехника саласына баса назар аударды. Осының нәтижесінде магистрлік диссертациясын қорғау кезінде осы жобаны ел назарына ұсынды.
«Оған «Ақтөс» деген атау бердім. Жобаны қорғау барысында бұл роботтың қалай жұмыс істейтінін көрсеттім. Алға қарай адымдап басатын робот микроконтроллермен сервомоторларды басқару арқылы құрастырылды. Жобамды күшік пішінді түрде жүргізуге мән бердім. Ол кедергілерден айналып өте алады. Қашықтықтан да басқару мүмкіндігі жасалған. Әрине, мен оны әлі де жетілдіру үстіндемін», – дейді Ұлжан Әбуова.
Алдағы уақытта роботтың дауыс пен бет әлпетті тани білуі үшін қажеті жұмыстар қолға алынып жатыр. Айта кетерлігі, оны үй күзетуге пайдалануға болады. Сырттан келген адамдардың бейнесі мен дауысын ажырата алады. Бұл жоба Жапонияда өткен халықаралық байқауда 22 жобаның ішінде үздік деп танылды. Оған сол елдің ғалымдары жоғары баға берді. Ұлжан Жапонияға барғанында ол елдегі робот құрастыратын компаниялардың жұмысымен танысып қайтты.
Қазіргі таңда Ұлжан Әбуова Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде дәріс беріп келеді. Ол өз шәкірттеріне роботтехниканың қыр-сырын үйретіп жүр.

Әділжан Үмбет    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<