Қызыр-Ордам –
Бақ қонған,
Жетпісімде –
Жас балаша
шаттанған:
Шешем –
Жарқын –
Тоқсан жасап Төріңде,
Әкем –
Кеткен:
Мәңгілікке –
«Аттанған»!
Сенен таптым –
Жаныма не керегін,
Жүрегімді –
Мейіріңе бөледім:
Сенде –
Алғашқы
Махаббатым –
Оянып,
Сенде туған –
Менің Тұңғыш
Өлеңім!
Тәркін көріп –
Темір-Бұғау –
Қарғының,
Өтті…
Кетті –
Өксік толы Зар-Күнің:
«Қызылдығың» –
Қалды Тарих Бетінде,
Ұйыған Қан –
Ұятындай Арлының…
Қосын жегіп,
Қамын ойлап –
«Өзгенің»,
Жаза басып,
Жаңсақ кеткен –
Кездерің,
Болған…
Бірақ,
Айнып –
Алтын-Қалпыңнан,
Атам-Қазақ –
Болмысыңнан –
Безбедің!
…Бүгін –
Бостан,
Ніл-Көк –
Аспан түстесің,
Ғаламати –
Ерен-Ғайып Күштесің:
Сүйінгеннен,
Дос –
Көңілін марқайтып,
Күйінгеннен
Дұшпан –
«Бармақ» тістесін!
Тауан тартып –
Тәуелсіздік Жолында,
Күй-Кешкенсің:
Ат –
Жалы,
Атан –
Қомында!
…Ұжымаққа –
Айнал,
Сырдың Бойын –
Иендеп:
Рухы –
Биік…
Ұлың-Қызың –
Барында!
Тасты –
Жарып,
Тау –
Қопарған,
Ұландар!
Көкті –
Шарлап,
Күн –
Барлаған,
Қырандар!
Ұландардың:
Амандығын –
Тілеңдер!
Қырандардың:
Есендігін –
Сұраңдар!
Құпия-Тылсым –
Құдіретің –
Жар Маған,
Танып-Білсін –
Ғажабыңды –
Бар Ғалам:
Ажарыңды –
Жырға қоссын –
Күллі Әлем,
Қызылордам –
Күй-Қиялым –
Арман-Ән?!
Қызыл-Ордам,
Қызыр-Ордам –
Киелім,
Тәубем –
Менің…
Талып –
Арқа-Сүйерім!
…Қайран –
Қылған…
Құдіретіңе –
Қорқыт-Құлданып:
Шаршау –
Шәуен…
Шайыр-Басымды –
Иемін!!!
Иран-Ғайып,
ақын,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<