ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

324

0

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ Ұстаздар күніне орай Қызылордада аймақтың үздік мұғалімдері марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақтың білім беру саласындағы жетістіктерін атап өтті.

«Біз білім беру саласына айрықша көңіл бөлеміз. Соңғы жылдары бюджеттен бөлінетін қаражаттың да ең көп бөлігінің әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бөлінуі – соның дәлелі. Биыл аймақтың 60% қаржысы әлеуметтік салаларға жұмсалды. Елбасының тапсырмасына сәйкес біздің өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілді, апаттық мектептер қатары жойылды және 3-6 жас арасындағы бүлдіршіндер балабақшамен 100% қамтылды.  Білікті де білімді ұстаздарымыздың арқасында дарынды оқушыларымыз шет елдерде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанып  жүр. Биыл мектеп бітірген түлектердің  97%-ы   жоғары және арнайы оқу орындарына түсті»,-деді облыс әкімінің орынбасары.

Кәсіби біліктіліктері үшін бірқатар облыс ұстаздары ҚР Білім және ғылым министрілігінің «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, министрліктің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, «Ұстазым, өтермін бір өзіңе басымды иіп…» тақырыбындағы бейнероликтер сайысының жеңімпаздары Арал ауданының №13 мектебіне, Қазалы ауданының №93 білім ошағына және Қызылорда қаласының №222 мектебіне бағалы сыйлықтар (ноутбук) табысталды.

Атап өтейік, 2018-2019 жаңа оқу жылында аймақтағы 293 мектепте 20 466 мұғалім жұмыс істейді, ал оқушылар саны – 153 541-ды құрап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік ұстаздар күні 1994 жылдан бастап жыл сайын 5 қазанда атап өтіледі. 1966 жылы мұғалімдердің мәртебесі туралы ЮНЕСКО / ХЕҰ ұсынысына қол қойды. Бұл күн Біріккен ұлттар ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ), Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ), Халықаралық еңбек ұйымы және Білім беру интернационалымен бірлесіп құрылған. Қазақстанда мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

 Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер салынады. 5 жылдың ішінде облыста 45 мектеп, оның ішінде 37-сі апаттық мектептің орнына салынды. Қазіргі таңда аймақтағы орта мектептердің 100 пайызына кеңжолақты интернет тартылып, электронды «Күнделік» жүйесіне қосылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<