Қызылордада салынып жатқан шыны зауыты – еліміздегі ең ірі индустриялық жобалардың бірі. Оның құрылысын «Orda Glass» ЖШС қытайлық «China Triumph International» компаниясымен бірлесіп жүргізуде.
«Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі күні аталған нысанда орналасқан төрт кешенде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Атап айтқанда, металл құрастыру, бетон құю, су резервуарын, насосты станция орнату, ішкі инфрақұрылым желілерін тарту сияқты тірліктер толастамайды. Тасымалдаушылар біртіндеп құрылыс материалдарын, құрал-жабдықтарды әкеліп жатыр.
– Жұмысқа 200-дей адам тартылған болса, соның шамамен 80 проценті – жергілікті тұрғындар. Алдағы бір ай ішінде жұмысшылар саны тағы 100 адамға, соңында 500-ге дейін көбейеді. Ал зауыт іске қосылған кезде 226 адамды еңбекпен қамту көзделген. Одан бөлек, аутсорсинг жұмысына 500 шақты адам керек болады, – дейді Ержан Сағымбаев.
Шыны зауыты бізге таңсық. Сондықтан бұл кәсіптің қыр-сырын біразға дейін шетелдіктерден үйрене тұруға тура келеді. Өзіміздің мамандарды шет елдерде оқыту жоспарда бар. «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы бізбен әңгімесінде қазірдің өзінде осында жұмыс істеуге ынта білдіріп жатқандар барын жеткізді. Ал объект басындағы азаматтар басталған істі аяқтау үшін уақытпен санаспай еңбек етуде. Ол үшін еш кедергі жоқ, барлық мәселе шешілген.
Жалпы, зауыт жылына 197 мың тоннадан астам табақша шыны шығармақ. Ең бастысы, шыны өндірісіне қажетті шикізаттың 95 проценті өзімізде бар. Кварц құмы, доламит пен әк тасы Арал ауданынан жеткізіледі. Кальцийлендірілген соданы да болашақта алыстан арбаламай-ақ «Аралтұз» АҚ-мен бірге облыста өндіру жоспарланып отыр.
Қызылорда қаласындағы индустриалды аймақта салынып жатқан шыны зауыты толық іске қосылған кезде соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауытқа айналмақ. Әзірге мұндай кәсіпорын тек Жапония мен Қытайда бар. Мұнда «Apple», «LG», «Nokia» сынды ірі компаниялар шығаратын планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке шынылар өндірілетін болады. Одан бөлек, микроскоп пен дүрбі үшін өнімдер шығару қолға алынбақ.
Ержан Сағымбаев аталған объект жыл соңына қарай іске қосылатынын айтты. Бұл туралы облыс әкімі «Qyzylorda» телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасында да мәлімдегені белгілі.
– Қазір шыны зауытының аумағында 8 қосалқы мердігер компания жұмыс атқаруда. Шілденің басында пеш жағылады. Технология бойынша үздіксіз өндірістің алдында пеш 3 ай бойы қыздырылуы керек. Сондықтан жыл соңына қарай алғашқы өнім алынбақ, – деді аймақ басшысы.
Оған қоса стратегиялық инвестормен келіссөздер аясында өте жұқа шыны өндірісі де өрістейді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<