Үздік тауар өндірушілер анықталды

368

0

Үздік тауар өндірушілер анықталды Сенбі күні облыс әкімдігі және кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары – 2018» облыстық көрме-байқауы өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қатысып, көрме жұмысымен танысты. Сондай-ақ, жеңімпаз кәсіпкерлерді марапаттады. Байқау үш аталым бойынша өтті. Оған қатысуға биыл 34 кәсіпкер ниет білдірсе, 9 кәсіпкердің өнімі жеңімпаз деп танылды. Сонымен, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымын өнеркәсіптік труба өндіретін «Қазақстанның Мұнай Химиялық «Кемикал» компаниясы» ЖШС, 2015 жылдан бастап бетон өнімдері мен тротуарға арналған брусчатканың түр-түрін өндіретін, бүгінде лего кірпіштерін шығаруды қолға алған «Асем тас» ЖШС, арнаулы жұмыс киімінің 50-ден астам түрін ұсынып отырған  «Жанзере» ЖШС иеленді.
  Ал,  «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша айына 11 мың дана ерлер жейдесін тігіп,  еліміздің ғана емес Ресейдің нарығына шыққан «DALATEX» ЖШС,  Шиелі ауданы, Бестам ауылдық округіндегі музыкалық құралдар әзірлейтін жеке кәсіпкер «Нариман» және текстиль өнімдерін өндіретін «Сұлтан Сүйрік» ЖШС жеңімпаз деп танылды.
Жылына қуаттылығы 500 мың тоннадан астам тұз өндіретін  «Аралтұз» АҚ, ТМД,  Батыс Еуропа елдерін балық өнімдерімен қамтып отырған «СПК ҚЫЗЫЛОРДА БАЛЫҚ» ЖШС және 6 айда 25 тонна сафлор майын өндіретін «AB INVEST GROUP» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының жеңімпаздары болды.
Шара аясында облыстың өзге де тауар өндірушілері халыққа өз өнімдерін ұсынды. Азық-түлік, тігін бұйымдары, кәдесыйлар мен қолөнер бұйымдары, ұлттық нақыштағы киімдер мен астаулар секілді дүниелерді осы көрмеден тамашалап, ұнағанын төмен бағаға алуға болады. Айта кететін жайт, көрмеде  «Бастау» жобасына қатысып, білімін жетілдіріп, кәсібін ашқан жандар да бар. Олар да  алған білімінен нәтиже көрсетіп, өнімдерін халыққа ұсынуда.
–  2016 жылы қатысушылар саны – 17, 2017 жылы 22 болған. Көрсеткіш көрсеткендей, жыл өткен сайын аймақ кәсіпкерлері көрме-байқауға белсенді қатысуда. Өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бастамасы 3 жылға созылатыны белгілі болды. Бұл кәсіпкерлерге жасалған қолдау мен үлкен мүмкіндік. Осыған орай, облыста кәсіпкерлер қатары жыл сайын артатынына сенемін, – деді кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Шара соңында облыстық көрме-байқауға өнімдерін әкеліп, белсенді қатысқан кәсіпкерлер марапатталды.
Айта кету керек, облыстық көрме-байқау жеңімпаздары осы жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық көрме-байқауға қатысады. Биыл республикалық байқау жеңімпаздарын анықтау құралдарының бірі ретінде онлайн-дауыс беру жүйесі де енгізілген.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<