Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің бірлескен отырысында ел тұрғындарының өміріне тікелей әсер ететін, әлеуметтің әлеуетін арттыра түсетін бес бастама қабылдағаны белгілі. Бүгінде республика көлемінде «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының» бағдары бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр. Оның ішінде Сыр өңірінде де іргелі жобалар қолға алынып, нақты істер жүзеге асырылуда.
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының облыста іске асырылу барысы туралы мәжіліс өтті. Өңірімізге «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов арнайы келіп, бағдарлама бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, мәжіліске «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, тиісті министрліктер мен орталық басқарушы орган өкілдері, саяси партия жетекшілері мен белсенділері, Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, белсенді жастар қатысты.
Елбасының бес бастамасы елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындағаны белгілі. Жиында облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, Президенттің тікелей мұрындық болуымен іске асып жатқан бес әлеуметтік бастаманың орындалу барысы туралы баяндады.
Өңірде соңғы жылдары мұнай өндіру көлемі күрт төмендеп, облыстың мұнай-газ саласында күрделі ахуал қалыптасты. Жылдағыға қарағанда өнім көлемі шамамен 4,6 млн тоннаға кеми түскен. Республика бойынша аталған табиғат байлығының қысқарған көле¬мінің 70%-і Сыр елінің үлесіне тиесілі. Аймақта қалыптасқан бұл жағдай инвестиция, жұмыс орындары мен бизнеске тікелей қатысты. Сондай-ақ биыл өндірілетін мұнай көлемі өткен жылғыдан 600 мың тоннаға дейін қысқаруы мүмкін екені болжанып отыр.
Аймақ басшысы экономикадағы аталған жағдайға қарамастан басты мақсат шикізаттық емес секторды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру екенін атап айтты. Жоспарланған нақты шаралар нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста соңғы 4 жылда алғаш рет мұнай өндірісі және уранның жылдық төмендеуін ескере отырып ішкі аймақтық өнім бойынша жағымды векторға қол жеткізілді. Осы жылдар ішінде өңдеуші өнеркәсіпте өндірістің өсуі 56% -дан асқан.
Осы саладағы еңбек өнімділігі ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 10% -дан асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есе өсті. Тұтастай алғанда, барлық макроэкономикалық көрсеткіш және инвестициялардың көлемі(117,2%), құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде (102,7%) және т.б. салалардың дамуында динамика бар. Аймақта ішкі аймақтық өнім бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 2,5%-тен 3,7%-ке ұлғайған. Тек биылғы жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 85%, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 2,7%, азық-түлік өнімдерін өндіру 15%-тен астам, ал ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 66%-ға өсті.
Сондай-ақ жыл соңына дейін өнеркәсіптік өндіріс көлемі артып, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі ұлғаятын болады.
Қазіргі таңда өңірде әлеуметтік тұрақтылық қалыпты деңгейде, бағалардың көтерілуіне қарамастан бөлшек тауар айналымында оң үрдіс байқалады. Экономикадағы қалыптасқан жағдай жұмыссыздықтың 4,8% деңгейін бір жылдан астам ұстауға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш республикалық орташа көрсеткіштен де біршама төмен.
Бұл жағдайда Елбасы ұсынған Бес әлеуметтік бастама аймақ дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатыны сөзсіз. Аймақ басшысы ең алдымен, Елбасы бастамасы – тұрғын үй сатып алу үшін қолайлы жағдай жасағанын атап өтті.
– Соңғы 2 жылдың мұғдарында облыс бойынша мемлекеттік қаражат пен жеке құрылыс салушылардың есебінен 500 мың м2-ге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.
2017 жылы біз апатты тұрғын үйлердің мәселесін толықтай шештік. Бүгінде Қызылорда облысында апатты жағдайдағы тұрғын үй жоқ деуге толық негіз бар. Біз бұл жұмысты 2013 жылы бастадық, содан бері апатты үйде тұрып жатқан 500-ден аса тұрғынды жайлы да жаңа баспанамен қамтамасыз еттік.
Қазіргі сәтте, Қызылорда облысының аумағында 1726 пәтерді құрайтын 42 көқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл соның кем дегенде, 36-ын қолданысқа береміз. Оның ішінде, Сырдарияның сол жағалауынан салынып жатқан жаңа қалада тұтас бір шағын ауданды – яғни, 16 көп қабатты тұрғын үйді ел игілігіне ұсынамыз, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде облыс бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде атқаруға дайын деуге болады. Сонымен қатар бұл бастаманы іске асыруда нарықтағы бұрын қолданыста болған тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігін де қарастыру көзделген. Жеңілдікпен несие беру, бұл мақсатқа жетудің құралы ғана, ал негізгі мақсат – баспанаға мұқтаж азаматтарды мейілінше тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Сондықтан биыл аймақ тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Орда» тұрғын-үй құрылысының Жол картасы әзірленген. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарды тұрғын-үймен қамту.
Елімізде әрбір тұрғынға қатысы бар әлеуметтік маңызды бастаманың бірі – жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жағдайы. Бұл бағыттағы жұмыстар 2014 жылдан бері жалғасып, нәтижесінде мектеп түлектерін ең үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқытуға мүмкіндік туды.
– Бүгінде Қызылорданың 452 білімді жасы Ресей Үкіметінің грантымен Мәскеу және Санкт-Петербургтің үздік техникалық ЖОО-да білім алуда. Осы айда «Мәскеу болат және құймалар институтының» және Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық өсімдік полимерлер университетінің алғашқы 62 студенті дипломдарын қолдарына алып, елге оралады, ал 13 студент ары қарай білімін магистратурада жалғастырмақшы.
Сонымен қатар, жыл сайын ауылдық жерлердегі көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлерге облыс әкімінің 100 гранты бөлініп келеді. Биылғы жылдан бастап, облыс әкімі грантының санын 205-ке жеткіздік, бұл ретте олардың 70% ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінеді. Жалпы алғанда, бүгінде аталған грантқа 900 адам ие болып отыр, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев жыл сайын қызылордалық түлектерді Татарстанның «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісімге келіп, «Сколково» инновациялық орталығымен келіссөз жасалғанын атап өтті.
Биылдан бастап қызылордалық жастарға Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына «Киберқауіпсіздік» және «Процесстерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша 20 грант бөлінеді. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың Парламентаралық Ассамблеясына қарасты университетпен Меморандумға қол қойылып, өңірдегі үздік мектеп түлектеріне жыл сайын 10 білім беру грантын бөлу туралы келісімге қол жеткізілген.
Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша жатақханаларға қажеттілік 1525 орынды құрайтын болса, оның ішінде 975 орын мемлекеттік оқу орындарына, 525 орын жекеменшік білім ордаларына қажет. Бұл орайда облыс әкімі 5 мемлекеттік және 3 жекеменшік колледж үшін жаңа жатақханалар салу мақсатында жалпы ауданы 11,5 га жер телімі бөлінетінін атап өтті.
Бес бастаманың бірі – шағын несие беру көлемін арттыру. Жалпы шағын және орта бизнесті қолдау өңірдегі салық базасының ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының құрылып, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақталуына жол ашады. Облыста жыл басында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны 97 538-ге жеткен. Ал жұмыссыздар қатарын азайтып, елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттырудың бір шешімі – шағын және орта бизнеске қолдау көрсету.
– Облыстық әкімдік, мәслихат, «Нұр Отан» партиясы, Қоғамдық кеңес пен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімі бойынша біз 2018 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жарияладық. Осы мақсатта кешенді «Жол картасын» әзірледік. Оны іске асыруға жалпы есебі 32 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 3 млрд. теңге стартап жобаларға бөлінеді.
Жүйеленген нақты жұмыстардың нәтижесінде, соңғы бір жылдың ішінде облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11%-ға өсті. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында көшбасшы позициясына көтерілгенін мақтанышпен айта аламыз. Алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді ескере отырып, алдағы 2 жылды да «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялауға шешім қабылдадық, – деді облыс әкімі.
Бесінші бастама елді газдандыру мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі күні облыс тұрғындарының 63 проценті табиғи газды тұтынып отыр. Өткен жылы Қызылорда қаласы және 4 аудан орталығы көгілдір отынмен қамтылды. Сондай-ақ, былтыр Байқоңыр қаласына газ берілді. Биыл қалған 3 аудан орталығына, атап айтқанда, Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кентіне газ жеткізу көзделсе, мұнан кейін елді мекендерді газдандыру көзделген.
Бастама ұсыну барысында Мемлекет басшысы Орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру үшін Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана магистральды газ құбырын салуды ұсынды. Өткен жылы Қызылорда облысында «Қараөзек» жоғары технологиялы газокомпрессорлы станциясы пайдалануға берілді. Ол Астана мен солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында жұмыс істемек.
Облыс әкімі Астананы газдандыру жұмысы Арал жерінен бастау алуы өңірге жаңа инвестиция тарту үшін таптырмас құрал екенін атап өтті.
– Ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтуға зор пайдасын тигізбек. Аталған жоба бойынша аймақ өз міндеттерін орындады. Жер учаскелері бөлінді, жұмысшы кадрлармен қамтамасыз етуге де дайынбыз. Бізде енді тек бір ғана тілек бар: жобаны жүзеге асыратын компания өзінің филиалын облыс аумағында тіркеп және мүмкіндігінше біздің жергілікті кадрларды жұмысқа тартса дейміз, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта өңірде барлық сала бойынша тұрақты даму бар. Дегенмен, облыс әкімі қазіргі жағдайға тоқмейілсімей, замана көшіне ілесіп, даму үрдісін одан әрі жалғастыра беру керектігін айтты.
Бес әлеуметтік бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне басымдық берілген. Жиында осы бағыттағы атқарылған жұмыстар турасында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова хабарлама жасады.
Қазіргі таңда облыстағы 30 техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орындарында 22 480 студент білім алуда. 2018-2019 жаңа оқу жылына техикалық және кәсіптік білімі бар кадрлар дайындауға арналған 3108 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде орналастырылып, 71 мамндықтың 13 мамандығы және 11 біліктіліктің 30 біліктілігі жаңадан енегізілген. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру жобасы» жүзеге асырылып келеді. Мұнан кейін Ақзира Бақтыбайқызы студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне тоқталып, облыс орталығында және аудандардағы колледждерде осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Жалпы 30 колледждің ішінде 16 мемлекеттік колледждің бесеуінде, жекеменшік 14 колледждің алтауында жатақхана жоқ. Біреуіне қосымша жатақхана құрылысын салу қажет. Жалпы жатқханаға қажеттілік 1525 орынды құрайды. Жоспарға сәйкес, бұл мәселенің шешімін табу үшін студенттер биыл 75 орынмен, 2019 жылы 700 орынмен, 2020 жылы 500 орынмен, 2021 жылы 200 орынмен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған, – деді ол.
Жиында республика бойынша соғылатын барлық жатақхананың негізгі ұйымдастырушысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының президенті Асқар Ибраимов еліміз бойынша жатақхана құрылысының жай-күйі туралы баяндады.
Елбасының шағын несиені кеңейту жөніндегі төртінші бастамасы – халық табысының еселенуіне және әрбір қазақстандықтың өмір сапасының жақсаруына ықпал ететін анық. Жиында шағын несие беруді көбейту барысы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Жеңісбек Дулатов және Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Шыңғыс Ахметов қосымша хабарлама жасады. Ал Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жұмыстарының барысына «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қанат Құрманғалиев тоқталып өтті.
Президенттің бес бастамасын іске асыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Жиын барысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Тұрсынұлы Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үздіктердің бірі екенін атап айтып, Сыр еліндегі атқарылған жұмыстар ауқымды екенін жеткізді.
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасын тиімді іске асыру мақсатында Үкімет барлық қажетті іс-шараларды қабылдады. «7-20-25» бағдарламасы толығымен бекітіліп, қазіргі таңда шамамен 1 млрд теңгеге ипотекалық несие берілді. Бағдарлама басталғаннан бергі бір айда республика бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 420-дан астам өтініш мақұлданды. Бағдарламаның іске асқанына көп бола қойған жоқ, сондықтан Сыр елінде Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаланың салынуына орай, бұл бағдарлама тұрғындар үшін тиімді болар деген ойдамын. Сондай-ақ, бұл тұрғыда «Орда» бағдарламасы бекітіліп, сәтті тәжірибе жүзеге асырылып жатыр екен. Бұл несие алушылардың аясын кеңейтуге және аталған бастаманы сәтті іске асыруға септігін тигізетіні анық. Мұндай бастама әзірге тек Алматы мен Қызылорда облысында бар. Мұндай тәжірибені өзге де облыстарға да тарату керек деп есептеймін, – деді ол.
Бақытжан Жұмағұлов егемендік алған жылдардағы Сыр елінің жағдайына тоқталып, қазіргі таңда облыстың ерекше қарқынмен дамып, өзгергенін баса айтты. Расында, тәуелсіздік алар тұста Елбасы алдында бірі – Қызылорда облысын тарату, екенішісі – Арал ауданы көшіру туралы туралы жарлықтың болғаны мәлім. Бүгінде Сыр елі әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан республика бойынша үздік бес аймақтың бірі.
Жиын соңында облыс әкімі «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру – еліміздің даму көкжиегін кеңейтіп, жұртшылық үшін пайдалы жобалардың іске асуына үлкен мүмкіндік беретінін, сондықтан халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру қажеттігін жауапты тұлғаларға тапсырды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<