Қызылорда қаласында ет өнімдерін өндіретін тағы бір заманауи «Смағұл» мал бордақылау алаңы іске қосылды. 300 миллион теңгелік жоба «Алтайбаев» ЖК есебінен жүзеге асырылып отыр. 3 мың шаршы метрлік цех тәулігіне 50 бас мал сою пункті мен 200 бас мал бордақылау алаңы бар.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аясында ашылған өндіріс орны 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтығалы отыр. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Қала әкімі бұған дейін де маңызды жобаларды жүзеге асырып, өңіріміздің экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосып жүрген жеке кәсіпкер Таңат Смағұловқа алғысын жеткізді.
Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде Елбасының осы салаға жасаған зор қолдауы мен «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын өркендетуде өрелі істер мен тың жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, соңғы екі жылдың өзінде өңірде мал шаруашылығын дамытуға тартылған қаржы көлемі 700 млн теңгеге жетті. Ауқымды жұмыстардың арқасында, мал саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 мың басқа артқан. Оның ішінде мүйізді ірі қара 114, жылқы 107, түйе 102, уақ мал 109 % артып отыр.
Қалада ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің саны 27-ге жетті. Оның ішінде мал бордақылаумен айналысатындары – 18. Осы жұмыстар арқасында ет өндіру 110 процентке жеткен. 2017-2018 жылдары ауыл шарушылығы өндірістік кооперативтері «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 495 млн 800 мың теңгеге ет және сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын сатып алып, қазіргі таңда қала халқына қолжетімді бағада өз өнімдерін ұсынып келеді.
Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<