«Көпір салған сауап арқалайды» деген бар. Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде талайдан бері шешімін таппай келген көпірге қатысты күрмеудің түйіні тарқағанын жұрт жақсы біледі.
Қаншама халықтың қатынас жолын ашқан көпір құрылысы бір ғана Сырдария ауданында қандай қуанышпен ашылды. Міне, сондай игілікті іс Қазалы ауданында да қолға алынуда. «Қазалы-Көларалық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» автомобиль жолының «Әлсейт» учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысының іске қосылуын осы беткейдегі тұрғындар тағатсыздана тосуда. Бұған дейінгі қалқымалы көпір күзгі және көктемгі су тасқыны, сең қозғалысы туындаған сәттерде жұртшылыққа елеулі қиындық туындататын. Бұл жерден Қазалының Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына қоса Арал ауданының да әлденеше елді мекендерінің тұрғындары қатынайтынын ескерсек, көпірдің қаншалықты маңызды екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Сең көшкен, ел аузында абыржы атанып кеткен кезеңде қалқымалы көпір жұмысын уақытша тоқтататындықтан жұртшылық шын мәнінде абыржуға түсетін. Енді бұл тығырықтан шығар жол табылмақшы.
«Қазіргі таңда жоба құны 2 791 млн теңгені құрайтын Сырдария өзені бойында орналасқан Әлсейт көпірінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылдың қыркүйегінде басталған нысан келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда көпірдің астыңғы тірек бөліктерін бұрғылап, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті жоғары кернеулі электр желісі тартылып, қосалқы электр стансасы орнатылды. Көпірде екі жолақты автокөлік жүретін жүріс бөлігі, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар қаралған. Мердігер мекеме «КА-Строй ЛТД» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы «CК-Энерго-OIL» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Тека-Проект» ЖШС болып белгіленген» дейді мамандар.
Әрине, күн санап еңсе көтеріп келетін бұл көпірдің құрылысы көптің көңілін де сергіте түскендей. «Әлсейттегі» көпір құрылысы басталғалы халықтың шаттығында шек жоқ. Олай болуы орынды. Қазалы мен көршілес Арал ауданынан он мыңға жуық тұрғын қатынап, жол азабын тартып жүргендігі белгілі. Тұрғындарға, әсіресе абыржыда қалқымалы көпірден өтіп, аудан орталығына бару қиямет болатын. Сонау Басықара жақпен айналып жүруімізге тура келеді. Көпір құрылысы толық аяқталғанда бұл қиындық ұмыт болатынына сенімдіміз. Жаңа өткел жаңа өмір тынысы іспетті. Сондықтан халыққа үлкен жағдай жасап, қаншама күрмеулі мәселенің шешімін тауып отырған облыс, аудан басшылығына алғыс білдіреміз» – дейді Бекарыстан би ауылының тұрғыны Сағындық Құтпанбетов.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<