Әлем экономикасы жаңа техника мен озық технологиялар дәуіріне аяқ басты. Елбасы биылғы Жолдауында төртінші технологиялық революция кезеңіне лайық болуымыз керектігін баса айтты. Былтыр Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі қайта жаңаратын баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін көрсету үшін маңызды алаң болды. Қазақстанның «жасыл» экономиканы енгізудегі талабын әлем мемлекеттері қолдады. Қазір осы «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған 7 технологияны аймақта енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мамандарының айтуынша, бұл технологиялардың төртеуі атом өнеркәсібінде – «Қызылқұм», «РУ-6», «Байкен-U», «Семізбай-U» серіктестіктерінде енгізілуде. Сол секілді екі технология экология саласында, яғни «Барсакелмес» қорығы мен орман шаруашылығында және біреуі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша КРЭК компаниясында жүзеге асырылмақ.
Қазір Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме Австриялық «СаниБак» (SunnyBAG) компаниясының күн сәулесімен қуаттанатын рюкзактарының 10 данасын пилоттық жоба ретінде сатып алып, қызмет барысында пайдалануда. Сонымен қатар, «Барсакелмес» қорығы Англияда шығарылған электронды қарғыбауларды жануарлардың жүрген жерлерін анықтау үшін сатып алуды жоспарлап отыр. Осыған орай, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан 20 қарғыбау сатып алуға 2019 жылға тиісті бюджеттік тапсырыс берілген.
Ал «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» «Смард Грид» таза өндіріс технологиясын енгізу мақсатында «Siemens» өкілдігімен осы жылдың ақпан айында меморандумға отырды. Атап өту қажет, жобаны Еуразия Даму Банкі арқылы қаржыландыру жоспарланған.
Сонымен қатар, атом өнеркәсібі саласында финдық «Энергия үнемдеу жүйесі» жобасын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылдың 7 желтоқсанында «РУ-6» ЖШС мен алматылық «Delta Eng» компаниясы арасында меморандумға қол қойылған. Бүгінгі күні бұл компания аталған технологияны Қазақстанда қолдану үшін рұқсат-патент алу процестерін жүргізуде. Процестер аяқталған соң «Delta Eng» мен «РУ-6» ЖШС арасында алдын ала техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеу және «РУ-6» нысандарын зерттеу, келісім шартқа отыру басталады.
«Байкен-U» ЖШС финдық «Econet» компаниясының «Ағынды суларды кешенді тазалау» технологиясын енгізу мақсатында егжей-текжейлі талдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бұл технологияның экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты енгізуден бас тартты. «Қорасан» серіктестігі финдық «ПоларСол» (PolarSol) компаниясының «Жылуды интеллектуалды басқару жүйесі» технологиясын сатып алу үшін тиісті келісім жобасын дайындаған. Қазір, оны екі тарап талқылауда.
Мұнан өзге, «Семізбай-U» серіктестігі гелиоколлекторларды қолданатын қазандықтарды сатып алып, кеніштерде пайдалануды жоспарлап отыр. Гелиоқазандықтардың құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттарды дайындауға «ИВТ» серіктестігімен келісімге қол қойылды.
Шаруашылықтың барлық салаларында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру энергетикалық, экологиялық және экономикалық проблемалар кешенін шешетін басымдықтар саналады. Бұл жұмыстар біздің өңірімізде де осылай қолға алынып отыр.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<