«Бастау» жобасына қатысушылар 1 ай мерзімде 12 модуль бойынша білім алады. Модульдер енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. «Бастауды» үздік тәмамдап өз жобасын сәтті қорғағандар 19 млн. теңгеге дейін жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыруға және бизнес ашқан соң жан-жақты қолдауға ие болады.
Жаңақорған ауданында да аталмыш жоба бойынша аудан тұрғындары бизнес сауаттылығын арттырып, өз кәсіптерін ашқан.
Бұл туралы «Бастау» жобасының Жаңақорған ауданы бойынша үйлестірушісі Заура Қарабалаева: «2017 жылы Жаңақорған ауданында 195 азамат оқытылып, оның 140-ы өз жобасын қорғап шықты. Оның 108-інің жобасы қаржыландырылды. Бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Ахметов өткен жылы «Бастау» жобасын сәтті бітіріп, өз кәсібін ашты. Жобаға қатысуға сұраныс көп», – дейді.
Балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, қашау, шапқы, егеу, пышақ секілді бұйымдар бұл Данияр Ахметовтің күнделікті еңбек құралы. Бұл құралдармен Данияр ағаштан көркемдеп бұйым жасайды. Жаңақорғандық азаматтың бұл кәсіппен айналысып, отбасын асырағанына да 10 жылдан асты. Дегенмен, еңбек өнімділігін арттыру үшін бұл құралдар жеткіліксіз. Сондықтан шебер Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алып, «Бастау» жобасы аясында оқиды. Жобасын сәтті қорғаған аяқ ұстасы 2,5 млн.теңге несие алып, қажетті құрал-саймандарын алады.
«Бұл жұмысымның тез жүруіне сеп болды. Қасымда 1 жұмысшы бар. Екеуміз күнде тапсырыс қабылдаймыз. Балабақшаға қол жуғыштар, өзге де түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасаудамыз», – дейді кәсіпкер.
Данияр бүгінде ағаштан ойып, қол жуғыш, сандық, үстел, кітап сөрелері сынды түрлі бұйымдар жасайды. Алдағы жоспары үлкен ағаш шеберханасын ашу. Аудан тұрғындарынан түскен тапсырысты дер кезінде орындап, қызмет аясын кеңейту.
Айта кету керек, биыл Қызылорда облысында «Бастау» жобасы аясында 1600 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 250-і жаңақорғандық.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<