Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ

1041

0

Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ Жалағашта жүйелі іс бар. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреген аудан бүгінде қайнаған еңбектің қайнар көзі іспетті. Өйткені, мұнда жыл өткен сайын мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жаңа бастамалар қолға алынып, оң нәтижесін беруде. Бұған біз Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен кезекті баспасөз турында көз жеткіздік.
Жылыжайдың иесі – студенттер
Бірінші болып аудан орталығында орналасқан Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің жұмысымен таныстық. Байқағанымыздай, аграрлық саланың әлеуетін арттыруды көздейтін арнаулы оқу орнына ерекше қолдау көрсетілген. Мұнда «Ферма шаруашылығы», «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары», «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мен «Дәнекерлеу ісі» секілді мамандықтар бойынша болашақ кадрлар дайындалуда. Жуырда колледж жанынан жылыжай да ашылыпты. Ол өткен жылы БҰҰ Даму бағдарламасымен мемлекеттік грант негізінде орнатылған. Соның арқасында білім алушылар жылыжай ісіне жіті мән беріп, отандық көкөністің сұранысқа шығуына үлес қосқысы келеді. Колледж директоры Ғани Серікбаевтың айтуынша, қазір мұнда 360 түп қияр, 260 түп қызанақ, шалғам, аскөк, ақжелкен егіліп, бастапқы өнімін бере бастаған.
– Жобаның құны – 3,2 млн теңге. Жылыжай ұзындығы 27 метрді құрайды. Өздеріңізге белгілі, жылыжайда көкөніс өсіру – көп еңбекті қажет ететін процесс. Жемістің әр түрін өсірудің өзіндік құпиясын меңгеру қажет. Бұған біз студенттерді тартудамыз. Өндірістік шеберлер олардың бұл дүниелерді көзбен көріп, қызығушылық танытуына ықпал жасауда. Сырттан келетін көкөніс өнімдерінің орнын өз жерімізден шыққан өнімдермен алмастыруды ойлаймыз. Ұтымды технологияның арқасында жыл он екі ай бойы көкөніс өндіріп, тұтынушыларға ұсыну мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұған қоса колледжде Фермер мамандығы «Жеміс және көкөніс өсіруші» біліктілігі бойынша оқып жатқан студенттер “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында жұмысқа орналаса алады, – дейді Ғ.Серікбаев.
Иә, қыстың қытымыр суығында жылыжай температурасын бірқалыпты ұстап, өнімді тоңдырып алмау үлкен еңбекті қажет етеді. Аңдамай басқан бір қадам құрдымға кетіретіні де жасырын емес. Бұл ретте колледж оқытушылары тек жалғыз ғана дауаның барын айтады. Ол – таза ниет, тынымсыз еңбек. Міне, осы екеуін ұштастырған студенттердің осындай игі істі үйренуі болашақта қоғамға пайдасын тигізбек.
«Тәтті» бизнес
Кентте табысты кәсіпті тізгіндегендер де бар. ЖК «Гаюпова» кондитерлік цех, наубайханасы бүгінде туған күн, үйлену тойы, басқа да салтанатты дастарханның сәнін келтіріп, тіл үйірер дәмімен есте қалатын тағамдарымен көпке танымал. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізген кәсіпкерлік нысанында 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ерекше кәсіп түріне серпін берген Әйгерім Каюповамен тілдескенімізде, ол өнімдердің аудандағы мектеп, балабақшаларға ұдайы жеткізіліп отыратынын айтты.
– Тәттіден бас тартатын адам жоқ шығар. Себебі, оны балалар ғана емес, ересектер де сүйсініп жейді. Біздегі кондитерлік өнімдер көлемі, дәмі, безендірілуі жағынан бір-бірінен асып түседі. Бағасы да қолжетімді. Бүгінде наубайханадан 500-ге жуық нан өнімдері шығарылады. Өмірде мақсатсыз адам болмайды, менің де алға қойған басты мақсатым – осы кәсіпті кеңейту арқылы аудан дамуына серпін беру, – дейді кәсіпкер.
Сатып алушыларының алғысына бөленіп, қуанышына ортақтасуды мақсат ететін кейіпкеріміздің алдағы уақытқа жоспары көп. Ең бастысы, ол мемлекеттің идеясын игілікке айналдыруына мүмкіндік бергеніне қуанышты.
Ризығын малдан тапқан
Бұдан бөлек, біз ауданға қарасты Аққұм ауылдық округіне ат басын бұрып, мал шаруашылығын шалқытып отырған «Нұрболат» қожалығының жұмысына қанық болдық. Шаһар атаулыдан шалғай отырса да, тірлігін дөңгелетіп, мал өсіріп, бейнетіне көніп, зейнетін көріп отырған кәсіпкер Нұрболат Абдраманов бұл істі отбасымен бастаған. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, бүгінде олар еңбектің көзін тапса, пайда табуға болатынын дәлелдеуде. Қожалықта 58-тен астам мүйізді ірі қара бар. Мұнда мал басын асылдандыру, бордақылау қолға алынған. Мемлекет көмегіне иек артқан кәсіпкер бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, одан нәтиже шығаруды көздейді. Алдағы күндердің еншісіне белгілеген бірнеше жоспары бар. Орайы келсе, басқа да кәсіп түрлерін дамытып, ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтуды ойлайды. Шаруаның басын біріктіріп, ауыл-аймаққа үлгі боларлықтай еңбек етіп жатқан кәсіпкер өмірдегі бар қиындықты еңбек жеңетінін қаперден шығармақ емес.
Алма бағы пайда болады
Ары қарай сапарымыз Т.Жүргенов ауылында жалғасты. Мұнда халқын тұрмыс түйткілінен ада еткен азамат бар екен. Ата қонысын, туып өскен жерін түлетуге меценат, «Құрманбай ата» шаруа қожалығының иесі Еркін Бекжанов талай жылдан бері күш салып, елдің рухани жаңғыруына үлес қосып келеді. Жуырда кәсіпкер өз қалтасынан 20 млн теңге қаржы шығарып, ауыл іргесінен арнайы жер алып, 13 түп мың алма ағашын егуге кіріскен. Өсіп-өнген өлкесін өркендетуді мақсат қылған кәсіпкер еңбегін ауыл ақсақалдары да жоғары бағалап, ақ батасын беруде. Шынында, миллиондап табыс тапса да, таразы басына абыройды жоғары қойған азаматтың туған жері үшін жасаған бұл ісі үлгі боларлық.
– Кеңес үкіметі кезінде осы ауылда алма бақ болған. Кейін қараусыз қалғандықтан ізін де таппай қалдық. Мен сол бақта бағбан болған едім. Қазір қуанышымда шек жоқ. Ісімізді Еркін деген азамат жалғастырып жатыр. Қаншама адамға жұмыс тауып берейін деп отыр. Кәсібіне береке берсін дегім келеді. Қазір алма ағашының біреуін болсын өз қолыммен егіп кетейін деп келіп отырмын», – деді 94 жастағы ақсақал Әшен Убайдуллаев.
Тәуекелге бел буған табанды кәсіпкер де өз кезегінде аядай ауылының ажары ашылып, жасыл-желекке әрі жемісі мол өлкеге айналғанын қалайтынын жеткізді. Мұнда жұмыс қызу. Ауыл тұрғындары қазірдің өзінде жеті мыңға жуық көшет отырғызыпты. Енді ағаштар қажетті деңгейде күтіп-бапталуы керек. Себебі, кейін төккен тер жемісін берсе, игілігін де осы ел көретін болады.
Жылыжайы жайнаған, экономикасы өрістеп, әлеуеті артқан ауданның даму қарқыны міне, осындай. Елі ырысты, жері күрішті Жалағашта әлі талай қарқынды істер қанат жаярына біз де сенімдіміз.

Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ  Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ Жалағаштық меценат ауылын баққа айналдырмақ 

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<