ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АМАНАТ

453

0

 ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АМАНАТ Облыстық «Жас Отан» жастар қанаты өткен жұмада Қызылордада «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» атты облыстық жастар форумын ұйымдастырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев форумға қатысушыларға тілектестік айтып, бүгінгі қоғамдағы жастар мәселесіне қатысты ой саларлық орнықты пікір білдірді.
Ең алдымен, жастардың ара­сында әлеуметтік тұрғыдан аут­сайдер азаматтар болмауы қажет. Барлығына тең мүмкіндік беру керек. Маргинал жастарға көңіл бөліп, олардың өзгелермен бірдей білім алып, қоғамның қабырғалы азаматы болып қалыптасуына «Жас Отан» жастар қанаты әрқашан қамқор болуы тиіс.Бұл – бір.
– Екіншіден, біз қазір нарық зама­нында өмір сүріп жатырмыз. Нарық ешкімнің еркелігін көтер­мейді. Көп жастың көкейінде «Нарық бізді қалай қарық қылады?» деген ой тұруы мүмкін. Оның парқы – жақсы білім алуда. Мықты маман болып қалыптасуда. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Әркім өзі игерген мамандықтың майталманы болмай, іс алға озбайды. Сондықтан әрбір жас өз кәсібінің шебері болуға ұмтылуы қажет.
Үшіншіден, бүгінде уақыт бізді сәт сайын таңқалдырып, алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойып отыр. Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан жаңа технология зама­нында біз жастарымыздан тың дүниелер күтеміз. Елге пайдасы тиетін өміршең идеяларыңызды ұсыныңыздар. Біз оны әрдайым қолдауға, іске асуына көмектесуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Жастарға мемлекет әрқашан қолдау көрсетіп, қамқорлық таны­тып келеді. Өткен жылдың ең басты жетістігі – түлектердің 97%-і жоғары және орта оқу орындарына түсті. Бұл маргинал жастардың әлеуметтік негізін әлдеқайда азайтуға мүмкіндік береді. 4 мың бала «Серпін» бағдарламасы бойын­ша өзге өңірлерде білім алып жүр. 2014 жылдан бастап 452 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербургтың үздік техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен оқып келеді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті биылдан бастап магистратураға жыл сайын 20 грант бөлетін болды. Сондай-ақ, әр жылы 20 адамды Татарстанның Иннополис университетінде оқыту жөнінде келісім жасалды. «Microsoft» компаниясымен және «Сколково» жаңа технологиялар орталығымен ынтымақтастық та жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Білімге құштар, бірақ әлеуметтік жағдайы оқуына мүмкіндік бермейтін ауыл балаларына облыс әкімі тарапынан жылда грант бөлініп келеді. Бүгінде мұндай гранттар саны 700-ге жуықтады. Аталған қолдау аясы осы жылы тағы біршама кеңеймек.
–  Біз Сырдарияның сол жағалауында жаңа қаланың құры­лысын бастап кеттік. Қазіргі күні «Болашақ» университетінің кампусы, ІТ саябағы, жастар ресурстық орталығы салынып жатыр. Алдағы уақытта Неке сарайының құрылысын бастаймыз, – деді аймақ басшысы.
«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өз кезегінде іргелі ұйымның жобалары жөнінде айтып берді. Жасотандықтар бес жылдан бері «Сәтті қадам» партиялық жобасын табысты жүзеге асырып келеді. Бұл – жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері үшін ірі ұйымдар, ұлттық компаниялар, түрлі министрліктер мен мекемелерден тағылымдамадан өтудің бірегей мүмкіндігі.
– Қазіргі уақытта «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған жастарды жоба аясында еңбекпен қамту және оларды өздері оқыған оқу орындарында қалдыру мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Тағы бір тиімді жобаны қолға алдық. Ағылшын тілін үйренгісі келетін ауыл жастары үшін елді мекендерге волонтерлар тартамыз, – деді ол.
Тағдырдың жазуымен арбаға таңылғанына қарамастан, заман­дастарына үлгі болып жүрген Сағатбек Қуанышбайұлының сөзі көпшілікті тебірентпей қоймады. Ол – «Жылы жүрек жастары» еріктілер тобының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегері. Өткен айда ғана Астанада өткен арбадағы биден ел чемпионатына қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
– Менің қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуымның себебі – мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты қоғамның көзқарасын өзгерту. Жұрт бізге мүсіркеп емес, өздерімен тең дәрежеде қараса екен деймін. Біздің қандай да бір іспен айналысып, елге пайдамызды тигізуімізге денеміздегі кемшілік кедергі бола алмайды, – деді белсенді жас.
Форумда «Жас Отан» жастар қанаты орталық кеңесінің мүшесі, «Мағжан және К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев, «Dream house» сауда дүкенінің директоры Азамат Төребек, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Шахмардан Махметқожа ой-пікірлерін ортаға салды. Жас кәсіпкер Азамат Төребек өзі жетекшілік ететін ойыншықтар дүкенінің Алматыдан желісін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес алдағы уақытта жастар қанатының жанынан «Креативті идеялар фабрикасы» мен «Жас журналистер клубы» құрылатынын мәлімдеді. Клуб аясында «Sarap time» бағдарламасы ашылады. Одан бөлек, «Гранд Мастер» бағдарламалау мектебімен бірге «Start up nation» жобасын жүзеге асыруға ниетті.
Форум бес бағытты қамтитын «Open talks» форматындағы сессия жұмыстарына ұласты. Қатысушылар топтарға бөлініп, жобаларын қорғап, үздік деп танылғандары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Нәтижесінде облыстық «Жас Отан» жастар қанатының 2021 жылға дейінгі жол картасы қабылданды.
Форум соңында жастар канатының кубогына арналған «Жайдарман» сайысы ұйымдастырылып, онда облыстық лигадағы 9 команда өнер көрсетті.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<