ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЛАМАСЫ

646

0

ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЛАМАСЫАймақта ақпараттық технологияны дамыту мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен ІТ-парк ашылған болатын. Бүгінде талантты жастар шоғырланған осы паркте түрлі бағдарламалар іске асып, жалпақ жұртқа таныстырылып жатыр. 

Жуырда ақпараттық-бағ­дар­ламалық өнімдерді әзір­леу, оларды қорғайтын анти­вирустық бағдарламаларды жа­сап шығаруды мақсат еткен жас мамандар арнайы ұйымдастырылған шеберлік са­бағында білім-біліктерін ор­та­ға салып, қолданыстағы бағ­дар­ламаларын тестілеуден өткізді.

Мұхамедияр Нұрлыбекұлы – IT саласындағы жас кәсіпкер. Мекемелерге сұраныс бойынша түрлі бағдарламалар, сайттар жасаумен айналысады. Оның айтуынша, ғаламдық жаңа «Питон» бағдарламалау тілін қолдану мамандарға үлкен артықшылық беретін болады.

–  Python – Java-ны ауыстырып, жаңа бағдарламашылар назар аударатын алғашқы жалпыға арналған бағдарламалау тілі. Бұл – тамаша құрал. Жұмыс жасау оңай әрі ұғынықты. Бағдарлама жасау барысында қателер әрқашан бірінші рет тәжірибе жасап отырғанда пайда болады. Python оларды тез тануға және түзетуге мүмкіндік береді. Сондықтан көптеген қателер жұмыс процесінде емес, іске қосу сатысында анықталады, – дейді Мұхамедияр. Осы бағдарлама арқылы жасалған сайттар көптің көңілінен шыққан.

Ақпараттық технология дамыған заманда вирус тарататын сілтемелер көп. Керек десеңіз, ашық тұрған тегін Wi-Fi-да мәлімет ұрлайды екен. Оларға қарсы антивирустар жасалғанымен, көп ұзатпай оны жойып жіберетін өзгеше вирус­тар пайда болады. Ал біздің фжас кейіпкеріміз өзі жасаған жобасының вирусқа мықты тосқауыл болатынын, әрі хакер­дің өзін жемтікке айналдыратын бағдарламаны ойлап тапқан.

Мемлекеттік мекемелердің сайттары көбінесе Платонус бағдарламасымен жұмыс істейді. Бұл хакерлердің оңай жемтігіне айналып отыр. Бүгінде кез келген бағдарламашы сайттарды бұза алуы мүмкін. Оны іс барысында көрсеткен Дастан оған қарсы тұрар бағдарлама жайында айтып берді.

– «Кафка» бағдарламасы вирусқа қарсы вирус қорғаныс десек те болады. Ол вирусты өз қақпанына түсіріп оған өзінің вирустарын жүктеп жібереді. Нәтижесінде сізге шабуыл жүргізген вирус өз ұясына барып «арқалап келген жүктері» арқылы өзін-өзі жойып жібереді, – деді жас дарын.

«Кафканы» Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің студенті Дастан Айтбай ойлап тапқан. Осы еңбегі үшін жуырда республикалық байқаудан жүлделі оралды.

Осылайша, әлеуметтік инженерия ғылыми саласына бет бұрған жас таланттар облыс дамуының салаларын авто­маттандыруға және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызатын болады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<