
«Baikonur invest» инвестициялық форумы аймақ экономикасының өркендеуіне үлкен септігін тигізуде. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын игілікті шара нәтижесінде облысқа түрлі қаржы ұйымдарынан қомақты инвестиция тартылып, жаңашыл жобаларға серпін берілуде.
3-4 желтоқсан күндері аймақта Х «Baikonur invest» инвестициялық форумының шымылдығы түріліп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдері Сыр елінде бас қосты. Делегаттар форумның алғашқы күнінде бірқатар тарихи орындарға саяхаттады.
Халықаралық форумның келесі күні «Жасыл» экономика – өңір дамуының жаңа бағыты» деген тақырыптағы пленарлық отырыспен жалғасты. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сонымен қатар халықаралық және отандық бизнес құрылымдары, қаржы институттары, корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.
Аймақ басшысы 5 жыл ішінде инвестициялық форум табысты әріптестік орнату алаңына айналғанын атап өтті. Ал осы жолғы пленарлық жиынның «жасыл» экономика мәселесіне арналуы бекер емес. Баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі ауқымды міндет Мемлекет басшысының Жолдауында айқын көрініс тапқан.
Әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген Сыр өңірі бүгінде дамудың жаңа жолын таңдады. Ол – энергия үнемдеуші технологияны қолданысқа енгізу, энергия тұтыну көлемін төмендету, мейлінше баламалы қуат көздерін пайдалануға көшу. Осы орайда облыс бойынша күннің жарқырау ұзақтығы орта есеппен жылына 3 мың сағаттан асатынын айту орынды.
– Келесі жылы біз 4 ауданда жалпы қуаттылығы 140 МВт болатын 4 күн электр станциясын салуды бастаймыз. Одан бөлек, Сырдария өзеніндегі «Ақлақ» гидротехникалық құрылғысы қуаттылығы 20-25 МВт-ты құрайтын гидроэлектр станциясын салуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында энергия тиімділігін сақтау мақсатында 2016 жылдан бері энергия үнемдеудің кешенді жоспары жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде облыс көшелерінің 30 проценті жарық диодты шамдармен жарықтандырылды. Бұл электр энергиясын тұтыну көлемін 12 процентке дейін төмендетуге ықпал етті. Мұндай жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында алдағы жылы да жалғасады.
«Жасыл» экономикаға негізделген шаралардың тағы бірі – тұрмыстық қатты қалдықты басқару жүйесін жаңғырту. Облыста жыл сайын 148 мың тонна қоқыс өндіріледі. Соның 3 проценті ғана қайта өңделеді. «Ыбырайхан және К» ЛТД компаниясы тұрмыстық қатты қалдықты – шатыр жамылғысы мен жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніш, ал «Smart Rubber» серіктестігі резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығаруда қолданып жүр.
Қазіргі күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда қаласында жылына 60 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешен құрылысының жобасы қолға алынды. Осы орайда облыс әкімі ынталы инвесторларды құрылыс жұмысына қатысуға шақырды. Айта кетейік, бүгінде өңірде екіжақты әріптестікке сәйкес құны 37 млрд теңгеден жоғары 75 жоба жүзеге асырылуда.
Басқосуда дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшылары сөз сөйледі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров Қызылорда облысындағы негізгі капиталға салынған инвестиция өсімінің оң трендтерін атап өтті.
– Аймақтағы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 есе артты. Нәтижесінде саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялардың өсу қарқыны жөнінен Сыр өңірі көшбасшылардың үштігіне енді, – деді ол.
«Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басшысы Рәпіл Жошыбаев әлемнің көптеген мемлекеті үшін «жасыл» экономика халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналғанын жеткізді.
– Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып «жасыл» экономикаға өтудің тиімді алғышартын қалыптастырды. 2007 жылы Экологиялық кодекс, 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң, 2013 жылы мақсатты көрсеткіштер негізінде «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы қабылданды, – деді Р.Жошыбаев.
Франция ұлттық ассамблеясының депутаты, «Франция-Қазақстан» достық тобының президенті Пьер Кабарэ, Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик және тағы басқа баяндамашылар тәжірибе бөлісіп, форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
– «Total Еren» француз компаниясы қазақстандық серіктестермен бірлесіп Жалағашта күн электр станциясын дамытуға міндеттеме алды. Жұмыс алдағы аптада басталып, келесі жылдың қазан айына дейін жалғасады, – деді Ф.Мартинэ.
Келелі жиын қорытындысында облыс үшін маңызды жобаларға байланысты өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Мысалы, түріктің бизнес өкілдері Шиеліде керамикалық тақта шығаратын зауыт салуға ынталы. 2019-2021 жылдарға жоспарланған жоба 400 жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық өнім түрлерін арттыруға мүмкіндік береді. Ал болгариялық «HydroEnergy» АҚ – Қызылорда мен Жаңақорғанда, француздың «Total Eren» компаниясы – Жалағашта, отандық «Samruk Kazyna – United Green» және ресейлік «Avelar Solar Technology» компаниялары Шиелі ауданында күн электр станцияларын салуға ниетті. Қытайлық кәсіпкерлер сырбойылық әріптестерімен экономикалық ынтымақтастықты, өзара сауда-саттықты дамыту, Қызылорда облысына инвестиция тартуға ықпал етуге уағдаласты.
Форум аясында «жасыл» экономиканың негізгі 7 бағытын қамтитын 4 секцияның жұмысы ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды қолданысқа енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, цифрландыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі «жасыл» технологиялар мен су, жер ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, «жасыл» экономиканы дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ B2B, B2G, G2G форматындағы іскерлік кездесулер экономикалық ынтымақтастық орнату алаңына айналды.