Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Рәпіл Жошыбаевпен кездесті.
Бұл орталық Қазақстанда «жасыл» технологияларды енгізудің драйвері болып, Орталық Азияның климаттық жағдайында технологияларды локализациялау үшін институционалдық базаны дамытуды және инвестиция тартуды қамтамасыз етуі тиіс. Аз ғана уақыт ішінде орталық Австрия, Германия, Дания, Ресей, Қытай, АҚШ, Жапония және Корея сияқты мемлекеттердің алдыңғы қатарлы «жасыл» ұйымдарымен келісімге қол жеткізді.
– «Жасыл» экономикаға өту жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, облыста 7 бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Облыстық бюджеттен Қазалы және Қармақшы аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға қажетті қаражат бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының Жолдауынан туындаған басты міндеттерінің бірі – инвестицияларды тарту. Осы мақсатта облысымызда барлық қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беретін бірыңғай Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. 2018 жылдың 5 айында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 15,4 процентке өсіп, 65,9 млрд теңгені құрады, – деді аймақ басшысы.
Мәселен, энергия үнемдеу бағытында қызу шамдары жарық үнемдегіш шамдармен ауыстырылуда. Нәтижесінде көшені жарықтандыруға жұмсалатын электр шығыны 12%-ке азайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуші компаниялар жарамсыз көлік доңғалақтарын қайта өңдеу арқылы одан тротуар плиталары мен черепица шығарып, резеңке ұнтағы мен тамшылатып суару үшін пайдаланылатын жерасты құбырының өндірісін қолға алды. Соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен қалдықтар полигонының құрылысына 67 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, өңірде Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған 7 технологияны қолданысқа енгізу бағытында тиісті шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, атом (уран) өнеркәсібі саласында – 4 технология («Қызылқұм» ЖШС, «РУ-6» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС), экология саласында – 2 технология («Барсакелмес» қорығы, орман шаруашылығы), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында – 1 жоба (КЭТК). Биыл ақпан айында «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ мен «Siemens» компаниясы электр энергиясы шығынын азайтуға мүмкіндік беретін технология енгізу жөнінде келісім жасасты.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕ АҚ басшысы Рәпіл Жошыбаев «жасыл» және жаңартылмалы қуат көздері, қуат тиімділігі мен қуатты үнемдеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен әріптестік орнатудың маңыздылығын атап өтті.
– «Жасыл» технологиялар реестрін қалыптастыру және жүргізу, ал жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекет ету аясында өңірлік «жасыл жобалар картасын» әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс аймақтардағы әлеуеті төмен көміртекті жобаларды анықтап, «жасыл» жобаларды іріктеу әрі жүзеге асыру мақсатында бизнес үшін тұғырнама жасақтауға жол ашады, – деді ол.
Жиын соңында облыста «жасыл» технологияларды енгізу және инвестиция, оның ішінде халықаралық инвестиция тарту жөнінде меморандум қабылданды. Меморандум тұрақты даму, экология, «жасыл» энергетика мен жаңартылмалы қуат көздері, қуатты үнемдеу және тиімді пайдалану, цифрландыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы саласында жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара әрекет етуді көздейді.
Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында делегация мүшелері Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қала нысандарын, автокөлік шиналарын өндеумен айналысатын «Смарт Раббер» ЖШС, және облыс орталығының бірқатар өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандарын аралады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<