Жатақхана тұрғындарына жаңа пәтер

395

0

   Жатақхана тұрғындарына жаңа пәтер  Күні кеше 143 отбасы Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан жаңа көпқабатты үйден бас­пана алды. Бұған дейін олар комиссия қорытындысымен апатты деп танылған «Титов» шағын ауданындағы жатақханада тұрған болатын. Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпан күні «Титов» шағын ауданында орналасқан көпқабатты жатақхананың адам тұрмайтын бір бөлігі құлаған болатын. Осы оқиғадан кейін қала көлемінде орналасқан 22 жатақхананың жағдайын зерттеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия қорытындысы 12 наурыз күні жарияланды. Тексеруден өткен 22 жатақхананың 3-і техникалық жағдайы жақсы, 18-і қанағаттанарлық, бірақ жөндеуді қажет ететін, ал «Титовтағы» №32 жатақхана апатты деп танылған болатын.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы жатақханадан қоныс аударған тұрғындарға пәтер кілтін табыстап, Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы қуаныштарымен құттықтады.

– Бүгін біз жасампаздық мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында қала тұрғын­дарына мерекелік тарту ретінде кезекті тұрғын үйді пайдалануға бергелі тұрмыз. Комиссия қорытындысымен «Титов» шағын ауданындағы №32 жатақхана апатты деп танылып отыр. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Іші сәбидің күлкісіне толып, құт-берекелі мекендеріңізге айналсын! Жалпы, тұрғын үй құрылысы саласындағы ең үлкен жетістігіміз – 2017 жылдан бастап Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысын бастадық. Биылғы мерейлі жыл – Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай Қызылорда қаласының сол  жағалауындағы жаңа тұрғын ауданды пайдалануға береміз», – деді аймақ басшысы.

Жаңа пәтер иелерінің қатарында зейнет­керлер, бюджеттік сала қызметкерлері, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бар.

Тұрғын үйге қол жеткізген Раиса Ержанова да бүгінгі күннің қуанышын келе жатқан ұлы мерекенің шарапатына балайтынын айтып, ел ағаларына риза­шылығын білдірді.

– Бізге жаңа үй аласыздар дегенде сенбегенбіз. Мәселеміз бір апта ішінде шешілді, яғни, 143 отбасы бүгін қоныс тойларын тойламақ. Жылдам шара қабылдағандарыңыз үшін үлкен рахмет, қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көршілерімді қоныс тойларымен, барлық жерлестерімді «Қауышу» күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Р.Ержанова.

Айта кету керек, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы «Дәнекер», «Орион ЛТД» және «Астана сервис» серіктестіктері арқылы тұрғызылған бұл үйлер 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұрады. Құрылыс барысында үйлердің сапасына ерекше мән берілген. Инженерлік инфрақұрылым дамы­ған. Аулада балаларға арналған ойын алаңы қарастырылған. Жақын жерде қала­ның кез келген нүктесіне баруға болатын автобус аялдамасы бар. Көп ұзамай жаңа тұрғын ауданнан мектеп, балабақша, сауда орталығының құрылысын жүргізу де жоспарланып отыр.

Соңғы 5 жылдықта аймақтағы құры­лыстың қарқынын ел біледі. Осы жылдар аралығында 7000-ға жуық отбасы тұратын 14 шағын аудан салынды. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала құрылысы басталды. Онда тұрғын үйлер, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, Жастар ресурстық орталығы, «Рухани жаңғыру» орталығы, балабақша және Неке сарайы орналасатын болады. Одан бөлек, жақын арада 3 шағын ауданның инженерлік инфрақұрылым нысандары мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне апаратын «Шіркейлі» арнасынан өтетін көпір құрылысы басталмақ.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

Б. ЕСЖАНОВ. (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<