Таусылмастай көрінген жаздың ыстық күндері де өтіп, күз де келді. Көп ұзамай жылу беру науқаны сынды жауапты кезеңге аяқ басамыз. Ал оған дайындық сонау сәуір айында, жылу беру тоқтатылысымен-ақ арнайы штабтардың құрылуымен басталып кеткен болатын. Енді жаз бойғы жұмыстардың қаншалықты дәрежеде жүргізілгенін саралап көрейік. Рас, бір кездердегідей жалпылама тонналап қатты отын мен сұйық отынды жеткізіп алу сияқты машақаты мол тірліктен көп жағдайда «көгілдір отын» құтқарғанымен бұл салада атқарылатын жұмыс жетерлік.
Жалпы облыс бойынша тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының мәліметтерін тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 78%, ал әлеуметтік нысандар (білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары 95% орындалған. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы 96% (743 көпқабатты тұрғын үйдің 713-і) құрап отыр.
Облыс бойынша 1166 әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына қажетті қатты отын қоры 57,8 мың тонна, сұйық отын қоры 24,7 мың тонна. Бүгінгі күнге қажетті отын қорының 50% жасақталды (қатты отын қоры 20,5 мың тонна, сұйық отын қоры 15,5 мың тонна). Әлеуметтік нысандарға қажетті отын қорын жеткізуші мекемелермен толықтай келісім-шарт жасалып, кезең-кезеңімен тасымалдануда. Сонымен қатар, жоспар бойынша тұрғындардың көмір отынына қажеттілігі 207,1 мың тонна болса, бүгінгі күнге, жалпы қажеттіліктің 33,2 мың тоннасы (16%) жеткізілді.
Облыс орталығында жылу маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қаланы «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен 16 дербес модульдық қазандық жылумен қамтамасыз ететін болады. Алдағы жылу маусымына резервінде 4274 тонна мазут, 150 тонна дизель отыны бар.
Жалпы қала бойынша магистральдық, ауданаралық және ауданішілік жылу жүйелерінің ұзындығы 186,8 шақырымды құрайды, бұл жүйелерге 694 көпқабатты тұрғын үй, бюджет есебінен қаржыландырылатын 198 мекеме, 151 жеке кәсіпкерлік нысан мен 323 жеке тұрғын үй қосылған. 2018 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген 3,7 млрд теңгеге 21 жоба бойынша ұзындығы 24,4 шақырымды құрайтын магистральді және кварталаралық ауыз су, кәріз су жүйелері, жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жоспар бойынша 17,4 шақырым ауыз су, кәріз су жүйелері, 7 шақырым жылу жүйелері және №2 насостық жылу станциясы қайта жаңғыртудан өтуде. Бүгінгі таңда ауыз су, кәріз су жүйелерінің 79 %, жылу жүйелерінің 69 % жұмыстары орындалып отыр.
Зерттеу нәтижесінде өжірелеріндегі жүйелердің тозығы жеткен 16 көпқабатты тұрғын үй анықталды. Осы ақаулар жылу маусымына дейін қалпына келтірілетін болады. Қазіргі таңда басқару органдары арқылы тұрғындармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Білім және мәдениет нысандарын, сұйық отынмен қамтамасыз етуге 84 млн, қатты отынмен қамтамасыз етуге 4,5 млн теңге бөлінген.
Жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда қаласына қажет етілетін қатты отын көлемі шамамен 43 мың тоннаны құрайды. Қаланы қатты отын қорымен қамтамасыз ету бойынша 5 тасымалдаушы мекеме жұмыс жасап отыр. «Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорнының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы қарызы толық өтелді.
Алдағы жылу беру маусымына ҚЖЭО-да 4,6 мың тонна нормативті отын қоры жасақталған.
Жалпы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда және ол жоспарға сәйкес 1 қазанға дейін толық аяқталуы тиіс.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<