Ойын баласына жазғы каникулдың басталғанынан артық қызық болар ма?! Балдан тәтті балалық шақ кімнің де санасында тәтті естелік ретінде сақталып қалары анық. Ал жазғы лагерьдің орны тым ерекше екендігі ешқандай талас тудырмаса керек.
Осы тұрғыда Арал ауданында да көптеген игі істер жүзеге асуда. Жалпы, «Қызылорда облысының 2018 жылға арналған балалардың жазғы каникул кезеңінде сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету» жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес оқушылардың демалыс мезгілдерін тиімді қолдану және денсаулығын, шығармашылық еңбегін, қабілеттілігін арттыру үшін барынша жағдай жасау мақсатында білім беру мекемелерінде 1-10 сынып аралығындағы 15053 баланы сауықтырумен, үйірмелермен және жұмыспен қамту жоспарланған.
Табиғаты көркем Қамбаш көлінің атағы әмбеге аян. Осы көл жағасында орналасқан облыстық «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына 600 бала, мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде 2189 бала жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен қамтылады. Мектептердегі шатырлы лагерлерге, ауданнан тыс жерлерге, көркейту-көгалдандыруға, «Жасыл ел» жасағына ақылы жұмыспен, экскурсияға, аулалық клубтарға, мектеп жанындағы лагерьге жазылғандар да көбейген. Барлық орта және негізгі мектептердегі күндізгі лагерьлер, «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі күні өз жұмыстарын бастап та кетті.
Жазғы сауықтыру лагерьлеріне алғашқы кезекте ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар, көпбалалы және қолайсыз отбасы балалары қамтылуда.
«Қамбаш» лагерінде қазіргі таңға бірінші ауысым бойынша 140 бала тынығуда. Орталықта мектеп мұғалімдерінен жасақталған педагогикалық топ жұмыс жасайды. Сондай-ақ, аудандағы күндізгі лагерьдегі балаларға мәдени-тарихи құндылығы зор өлкетану және балықшылар мұражайына экскурсиялар, орталықтағы жабық бассейнге бару ұйымдастырылуда. Бос уақытты тиімді ұйымдастыру мақсатында барлық мектептерде балалардың қызығушылығын танытатын мектепішілік, Оқушылар үйі жанындағы үйірмелер өз жұмыстарын жалғастыруда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жас тарихшылар» үйірмесі жетекшілерінің бастамасымен «Туған өлкем – тұнған шежірем» тақырыбында тарихи жерлерді ұрпаққа таныстыру үшін жасалған саяхат тартымдылығымен есте қалды. Үйірме мүшелерінің саяхаты көршілес Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі Жанқожа баба кесенесінен бастау алып, Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейіне жалғасты. Оғыз мемлекеті астанасы – Жанкент шаһарындағы Аспан асты музейімен танысып, Қорқыт ата атындағы университетінің ұстаздарының зерттеу жұмыстарын көрген оқушылар еркін пікір алысты. Мұнан соң Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс баһадүр кесенесіне, «Бегім Ана», «Асандар көтерілісі» ескерткіштеріне тағзым еткен өскелең буын алуан дерекке қанықты.
Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай Қорқыт ата кесенесіне барған шәкірттер өздеріне рухани азық алса, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия жасап, Арал теңізіне суға шомылып, Көкарал биігінен маңайға көз тастап, туған дала тарланын жүгендеді. Ақмола облысына аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар саяхат жасады, мұндай жағымды жаңалықтар алдағы уақытта жалғасын таппақшы.
Сонымен бірге аудан, облыс көлемінен тыс жердегі лагерьлерге балалардың тынығуына «Лотон-Маркет» ЖШС облыстық мәслихат депутаты Кәдірберген Бедермен өзге де азаматтардың жеке қаражатынан демеуші болғанын естігенде көңілімізді ризашылық сезімі кернеді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<