Бүгінгі таңда білім саласы бойынша алда тұрған ауқымды міндеттің бірі – ҰБТ болса, екіншісі – балалардың жазғы демалысын талапқа сай ұйымдастыру. Апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары туралы хабарлама жасады.
Айталық, аймақта жазғы демалыс қала, аудан сыртындағы 9 лагерьде 7 ауысымнан ұйымдастырылады, оның 6-ы жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь. Осы жылы облыс бойынша 1-10 сынып аралығындағы 140464 баланың 136160-ы жазғы тынығумен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде, қала, аудан сыртындағы жұмыс жасайтын 9 лагерьде қамтылатын бала саны 9327 болса, мектеп жанындағы және басқа да тынығу орындарына баратын бала саны 111167 болып отыр. Ал кәсіподақ пен демеушілер және ата-аналар есебінен 15666 бала жазғы демалыспен қамтылатын болады. Бұл жалпы оқушылардың 97 процентін құрайды.
Өткен жылмен салыстырғанда, биыл жазғы лагерьлерде тынығатын балалардың саны біршама артып отыр. Мысалы, «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында» өткен жылы 7 ауысымда 840 бала жазғы тынығумен қамтылса, биыл олардың қатары 980-ге жетеді. Қазалы ауданындағы «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында өткен жылы 840 бала тынықса, биыл демалатын бала саны 875-ті құрап отыр. Сол секілді қаладағы «Арай-Санрайз» лагерінде де ауысым саны көбейіп, осы жылы 1260 бала демалатын болады.
Жалпы жазғы лагерьлер 1 маусымнан жұмысын бастайды. Айта кетейік, биылғы жазда облыс көлемінде балаларды дамыту, сауықтыру, білім беру, психотерапевтік, коммуникативтік қызмет көрсететін 485 мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс жасайды деп жоспарлануда. Оған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстағы мәдени-тарихи орындарға, ескерткіштерге, ескі қалаларға, өлкеміздің көрнекі жерлеріне 18840 балаға экскурсия ұйымдастырылады. Ал облыстан тыс аймақтардағы орналасқан лагерьлерде мұнай компанияларының қолдауымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасының балалары тынығатын болады.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<