Бүгінде республиканың барлық аймақтарында «Адал ұрпақ» жасөспірімдер қозғалысы жұмыс істейді. Облыс бойынша 280-нен асатын еріктілер клубында 15 мыңнан аса оқушы бар. Клубтың мақсаты – жас ұрпақтың бойында әділдік пен адалдықты жақтайтын, жемқорлыққа қарсы қасиет қалыптастыру. Жиын барысында департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов «Адал ұрпақ» жасөспірімдер қозғалысының ережесіне сәйкес патриоттық шаралар барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлық – экономиканың үлкен қасіреті. Сондықтан, «тәрбие тал бесіктен», «баланы түзегің келсе бесіктен баста» деген ел даналығы бар. Ең бастысы, отбасындағы өнеге, ал білім ордаларында, демалыс лагерлерінде тәрбиелік шаралар өткізу арқылы балалардың бойына рухани күш құюға болады деп ойлаймын. Шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, – дейді ол.
Лагерьдегі шара «Біз жемқорлыққа қарсымыз» флешмобынан басталып, «Қозғалыс – денсаулық кепілі» бүлдіршіндер арасындағы эстафеталық ойындарға жалғасты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы «Оқушылар үйінен» арнайы планетарий әкелініп, балалар аспан әлеміне саяхат жасады.
Бір отбасының қандай екенін балалары аңғартып қойса, қоғамның да қандайлығы бүлдіршіндер ойынан білініп қалады. «Жемқорлық – індет, жою міндет» атты пікірсайыс ойындарында жемқорлыққа тосқауыл қою бағытында бірнеше ұсыныстар айтылды. Айталық, «Үкімет» фракциясы балаларды жемқорлықтан сақтандыру үшін арнайы факультатив сабақтар ашылса деген ұсыныс айтса, «Оппозиция» фракциясы «Сыбайлас жемқорлық туралы балалар білмей-ақ қойсыншы, одан да мекемелердегі тәртіп мен жауапкершілік, оқу орындарында білім беру ісі күшейтілсін. Жұмыстың нақты нәтижесі сұралса, жемқорлыққа жол берілмейді» дейді. Бала – қоғамның айнасы. Дегенмен, пікірісайыс соңында олардың ойы бір арнаға тоғысты.
– Сыбайлас жемқорлық – жеңіл түрде пайда табу. Ал, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүру ешкімге опа бермейді. Біз шындықтың көпірінен қашанда өтіріктің арбасы өте алмайтынын айтқымыз келді, – дейді жеңімпаз Гүлдана Асанжанова.
Оқушылар лагерь ішінде жемқорлықты жою мәселесін қызу талқыласа, алаңқайда бүлдіршіндер бормен сурет салды. Бір қызығы, олардың көбі жемқор адамды ішімдік пен шылымға үйір адам түрінде бейнелеген. «Жемқорлық балалар көзімен» тақырыбындағы шарада жеңімпаз атанған бүлдіршіндердің бірі – Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан келген Айым Сембіғалиқызы.
– Біздің лагерьге келгенімізге бүгін екінші күн. Лагерь бес жұлдызды қонақ үй секілді, тіпті достарымыз Астанадағы ЭКСПО-ға ұқсатуда. Бүгінгі шаралардың барлығы ұнады, – дейді олар.
Балалаларға бес жұлдызды қонақ үйден кем көрінбеген «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының» ғимараты шынында да әдемі. Орталық жаз маусымында балаларды тынықтыру, сауықтыру мақсатында жұмыс істесе, қыста оқушыларды ҰБТ-ға дайындайды. Қазірге дейін 5 ауысымда 750 баланың демалысын ұйымдастырса, алдағы екі ауысымда 150 баладан оқушылар қабылдауды жоспарлаған. Мұнда балалар 10 күн бойы түрлі үйірмелерге қатысып, «Қамбаш» көліне түсіп, табиғат аясында тыныстайды. Оқушылардың қауіпсіздігі мен білім беру ісіне жауапты 6 тәрбиеші, қосымша 6 білім беру педагогы жұмыс істейді.
Лагерьдегі бұл күнгі шаралар «Жемқорлықсыз болашақ» өнерпаздар гала-концертіне жалғасып, жеңімпаздар марапатталды. Күн ұясына батқан шақта «Достық алауы» тұтатылып, «Қамбаш» көлінің жағасы әнге бөленді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<