Ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе – «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы тас жолының жағдайы. Қазір бұл бағытта мамандар тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-зерттеу жұмыстары қолға алынды.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов мәлім етті. Президент Жолдауында айтылған міндеттер мен одан туындаған жоспарлар жөнінде кеңінен айтылды.
Жолдауда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылған. Ендігі кезекте тұрғын үй бағасының 10 млн теңгеден қымбат болмауы қадағаланады. Салынған әр көпқабатты тұрғын үй құнының тең жартысы мемлекет есебінен субсидияланатын болады.
Қазір облыс көлемінде 3398 шақырымға созылатын автокөлік жолы бар. Оның ішінде 1016 шақырымы республикалық, қалған бөлігі – облыстық және аудандық деңгейдегі жолдар. Биыл жол жөндеу мақсатында барлық қаржы көзінен 19 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде ұзындығы 488 шақырымды құрайтын автокөлік жолы, көшелер мен жолаушылар өткелі жөнделуде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге жалпы құны 46 млрд теңге болатын 79 жоба енгізілгенін айтып өтті. Жыл соңына дейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 69 процентін жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу жоспарлануда.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<