ЖҰЛДЫЗДЫ ҚАЛАНЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ

389

0

ЖҰЛДЫЗДЫ ҚАЛАНЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ Кеше Байқоңыр қаласында Қазақстан Коммунистік партиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан – Ресей ынтымақтастығы мен ­дос­тығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абай Тасболатов пен Владислав Косарев, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов қатысты. Мәртебелі меймандар алдымен орталық алаңдағы В.И.Ленин ескерткішіне гүл шоғын қойды.
– Байқоңыр – стратегиялық маңызы жоғары қала. Біз оның мүмкіндігін пайдалана білуіміз керек. Осы күні Қазақстанның үшінші толқыны ғарыш саласын меңгеріп, арнайы мамандануда. Олар осы жұлдызды қалашықты дамыту үшін тер төгетін болады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты В.Косарев.
Мәжілісмен өзінің осы қала тұрғындарының мәселелеріне байланысты түйткілдердің тар­қату жолдарын ұсынып жүргенін жеткізді. Солардың бірі – көрші ел заңнамасымен салынатын мұндағы салықтың халықтың қалтасына түсірген салмағы. Депутат жұлдызды қалашықтағы білім мен медицина саласын қазақстандық стандартқа көшір­ген Үкіметтен салық заңнамасын да отандық жүйеге ауыстыруды ұсынып отыр. Аталған мәселенің көтеріліп жүргеніне де біршама уақыт болды. Облыстық мәс­лихат хатшысы Н.Байқадамов бұл түйіннің де шешілер сәті алыс емес екенін жеткізді.
– Байқоңырға жыл басынан бері бірнеше мәрте келдік. Жұрт­шылықпен жүздесіп, мұң-мұқтажын тыңдадық. Кә­сіп­керлер мәселесінен де хабар­дармыз. Осыған дейін қала көгілдір отынға қосылса, енді тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы бөлініп, жаңа баспаналар салына бастайды. Бұл күнде құрылыс алаңы дайындалу үстінде. Жер мәселесі шешімін тапты. Кейбір құқықтық мәсе­лелер бар екені рас, алайда ол мәселеге орай екі ел де жұмыс істеп жатыр. Жақын арада шеші­ліп қалатынына сенім мол, – деді ол өз сөзінде.
Мәжілісмен А.Тасболатов Бай­қоңыр қаласын құруда еңбек еткен, құрылыс саласының ардагері Мұратбек Ниязовты ерек­ше атап өтіп, құрмет көр­сетті. «Тарихты жасаған тұл­ғаларға қашан да құрметіміз жоғары» дегенді тілге тиек еткен ол облыс дамуына жоғары баға берді.
ҚР Президентінің «Бай­қоңыр» кешеніндегі арнаулы өкі­лінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бақытбек Бекпанов қаланың дамуында атқарылған біршама жұмыс және Қазақстандық стандартқа қо­сылған әлеуметтік нысандар мен жаңадан салы­натын ғимараттар жайына тоқ­талды.
Жиын соңында бірқатар аза­мат Қазақстан Ком­му­нис­тік пар­­тиясының естелік медаль­да­ры­мен марапатталды.
Дәулет ҚЫРДАН,
журналист.
Байқоңыр қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<