Жол-көлік оқиғалары азайды

402

0

Жол-көлік оқиғалары азайды 2018 жылдың 7 айында Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларының саны 7 пайызға, жол-көлік апатынан зардап шеккендердің саны 9 пайызға азайды. Бұл туралы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлімдеді.

Ведомствоаралық комиссияның отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу мен мал ұрлығымен күресу мәселелері қарастырылды.

Жол-көлік оқиғаларының алдын-алу шараларының маңыздылығын ескере отырып, бұл мәселе үнемі ведомствоаралық комиссияның бақылауында болады. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде 162 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 27 мыңнан астам адам қаза болып, 211 мыңнан астам адам жарақат алды.

«Ағымдағы жылдың 7 айында аймақта жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендердің саны 9 пайызға, жазатайым оқиғалардың саны 25 пайызға азайған. Дегенмен, жалпы оң динамикаға қарамастан, кейбір өңірлерде және елдімекендерде жазатайым оқиғалар саны артып отыр», – деді аймақ басшысы.

Осыған байланысты облыс әкімі жергілікті полиция қызметіне облыстың елдімекендеріндегі жазатайым оқиғалардың себептерін анықтап талдауды, жолды кесіп өту кезінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауы бойынша визуалды және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, отырыста мал ұрлығының алдын алу және мал ұрлығымен күрес жөніндегі шаралар қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ғани Төлебаев баяндады. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде 297 ұрлық дерегі тіркелген (2017 жылы – 379), яғни өткен жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 21,6%-ға төмендеді, ал қылмыстарды анықтау деңгейі 28,6-дан 47,6% -ға, яғни 19 пайызға дейін артты.

Аймақ басшысы атап өткендей, бұл мәселе алғаш рет 2015 жылдың басында комиссия отырысында қаралып, сол кезден бастап ұрлық саны жыл сайын төмендеуде (2014 жылы – 783, 2015 жылы – 848, 2016 жылы – 667, 2017 жылы – 615, 2018 жылдың 7 айы – 297). Дегенмен, қылмысқа қарсы күрес қарқынын төмендетуге болмайды, деп атап өтті облыс басшысы.

«Мал ұрлаудың негізгі себептері – малға қадағалаудың жетіспеушілігі, құжаттары тексерілмеген арзан ет нүктелерінің болуы және ет сататын сауда нүктелеріне бақылаудың жоқтығы. Мал жайылымына жұмыссыз ауыл тұрғындары тартылса, ұрлықтың алдын-алуға және қылмыстарды азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, Н.Бекежанов ауылдық округінде соңғы 3-4 жыл ішінде мал ұрлығы туралы бірде-бір дерек тіркелмеген», – деді Ғани Төлебаев.

Н.Бекежанов ауылдық округінің әкімі Файзулла Ержанов мал жайылымын тиімді ұйымдастыра білгені үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды, Ержановтың мал ұрлығына қарсы күрестегі тәжірибесі басқа елдімекендерде қолданылмақшы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<