Жүйесіз жұмыс бастамаларға бөгет болады

803

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Күн тәртібінде аймақтағы коронавирус індетімен күресу бағытындағы атқарылған жұмыстар, өңір экономикасының көрсеткіші мен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі коронавирус індетімен кү­ре­су бағытында арнайы жоспар жасап, 3 күн мерзімде бекітуге ұсынуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының жалпы 1,8 процентке төмендегенін атады. Облыста жартыжылдықтың қоры­­­тын­дысымен негізгі 6 көрсеткіштің 5-еуі бойын­ша төмендеу тенденциясы орын ал­ған. Құрылыс жұмыстары – 68,2 процентке, инвес­­тиция тарту 49,5 процентке төмендеген. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік тауарлары бағасы жыл басымен салыстырғанда республикалық көр­сет­кіштен жоғары­лаған.

Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы бойынша жыл басынан бері 19 азық-түліктің 13-не баға жоғарылағанын атады.

«Картоп – 63, сәбіз бен пияз 50 процент қымбаттаған. Қыс немесе көк­темгі тапшылық кезең емес, нағыз көкөністердің пісіп жатқан мерзімінде не деген сұмдық? Барлық аудандарда бағалардың артық өсуіне жол берілсе, соның ішінде Жаңақорғанда – 7, Арал мен Қызылорда қаласында 6 түрлі азық-түліктің бағасы көтерілген»,– деді облыс әкімі.

Жиында бағаны тұрақтандыру бағытында жіберілген кемшіліктері үшін Жаңақорған мен Арал ауданы және Қызылорда қаласы әкімдеріне қатаң ескерту жасалды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне көкөніс және басқа да әлеуметтік азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды, негізсіз баға өсімі фактілері бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, көршілес облыстарға шығып, халықты қолжетімді бағадағы арзан өнімдермен қамтамасыз ету үшін 3 күн уақыт берді.

Статистикалық есеп бойынша облыста 89 623 гектар күріш егілген. Оның 8 492 гектар көлемі артық. Шиелі ауданы 12 200 гектар жерге күріш еккендігі туралы есеп бергенімен, нақты 14 353 гектар сыр маржанын орналастырып, 2000 гектардан астам жерге артық күріш еккен. Осыған орай, қазіргі уақытта Шиелі ауданындағы 3 шаруашылықтың 720 гектардан астам егілген күрішіне су жетпей, күйіп кетуде.

Өңір басшысы берілген тапсырманы мерзімінде орындамай, күріш көлемін қолдан ұлғайтып, су тапшылығына әкеп соқтырғаны үшін Шиелі ауданының әкіміне «сөгіс» жариялады.

Кеңейтілген Үкімет отырысында ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы сынға алынды. Соңғы 6 айда облыста бағдарлама аясында құны 788,6 млн теңгені құрайтын 37 жоба мақұлданған.

Облыс әкімі жобаның басым бөлігі Жаңақорған ауданында жүзеге асып отырғанын айтты. Кейбір аудандарда әлі күнге бір жобаның жоқтығын сынға алды.

«Арал ауданында бірде-бір жоба жоқ. Бұл мемлекеттік бағдарламаның орындалмағанын білдіреді. Мұхтар Әуесұлы, жоғарыда аталған қатаң ескертуді ескере келе, сізге сөгіс жария­лаймын. Келесіде көрсеткіш төмен­деген жағдайда бұдан да қатаң тәртіптік жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Бұл барлық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне қатысты. Сондай-ақ, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелендіру бо­йынша жұмыстар күшейтілсін. Қызылорда қаласы 10 млрд теңге, ал барлық аудан әкімдіктері 2 млрд теңгеге жуық межені игеру бойынша жұмыстарды жалғастыруы тиіс», – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі  «Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылу барысында да көптеген мәселе бар екенін және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында облысқа 276 жобаны жүзеге асыруға 37 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл қыруар қаражат пандемия уақытында 9300 жаңа жұмыс орнын ашып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Бү­гінгі таңда 276 жобаның 270-і бо­йынша жұмыстар басталған. Жол картасы аясында жұмыс орнын құру көрсеткішкері Қызылорда қаласында 39,4 және Арал ауданына 46,1 процент.

Өңір басшысы барлық аудан және қала әкіміне осы айдың соңына дейін ашылған жаңа жұмыс орындарын 50 проценттен асыруды тапсырды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында халықты тұрақты жұмыспен қамтудың көзі – бос жұмыс орындар. Бірін­ші жартыжылдықта 4058 ғана адам жұмысқа орналасқан, ал жылдық жоспар 13900 адам болса, бұл жоспардың үштен бірі де орындалмаған. Ең төмен көрсеткіштер Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында болып отыр. Сонымен қатар, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны жылдық жоспар бойынша 12602 болса, одан 7080 ғана орын ашылған. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда қаласында 23 процент. Нұрлыбек Машбекұлы, Қызылорда қаласы әрқашанда алдыңғы қатарда болуы тиіс, жұмыс жасаңыз», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының жүзеге асырылу барысында мемлекеттің міндеттемелеріне қатысты мәселесін жан-жақты зерттеуді тапсырған болатын. Аймақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 57 жобаның 38-і толықтай іске қосылған. Бүгінгі таңда жобалар бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелердің сомасы 16,5 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте облыс басшысы мемлекеттік – жекешелік әріптестік жобалары бойынша жұмыстарды өзектендіріп, барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бюджет шығыстарын оңтайландыруды тағы да бір пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы барлық кемшіліктер түзеліп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендер сапалы интернетпен қамтылуы қажеттігін тапсырды.

«Қызылорда облысында жер қатынастары бойынша геопорталды толықтыру жұмыстары 10 процентке орындалған. «Өңірлік геоақпараттық жүйені» құру цифрлық технологиялар басқар­масына тапсырылған болатын. Жұмыстарды бастауға бюджеттен тиісті қаржы – 35 млн теңге бөлінген, бірақ тиісті жұмыстар басталмаған. Осыған байланыс­ты, цифрлық технологиялар басқармасына жыл соңына дейін геопорталды құру жұмыстарын тапсырамын», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<