Журналистиканың жүгі ауыр

1282

0

Қызылордада журналистердің аяғына оратылатын кедергі аз емес. Ақпарат алудың қиындығы, кадр даярлаудағы кемшілік, маман тапшылығы – осылай жалғастыра беруге болады. Өзекті мәселелерді БАҚ өкілдері облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуде көтерді.


Аймақ басшысы алдымен Конституция күнімен құттық­тап, елдің өсіп-өркендеуіне Ата Заңымыздың ықпалы зор екенін атап өтті. Соны­мен қатар, коронавирус ин­фек­­циясы жөніндегі ста­тис­тикаға тоқталды. 27 та­мызға дейін 3231 адам ауру жұқ­тырса, со­ның 93 проценті ем­делді. Эпи­демиологиялық ахуал жақ­сарды. Алайда, дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы күзде індет қайта өршуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Сақтанған адам сау жүрер. Карантин талабы біртіндеп же­ңілдетілгенімен, ауырмаудың жолы – қарапайым амалдарды атқаруды тоқтатпау керек.


– Бүгінде іс-шаралар жос­пары әзірленуде. Дәрі-дәрмек резервін қалыптас­ты­руға 350 млн теңге қа­рал­ды. Қажеттілікке қарай 21 инфекциялық және прови­зор­лық объект дайын. 200 төсек-орынды қамтитын инфек­ция­лық аурухана құрылысы басталады. Денсаулық сақтау министрлігінен өкпені жасан­ды жолмен желдететін 96 ап­паратты күтіп отырмыз. Одан бөлек, жергілікті бюджет есе­бінен 4 флюроаппарат пен 4 стационарлы рентген сатып алынады, – деді облыс әкімі.
Қазалы, Шиелі ауданда­рында, Қызылорда қаласында оттегі станциялары салынады. Соның 2-нің құрылысы «Пет­роҚазақстан Құмкөл Ре­сор­сиз», «ҚазГерМұнай» компа­нияларының демеушілігі не­гі­зінде жүзеге асырылады.


Карантиндік шектеуден кейін экономиканы қайта қал­пына келтірудің өзектілігі ар­татыны белгілі. Осы орайда облыс әкімі жол жөндеу, су, жылу жүйесін жаңғырту, энер­гиямен қамту, жаңа жұ­мыс орындарын құру, ауыл шаруа­шылығын, әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы бастамаларға тоқталды.
Елдің барын бағалап, жоғын түгендеуде журналистиканың көтеретін жүгі ауыр. Жаһан­дық тұрақсыздық жағдайында да әріптестеріміз әлемді алаң­датқан ахуал туралы ұдайы ақпарат таратып, пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Сонымен қатар, ақпарат құралдары – Мемлекет бас­шысының «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырым­да­масын жүзеге асырудың бір­ден-бір тетігі.
Бүгінде облыста 101 БАҚ бар. Оның 12-сі – мемлекеттік, қалғаны – тәуелсіз. Барлы­ғында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етуде.


– Нақты және жедел ақпарат таратуды мақсат еткен, заман талабына сай дамудың даңғыл жолын таңдаған саланың әлеуеті жоғары. Оны пандемия уақытында анық байқадық. 17 тамыздан бастап Қазақстан ка­рантин талаптарын біртіндеп жеңілдетуге көшті. Бірақ сақ­тық шаралары жалғасады. Мұны халыққа сіздермен бірге жеткізуге тиіспіз, – деді аймақ басшысы.
Республикалық, жергілікті телеарналар мен баспа басы­лымдарының басшылары, тіл­шілер көкейдегі мәселе­лерге көңіл бөлді.
Ақпарат алудағы қиындық тілші қауымына ортақ. «Қы­зылорда қоғамдық телера­дио­­компаниясы» ЖШС құ­­­рыл­­тайшысы Шаһизада Әб­дікәрімов көптеген мекемеде ашықтық пен жариялылық жоқ екенін сынға алды.

– Қандай да бір проблема туралы жазба немесе сюжет дайындағанда қос тараптың да үніне құлақ асқымыз ке­леді. Алайда, құзырлы орын­дардың басым бөлігі тү­сі­ніктеме беруден қашады. Сон­дықтан департамент, бас­қарма және әкімдіктердің паб­лик рилейшнз қызметін жетілдіретін уақыт жетті. Олар бізбен тұрақты байланыс жасап, халықтың мәселесіне дер кезінде үн қосып отыруы қажет, – деді Ш.Әбдікәрімов.


Тілшілермен тікелей ара­ласатын баспасөз хатшылары бірен-саран мекемеде жұмы­сын жақсы жолға қойған. Көп мекеме осылардан үлгі алуы тиіс. Журналистер өзінің бас­­­­ты қорегі – ақпаратқа қол­­­жетімділік мәселесінің өзек­­­тілігін кездесуде ашық жет­­кізді.
Одан бөлек, республи­ка­лық «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Кө­бе­генұлы тәуелсіз БАҚ өкіл­деріне мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін көтеріп, он­лайн платформалар арқылы сала басшыларының журна­лис­термен кездесуін ұйымдас­тыруды, ортақ мәселелерді тал­қыға салатын кері байланыс те­тіктерін іске асыруды сұ­рады.


– Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруда тә­уелсіз БАҚ-тың да орны ерек­ше. Алайда, көбіне қаржылай қолдаудан құр қалып жатады. Сондықтан оларды теңдей көріп, іс-шаралар жоспарына қосса дұрыс болар еді, – деді Н.Көбегенұлы.


«Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жа­қыпбек маман даярлау мә­селесін қайта қарауды, сала ардагерлері мен осы салада тер төгіп жүрген тілшілер қа­уымын ынталандыру бағы­тында түрлі шаралар өткізуді ұсынды.
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев егіс алқаптарындағы су тап­шы­лығы проблемасын ал­ға тартып, тіршілік нәрін үнем­деу мәселесіне айрықша назар аударуды сұрады.

– Су тапшылығы жөнінде мамандар 2 жыл бұрын да­был қақты. Сол кезде 1000 гектарға жуық күріш шық­пай қалып, диқандардың ең­­бегі зая кетті. Бірақ әлі күнге егін шаруашылығын әртарап­тандыруға мән берілмей отыр. Сала құрылымдары басты дақыл көлемін шектеу туралы тапсырманы айналып өтуге тырысады, – деді ол.
Өзекті сауалға өңір бас­шысы нақты жауап берді.
– Су тапшылығы егін ша­руа­шылығына әсер етпей қой­мады. Мұны біз білеміз. Осы жағдайды ескере келе, ауыс­палы егіс жүйесіндегі күріш көлемін 75-80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азығы түріндегі дақылдар көлеміне басымдық беруді көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі.


«Qazaqstan» ұлттық арна­сының тілшісі Әділбек Жақа­нов жол салудағы кемші­лік­тер туралы айтты. Өйткені кеше ғана жөнделген немесе қайта салынған жол көп ұза­май ой-шұңқырға айналып, тұрғындардың сынына ұшы­райтын жағдайлар аз емес. Әріптесіміз сонымен қатар қа­уіпті індет тұсында балалар­дың қауіпсіздігі үшін білім ошақтарына дезинфекциялық дәліз орнату мәселесін ортаға салды.

Бұған облыстық білім бас­қармасының басшысы Ақзира Қасымова жауап берді.


– Залалсыздандыру құралда­рын сатып алуға үнемделген қаржыны бағыттадық. Ата-аналар мен мұғалімдерден ақ­ша жиналмайды, – деді ол.

Облыс әкімі ақпараттық қолжетімділікке қатысты әрбір ұсынысты саралай келе, тиісті сала басшыларына осы бағытта жұмыс жүргізу алгоритмін бекітуді тапсырды. Сондай-ақ, БАҚ өкілдерімен емен-жарқын кездесу шаралары өтіп тұратынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<