Қазақстанның қазба байлығы – Ұлттық Қордың игілігі

1957

0

«Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Осыған орай түрлі ведомостволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде ұлттық геология қызметін құру керек. Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті –инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру. Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет».

Президент Жолдауынан

Қазақстан Президенті Жолдауда осы мәселені неліктен қозғады? Геологиялық барлау жұмыстары көбіне-көп біздің бюджетіміздің негізін құрайтын тау-кен өндірісінің табысымен сабақтас ұғым. Алысқа бармай-ақ кейінгі деректерге тоқталайық. Сонау Кеңес Одағынан бері зерттелген қазба байлықтардың қоры Қазақстанның бірқатар аймақтарында сарқыла бастады. Соның бірі – Сыр өңірінің мұнайына қатысты мәселе. 2012 жылдан бастап мұнай өндіру көлемі төмендеді. Кейінгі оншақты жылдың көлемінде өңірде мұнай өндіру көлемі екі еседен астам төмендеді. Бұл қазір әлеуметтік мәселеге айналды. Себебі жұмыс орындары қысқаруда. Қазіргі зерттеулер көрсетіп отырғандай біздің өңірде мұнай-газ саласын дамытуға байланысты жерасты байлығының қоры бар екені анықталып отыр. Бірақ, ол кемінде 5 мың метр тереңдікте орналасқан. Ал, оларды игеру үшін озық технология қажет.

Қазірдің өзінде Шу-Сарысу шөгінді  бассейнінде мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Оңтүстік Торғай және Сырдария» шөгінді бассейндері барлануда. Осы геологиялық барлау жұмыстары сәтті аяқталған кезде Сыр өңіріндегі мұнай өндірісі жандана түсеріне ешқандай күмән жоқ.

Ғасырдан астам уақыт өтсе де, мұнай-газ саласының әлеуеті әлі де зор. Ол қарқынды дами отырып, жаңа сапалы деңгейге көтеріліп келе жатыр. Одан да маңызды мәселені атап өткіміз келеді. Зерттеулер бойынша Қазақстанның болашақ мұнай орталықтары ретінде Қостанай, Түркістан және Қызылорда облыстары аталуда. Елімізде негізінен Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан геологиялық базалар өзектендіріліп, оның сапасын арттыру мақсатында жаңа база құрылатын болады.

Экологя, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, мемлекет өз қаражаты есебінен жер қойнауына терең геологиялық зерттеулер жүргізу ісіне кірісіп кетті. Осы барлаудың ерте сатыларында анықталған перспективті алаңдар туралы геологиялық ақпарат деректер базасына енгізіледі. Олар отандық, шетелдік жеке инвесторлар үшін ашық жарияланады.  Қазіргі кезде негізінен, еліміздің батыс өңірлері – республикамыздың «мұнай орталығы» саналады. Бірақ Энергетика министрлігінің мәліметінше, шамамен 40-50 жылдан кейін әлемдік алыптар қатарында саналатын «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақтың» «қара алтыны» сарқылады.

Сол тұста олардың орнына келетін жаңа ірі мұнай-кен орындары ашылуы мүмкін. Ендігі жерде Қызылорда, Қостанай, Түркістан облыстарының ресурстық базасын кеңейту мақсатында бұған дейін аз зерттелген шөгінді бассейндерге және мұнай-газ ресурстық әлеуетіне зерттеу жүргізіледі. Шөгінді бассейндер шегінде мұнай-газ жиналуының жаңа көкжиектері ашылады және жаңа мұнай-газ қабаттары анықталады. Шығыс, Орталық, Солтүстік Қазақстандағы моноқалалардың маңында минералдық-шикізат әлеуеті геологиялық зерттеуден өткізіледі.

Сырдың мұнайы туралы айтқанда, тарихқа үңілуге тура келеді.  Жылдар бойы аграрлық сипатта дамыған Сыр экономикасы өткен ғасырдың 80 жылдарының басында бір серпілгендей болды. Өңірде мұнайдың алғашқы ұңғымалары атқылады. «Ленин жолының» тілшісі ретінде сонау Жезқазған өңіріне ат басын бұрып, сондағы алғашқы вахталық қалашықта болғаным есімнен кетпейді. Мұнда барлығы бар. Жапан далада қоныстанған мұнайшылардың бүкіл тіршілігі автономды жабдықтауға қосылған.

Алғашқы мұнайшыларды осы қалашықта кездестірдік. «Маңғыстау мұнайгаздан» бөлініп шығып, өз алдына Қызылордада отау құрған «Оңтүстікмұнайгаз» шаңырағын көтерушілер қатарында Мұрат Саламатов, Есқожа Бергенбаев, Жеңіс Жалғасов, Қабыл Қыстаубаев, тағы ондаған мұнайшы болды. Олардың барлығы бізге, мұнайлы өлкені көтеруге Қазақстанның Батысынан келді. Негізінен Сырдың тумалары болғандықтан, олар өз туған жеріне деген ыстық ықыластарын, ізгі шуақтарын ала келгендей еді.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшыларға Қызылордадан арнайы тікұшақтар, сол кездің жедел әуе көлігі «АН-2» қатынайтын. Журналистер қауымы да осы көліктермен 200 шақырымдық қашықтыққа сапар шегетін. Біз үшін бір қызық әлем. Қызылорданың мұнайы көп ұзамай өзінің алғашқы 100 мың тонна өнімін, кейін 1 млн тонна «қара алтынын» берді. Осы мерекелік даталар лайықты түрде аталып өтілгенін білеміз. Сыр мұнайы осылайша біздің өндірістік әлеуетімізді арттыра түсті. Көптеген әлеуметтік маңызды нысандар пайдалануға берілді.

Мұнайлы өлкенің дамуына Қызылорда облысын басқарған бірінші хатшы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің, кейін оны алмастырған Сейілбек Шаухамановтың елеулі үлес қосқанын аға ұрпақ жақсы біледі. Олар кеніш облыстың аумақтық бөлінісінен тысқары жерде игеріліп жатуына орай одақтық басшылыққа шығып, Қарағанды жерін ұзақ мерзімге Қызылорда облысына беру жөнінде шешімнің шығуына қол жеткізді. Мұндай шешімнен кейін облыстың әлеуметтік-экономикалық жаңа бағытта дамуына елеулі ықпал жасаған еді.

Саланың табысы сол кезде республикада бірінші салынған диагностикалық орталық пен аурухананың құрылысына жұмсалды. Бұл орайда Мәскеумен, Орталық министрлікпен келісімге келудің оңай болмағанын бүгінде жыр етіп айтуға болады. Көп ұзамай ортақ жүйе құлап, Қазақстан тәуелсіздігін алды. Осынау қиын сәттердің экономикалық берекесіздікке ұласқанын біз жақсы білеміз. Мұнайшылардың өніміне көптеген шаруашылықтар қаржылай есеп айырыса алмады. Барлығы заттай алмасуға көшті, қарыздар ай санап емес, күн санап ұлғайды. Осы тұста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұнай өндірісін шетелдік ірі компанияларға сату жөнінде бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Солардың қатарында «Оңтүстікмұнайгаз» алдымен канадалықтарға, кейіннен қытайлықтарға сатылды.

Жалпы Қазақстанның мұнай өндірісінің тарихы ғасырдан астам уақытты қамтиды. 2019 жылы Қазақстан отандық мұнайдың 120 жылдық мерейтойын атап өтті. Елімізде алғашқы кен орны ашылғаннан бері 300-ден аса мұнай кен орны игеріліпті. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық дұрыс шешім қабылдап, мұнай саласына «Шеврон», «Аджип», «Шелл», «Тоталь», «СНПС» сияқты әлемдегі ең озық компаниялардың инвестициялары мен технологиялары тартылуы нәтижесінде мүмкін болды.  Әрбір жаңа жоба жүзеге асырылған сайын мұнай саласы өз қуатын және әлеуетін ұлғайта түсуде.

Мұнай қорының көлемі Қазақстанда 90-жылдардан бері 5,3 млрд баррельден 30 млрд баррельге дейін өсті. Еліміз мұнай экспорттаушы көшбасшы елдердің қатарына қосылып, әлемде мұнай қоры бойынша 12-орынға және газ қоры бойынша 22-орынға көтерілді. Қазіргі мұнай өндіру көлемі 3,5 есеге артты.

Жалпы айтқанда, тәуелсіздік жылдары ішінде 1,5 млрд тоннадан астам мұнай және 740 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Ұлттық қорға кірістердің жалпы көлемі 33 трлн теңгені құрады. Мұнай және газ тасымалдау жүйесі толығымен дамытылды. Каспий мұнай құбыры арқылы «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» кен орындарынан мұнайды экспорттауға ең қысқа жол мен тиімді экономикалық жағдайлар қамтамасыз етілді. Қытайға экспорттық бағыт ашылды. Сонымен, экспорт көлемі 5 есеге ұлғайып, оның бағыты 36 елге кеңейтілді. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынды, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» ірі газ транзиттік дәлізі ашылды. 2018 жылы  Қытайға газ экспорты басталды. Мұнай өңдеу зауыттарын инновациялық жаңартуға жалпы 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялар тартылды. Мұнай өнімдерінің ішкі нарығы жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес өнімдермен толық қамтамасыз етілді.

Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету, негізінен, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр. Мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай көлемінің азаю қаупі бар. Ресурсты тиімді пайдалану үшін Үкімет нақты ұсыныстар енгізуі қажет, – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.

Ел экономикасы үшін мұнай-газ-химия саласының әлеуеті зор. Әлемдік тәжірибеде мұнай-газ-химияға салынған әрбір доллар экономикаға 2-3 доллар өсім береді және 7 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Бүгінде, осындай әлеуеті зор жобалардың ішінде 8 газ-химия инвестициялық жобасы пысықталып жатыр. Олардың жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асады. Оның ішінде полипропилен және полиэтилен жобалары таяу шетел арасындағы полимер өндірісінің ең ірі жобалары болып есептеледі.

Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерінің 171 елді мекенін, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласын табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз ететін Сарыарқа магистральдық газ құбырының құрылысы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 778 шақырым құрайтын құбыр дәнекерленді. Жылдың соңына дейін магистральды құбыр құрылысы аяқталатын болады. Мәселен, 2025 жылға дейін Исатай, Абай, Жеңіс, Қаламқас-Теңіз бен Хазар жобаларына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Теңіздегі жобалармен қатар еліміздегі аз зерттелген перспективалы аумақтарда геологиялық барлауды жандандыру жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021-2025 жылдарға Геологиялық барлау бағдарламасын қабылдады.

Осылайша мемлекет қазіргі кезде мұнайы қарқынды өндіріліп жатқан басты өңірлерді 2040 жылдан кейін ауыстыру үшін қажетті көмірсутектің жаңа ресурстық қорын түзететін болады. Осы арқылы елдің ғасыр ортасынан кейінгі энергетикалық қауіпсіздігін кепілдендіріп, отын-энергетикалық кешеннің орнықты дамуына жол ашады. Бұл міндеттер Қазақстанның геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленіп отыр.

Жерасты қазынасына жауапты министрліктің дерегі бойынша осы бесжылдықта қазақ жеріндегі бес аз зерттелген аймақта – Солтүстік Торғайдың, Ертіс маңының, Арал, Сырдария және Шу-Сарысу шөгінді бассейндерінің шикізат әлеуеті бағаланады. Осы өңірлер жерінің астында қанша көлемде мұнай мен газ жатқанына геологиялық-геофизикалық зерттеулер жасалады. Бұдан бөлек, Қазақстанның шығыс (Зырян, Риддер, Серебрянск) және орталық (Жезқазған, Сәтпаев) аймақтарындағы моноқалалар жанында ірі ауқымда іздеу және іздеу-бағалау жұмыстары қолға алынады. Бұл осы моноқалалардың металға қатысты шикізат базасын толықтырып, олардың өркендеуіне тың серпін беру үшін қажет.

Өз кезегінде «қара алтынның» мол қорын табу үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий маңы шөгінді бассейнінің шығыс және оңтүстік бөліктерінің, Маңғышлақ және Оңтүстік Торғай бассейндерінің, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Солтүстік және Оңтүстік бөлігінің терең қабаттарына бұрғы салады. Бұл аймақтар осы 5 жыл ішінде мемлекеттік мұнай операторының басымдықты бағдарына айналады. Бұған дейін тым аз зерттелген 4 шөгінді бассейн аясында: «Солтүстік Торғай» бассейнінде 17,4 мың шақырым, Аралда 4,5 мың шақырым, Сырдарияда 3,1 мың шақырым, Шу-Сарысу шөгінді алаптарында  7,9 мың шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осы зерттеулердің нәтижесінде тірек-параметрлік ұңғымалар бұрғыланады. Осы  бесжылдықта жалпы ауқымы 34,08 мың шақырым бойында күні бүгінге дейін толыққанды зерттелмей келген шөгінді бассейндерге қатысты геологиялық-геофизикалық жұмыстар жүргізіледі. Мұның ауқымын ұғыну үшін айта кетелік, яғни, Бельгия, Армения, Молдавия, Израиль, Катар, Ливан, Черногория секілді елдердің тұтас территориясына тең аумақта «қара алтын», «көгілдір отын» және басқа да пайдалы қазба қазыналары ізделеді. Геологтар қазақстандық осы аумақта мұнай және басқа да шикізат мол екеніне сенімді. Сондықтан Қостанай, Қызылорда, Түркістан облысы және басқа өңірлер жаңа бағдарламаға қазба байлық іздеудің перспективті аумақтары ретінде кіріп отыр. 2021-2025 жылдар аралығында геологиялық барлау саласына 1 триллион теңгеге дейінгі қомақты инвестиция құйылады деп күтілуде. Осынау кең көлемді зерттеулер қорытындысында алынған геологиялық материалдар ашық әрі қолжетімді болады. Егер қазіргі болжамдар расталып, мол ресурстар табылып жатса, оларды әрі қарай тереңірек барлап, игеруге қазақстандық және шетелдік инвесторлар шақырылады деп күтілуде.

Жалпы, Қазақстанның геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін мемлекет 5 жыл ішінде 165 миллиард 890,2 миллион теңге салуды жоспарлап отыр.

Мемлекеттің жоспарлау стратегиясы Орталық атқарушы және жергілікті биліктің ұстанымдарымен үйлесімді болуы қажет екені белгілі. Бұл орайда облыс басшылығы да тиісті жұмыстарды қолға алуда. Белгілі себептермен Қызылорда өңіріндегі мұнай компанияларында мұнай өндіру көлемі кейінгі жылдары күрт төмендеп кетті. Бұл, сайып келгенде, облыстың өнеркәсіп әлеуетінің біршама кемуіне ықпал жасады. Осыған орай облыстың 2021-2022 жылдарға арналған мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі Жол картасы жасалуда. Аталған мерзімде жер қойнауын пайдаланушылар 79 жаңа бұрғыны іске қосады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта Арал теңізі акваториясының «Батыс», «Шығыс» учаскеле-ріне сейсмикалық зерттеу жүргізіліп, 2022 жылы пайдалы қазбаны игеру қолға алынады.

Мұнайдың бүгінгі жағдайына келейік. Пандемияға байланысты әлемде қалыптасқан күрделі ахуал біршама жақсара бастады. ОПЕК+ көлемінде тиісті шешімдер қабылданды. Жыл көлемінде мұнай өндіру көлемі біршама қысқарды. Нәтижеде баға көтерілді. Бағаның көтерілуі Қазақстан экономикасына, бюджеттің табыс көзінің артуына ықпал жасады. Сарапшылар 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмендемейді деген пікір айтқан болатын. Қазір ол 70 доллардың шамасында. Әлбетте, бұл баға Қазақстанға қолайлы. Елімізде 2020 жылы 85,7 млн тонна мұнай және конденсаты өндірілді. Сол 2020 жылы Қазақстан 68,5 млн тонна мұнай экспорттады. Оның ішінде 15,8 млн тонна мұнай қайта өңделді. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 17 млн тоннаға жетеді.

Геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде ашылатын жаңа кен орындары Қазақстан бюджетінің негізгі тірек көзі, Ұлттық Қордың табысы болып табылады. Сол себептен Ел Президенті осы мақсатқа ұдайы көңіл бөлуде.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<