«ҚҰМКӨЛ» – Тәуелсіздіктің төл перзенті

1218

0

Мұнай өнеркәсібі, әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Ел тәуелсіздігінің іргесін бекітуге, экономикалық тұрғыда азаттыққа қол жеткізуге қазақ жеріндегі «қара алтынның» мол қоры қосқан үлесті басқа ешнәрсемен салыстыра алмаймыз.

Егемендік алғанға дейін, яғни 1990 жылдың 9 мамырында алғаш мұнай берген «Құмкөл» кеніші Сыр өңіріндегі өндірістің өзегіне айналды. Кейінгі жылдары кен қоры, өндіріс көлемі азайғанмен, бұл саланың салмағы жеңілдеген жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында еңсесін тіктеп үлгерген мұнай өндірісі өңірдің 30 жылдағы жетістіктеріне тірек болып келеді. Біз мереке қарсаңындағы сұхбатқа «Құмкөл» кенішін игерушілердің алғашқы легімен мұнайлы Маңғыстаудан туған жерге оралған, бүгінгі «ПетроҚазақстан Құмкөлресорсиз» АҚ басқарма төрағасының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары, инженер-мұнайшы Ғалым Баймановты шақырған едік.

– Ғалым Дүйсенбайұлы, Сыр мұнайының игерілу тарихы бізді Тәуелсіздікке дейінгі кезеңге, нақтырақ айтқанда 1986 жылға қарай жетелейді. Қызылорда облысының мұнайлы аймаққа айналуы, қалыптасу, даму кезеңдері сіздің көз алдыңызда өтті емес пе?

– Жалпы тарих туралы айтқанда, нақтылыққа сүйенген жөн. Ал нақтылық дегеніңіз – құжат. Менің қолымда 1986 жылы 16 желтоқсанда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің төрағалығымен өткен жиналыс хаттамасы бар. Жиналыста «Құмкөл» кен орнын игеруге дайындық мәселелері қаралған. Оның алдында, яғни 1985 жылы 6 маусымда КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Қазақ ССР-індегі «Құмкөл» кенішін пайдалануға беруді ұйымдастыру» туралы бұйрығы шыққан еді. Онда Қазақстанның Жезқазған облысындағы Арысқұм иінінің мұнайгаздылығы туралы айтылған. Қазақ ССР Геология министрлігі «Оңтүстік Қазгеология» бірлестігі жүргізген зерттеулер қорытындысында көпқабатты Құмкөл кеніші ашылғаны, 1987 жылдан бастап кенішті игеруге әзірлікті бастау үшін тиісті орындарға тапсырмалар жүктелген. Осы бұйрықтың 2-тармағында 1986 жылдың 1 шілдесінен бастап Қызылорда қаласында «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің құрамына кіретін «Құмкөл» кенішін игеру жөніндегі дирекция құру тапсырылған. Хаттамада «Маңғыстаумұнайдың» бас директорының орынбасары М.Саламатовтың ақпараттары мен ұсыныстарын тыңдаған соң қабылданған шешімдер көрсетілген.

– Қызылордада мұнайға қатысты өндірістік және құрылыс базасы болмағандықтан жұмысты ұйымдастыру  оңайға соқпаған шығар?

– Жоғарыдағы хаттамада «Маңғыстаумұнай» балансына құрылысы аяқталмаған «Сельхозэнерго» құрылыс базасын, Александровск поселкасындағы «Союзгипрорис» институты Қызылорда бөлімшесінің тұрғынжай нысандарын беру міндеттелген. Сондай-ақ әкімшілік аппаратты  жылу жүйелері мекемесінің кеңсесіндегі бос орындарға орналастыру, мұнайшылардың баспана мәселесін шешу үшін 1987-1990 жылдар аралығында 42 мың шаршы метр тұрғын үй, 280 орындық балабақша салу көзделген. Алдағы жартыжылдықта мұнайшыларға арнап барлық әлеуметтік, мәдени нысандармен қамтылған шағын аудан салудың бас жоспарын жасау, бірінші 70 пәтерлік тұрғын үйді 1988 жылдың бірінші жартысында беру туралы нақты тапсырма жүктелді. Оған қоса «Қызылорда-Шевченко» бағытына күнделікті әуе рейсін ашу, жергілікті тұрғындар арасынан осындағы арнаулы және жоғары оқу орындары базасын пайдалана отырып мамандар дайындау, мұнай-газ мамандықтарына мектеп бітірушілерді бағыттау мәселелері пысықталған. Міне, бұдан 35 жыл бұрынғы құжат Сыр бойындағы мұнай игеру тарихын осылай баяндайды. Ең бірінші ұйымдастыру жиналысы, онда берілген тапсырмалар кейіннен өңір экономикасының локомотивіне айналған мұнай өндірісі саласының аяғынан қаз тұруына септігін тигізді.

«Құмкөл» кеніші игеріле бастаған 1988 жылдың басында «Маңғыстаумұнай» бірлестігінен «Құмкөл мұнай-газ өңдеу» басқармасы құрылды. Мұрат Саламатов  мамандарды, басқарманың бас инженері Жеңіс Жалғасовты және мені жұмысқа шақырды. Мұнай игеру, бұрғылау жұмыстары басталған соң өз кеңсемізді салу туралы  бастама көтерілді. Ол үшін сол кездегі облыстық ГАИ ғимаратының жанынан жер берілетін болды. Бірақ мұнайшы қауымға  қала орталығынан еңселі кеңсе керектігі қайта-қайта көтеріліп, қазіргі Сәтбаев көшесіндегі ғимарат салына бастады.

– Бұрын-соңды мұнай өндірісімен айналыспаған өлкеге келіп, тыңға түрен салудың өз қиындығы болған шығар. «Құмкөлдің» қазығын қаққан кісілердің көбімен сұхбаттасқанда, олар кен орнын тәуелсіздіктің төлбасы, төл перзенті деп атайды…

– Иә, дұрыс айтады. «Құмкөлді» игеру 1986 жылы басталғанмен, алғашқы мұнай 1990 жылы  алынғанмен, кеніштің толық қуатында іске қосылуы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дөп келді. Ұйымдастырудың қиындығы туралы сұрағыңызға келсек, бұл жақта мұнай өндірісі дамымағандықтан, Маңғыстаудан келген ізашар жігіттердің мойнына жүктелген міндеттің салмағын таразылайтын, яғни олардың жұмысын түсінетін адам жоққа тән еді. Әуежайға ұшақтың қонуы, «Құмкөлге» көліктің жүруі, жұмысшыларды тамақпен, пәтермен қамтамасыз ету туралы әңгіме қозғалса, ат-тонын ала қашатындар көп болыпты.

Осы жерде екпін түсіріп айтатын бір жайт – қазақ мұнайының тарихына зер салып көріңізші, 1911 жылы Атырау мұнайын игеруге ағылшындар, «Маңғыстаумұнайгазда», Ақтөбеде негізінен орыстар, Өзенде тау халықтары қатысты. Ал «Құмкөлді» игергендер де, игеруге басшылық жасағандар да қазақ ұлтынан шыққан мамандар болды. Оған қоса Өзбекстанның Газли қаласында тұратын қандастарымызды Қызылордаға көшіріп әкеліп, маман тапшылығына қатысты мәселенің бір түйткілі шешілді.

«Құмкөл» – батыстағыларға қарағанда басына  фин вахталық қалашығы, асханасы бар, Қарақайыңға дейін мұнай құбыры, жоғары кернеулі электр желісі жүргізілген, мыңдаған адамның ішетін тамағы, жатын орны, жұмысқа бару-қайтуы бүге-шігесіне дейін ойластырылған, яғни жобаланып салынған кеніш. Осының бәрін үйлестірген Есқожа Бергенбаев ағамыз қазір сау-саламат, еңбегінің зейнетін көріп отыр. Газли мұнайшыларын қарамағындағы көліктердің бәрін жолға шығарып, құмның арасындағы тура жолмен көшіріп алған осы кісі. Келген мамандар мұнда тұрақтау үшін әрине, үй-жай керек, сол себепті КБИ шағын ауданынан «Мұнайшы» деген кент бой көтерді. Ол кезде қалада жылу, жарық мәселесі қиын еді. Кенттің өз скаважинасы, Индиядан әкелінген жылу беру қазандығы, тақтайдай тегіс жолы, дүкені болды.

– Мамандар туралы айттыңыз, ол кезде күріш пен мал өсіруге ғана бейімделген аграрлы өңір тұрғындарын жаңа салаға үйрету қалай үйлестірілді? 

– Ол кезде маман тапшылығына байланысты кенішті ресейлік мекемелердің біріне беру туралы ұсыныстар айтылып жатқан-ды. Істің басы-қасында жүрген жігіттер намысты қамшылап, бұған жеткізбеді. Негізгі мамандар мен жұмысшыларды Маңғыстаудан «ЯК-40» ұшағымен тасымалдап, ауыстырды. Мамандар топ-тобымен біліктілік арттыруға, оқып-үйренуге жіберілді, оқу комбинаты ұйымдастырылды. Жоғарыда Сыр мұнайын өзіміздің жігіттердің игергеніне екпін түсіріп айттым. Екіншіден, «Құмкөлді» жергілікті халықтың жаңа кәсіпті игеріп, мұнай саласына қарай бет бұруына септігін тигізгені, Сыр өңірінде мұнайшылардың үлкен шоғырын қалыптастырғаны үшін де Тәуелсіздіктің төл перзенті дейміз.

Инженерлер дайындайтын политехникалық институтта «Мұнайгаз кеніштерін игеру және пайдалану», «Мұнайгаз кәсіпшілігінің машиналары мен жабдықтары», т.б. мамандықтар ашылуына Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов зор еңбек сіңірді. Факультетті бейінді ғылыми-педагогикалық кадрлармен нығайту, материалдық-техникалық базасын қалыптастыру мәселесі қойылды. Міне, сол алғашқы жылдары факультеттің оқу жоспарындағы кәсіптік пәндер циклын өндірістен алынған қажетті зертханалармен жабдықтап, мұнай мамандықтарының ғылыми-әдістемелік тұрғыда қалыптасып, дамуына елеулі үлес қостық. «Құмкөл» кенішінің мұнайын сақтау мен тасымалдауды экологиялық қамтамасыз ету проблемаларын шешуге байланысты идеяларым мен жүргізген  зерттеулерімді 1999 жылы қорытындылап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иелендім. Студенттерге дәріс оқып, мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы болдым. Ғылыми кеңес 2009 жылы «Қорқыт ата атындағы ҚМУ Құрметті профессоры» етіп сайлады. Осы факультеттен жүздеген маманды түлетіп ұшырдық. Сол кездегі политехникумда орта буын мұнайшы мамандар дайындау ісі жолға қойылды. 

Тағы бір айтарлығы, «Құмкөл» азаттықтың алғашқы жылдарындағы талай адамның басына түскен  жұмыссыздыққа қатысты қиындықтың оң шешілуіне ықпал етті. Біртіндеп бұрынғы салынып жатқан құрылыс мекемесінің орнына «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру  басқармасы құрылған соң, оның құрамында «Құмкөл» технологиялық транспорт, өндірісті жабдықтау басқармалары, кеніштің құрылысын жүргізу және орналастыру мақсатында екі монтаж-құрылыс басқармасы, №4 жылжымалы мехколонна, жұмысшыларды жабдықтау және біздің өңірде алғашқы болып әлеуметтік даму басқармалары ашылды. Осы шаруалардың барлығы оңтүстік өңірдегі мұнай-газ кеніштерінің ашылуына және «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ-ның іргетасының қалануына негіз болды. Қала ірегісіндегі «Қараөзек» ауылы жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін фирмаға айналғанын ел ұмыта қоймаған шығар. АҚШ-тан ет комбинаты, Израильден сүт зауыты әкелініп, азық-түлік қоры құрылды.

– «Құмкөлдің» ішкі рынокқа жұмыс істеуінің өзі Тәуелсіздіктің жемісі емес пе?

– Әрине, батыстағы кеніштер Кеңес өкіметінің мұнай тасымалдау жүйесінің негізінде құрылғанын жоғарыда айттық. Ондағы желілер Самара, Орск сияқты қалаларға тартылған. Ал «Құмкөлдің» желісі Шымкент мұнай өңдеу зауытына қосылған. Сондықтан ол ішкі нарыққа жұмыс істеді. Бұл – Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болған жетістік. 

– Сыр өңіріне қадам басқан алғашқы инвесторлар осы мұнай саласына келді емес пе? Мұнай-газ кеніштерін барлауда өзіңіз қатысқан жұмыстар туралы да айтсаңыз…  

– Иә, «Кұмкөл» сияқты жан-жақты ойластырылып, жоспарланып салынған кеніш инвестицияға жол ашты. Канадалықтардан бастап инвесторлар келді. Аймақтағы ірі салық төлеуші компания ретінде экономиканың өркендеуіне жол ашты. Ауқымды әлеуметтік жобаларға демеуші болды. 

Барлауға келсек, 1991-1992 жылдары «Оңтүстікқазгеология» бірлестігінің «Сырдария мұнай-газ» барлау экспедициясының бас инженері ретінде Торғай ойпатындағы «Ащысай», «Оңтүстік Ақшабұлақ», «Блиновск» секілді жаңа мұнай-газ кеніштерін барлауға, 2000 жылы «Қызылқия» кенішін сынамалы пайдалануға беру процесіне қатыстым. «Құмкөл-Жосалы» жоғары арынды магистралды мұнай құбырын пайдалану тікелей басшылығыммен жүзеге асты. 2006-2008 жылдары «Құмкөл», «Арысқұм», «Қызылқия» және «Майбұлақ» кеніштерінің газ жобаларын уақытылы іске қосу жұмыстарына басшылық жасадым. 2009-2013 жылдары» Солтүстік-Батыс Қызылқия», «Шығыс Құмкөл», «Солтүстік Нұралы» және «Оңтүстік-Батыс Қарабұлақ» кеніштерін өнеркәсіптік пайдалануға беру процесінде де қолтаңбам бар. Сырдария ауданы аумағындағы «Батыс Тұзкөл», «Тұзкөл», «Кетеказған» кеніштерінде терең қабаттардан мұнай және газ іздестіру-барлау жұмыстарына басшылық жасағанымды да салаға қосқан үлесім деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет, Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<