«Дударай» кімнің әні?

435

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақтың 1000 әнін базарларды, жәрмеңкелерді, халық көп жиналған жерлерді және еліміздің ұланғайыр даласындағы ауыл-ауылды тынбай аралап жүріп, нотаға түсірген Александр Затаевичтің еңбегі үлкен ерлікпен тең деп айтсақ қателесе қоймаспыз. Содан да біздің бай музыкалық мұрамыз сақталып қалды.

Нақтылай түссек Арқа, Батыс, Жетісу өлкелері дәстүрлі әндердің отаны ғой. Жазба мәдениеттің (оның ішінде нота сауаты) болмауынан небір керемет шығармалардың авторлары ұмытылып, «халық әні» делініп кеткен. Расында халық жиналып ән тудырмайды, оны бір дарынды, қабілетті, талантты кісі шығарып, ауыздан-ауызға тарайды. Жыл артынан жылдар өтеді. Өмір көші тұрақтамайды, ұрпақтар ауысады. Бірден-бірге жеткен дүниенің кімдікі екені шатасуы да, ұмытылуы да бек мүмкін… Бірақ, бір шындық бар, ол «әу» демейтін қазақтың жоқ екені, сосын құймақұлақтық, әнге деген құмарлық. Тәуір әуенді тыңдай біліп, көңілге тоқып алу, бұл да – ежелден қанға сіңген қасиетіміз. Оған шүкіршілік етуіміз керек. Даламыз қандай кең болса, өнеріміздің көкжиегі де сондай кең.

Қазақтың бағына Александр Затаевичтің кездескенін қарасаңызшы?! Ол өзі кім? Қысқаша өмірдерегін келтіре кетейік. Александр Затаевич 1869 жылы Ресейдің Орлов губерниясында туған. Біраз жыл Польшада қызмет етіп, 1916 жылдар шамасында Ресейге оралады. 1920 жылы Затаевич қазақ жеріне, яғни Орынборға табан тірейді. Қазақтың бай ән-күй мұраларын зерттеп, қызыға нотаға түсіру осы жылдан басталса керек. Осынау баға жетпес, елеулі еңбегі үшін оған 1923 жылы «Халық артисі» деген құрметті атақ беріліпті. Александр Затаевич 1936 жылы Мәскеу қаласында дүниеден озды. Қазір Астана қаласында атында көше бар.

«Қазақтың 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән-күйі» кітаптарында ән авторлары туралы қысқа-қысқа деректер беріліпті. Жинаққа Абайдың 12 әні түскен. Ақан серінің, Біржан салдың, Жаяу Мұсаның, Мәдидің, Әсет Найманбайұлының, т.б. халық композиторларының әндерімен қоса көптеген халық әндері жазылыпты. Назар аударғаным «Дударай» әні болды. Бұл ән Затаевичтің «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағына кірген. «Авторы – Мариям Жагорқызы, шын аты-жөні Рекина Мария Егоровна» деп көрсетіліпті. Бірінші нұсқасын Әміре Қашаубаев жаздырған. Бұл қазіргі әншілер айтып жүрген нұсқаға сәйкес келеді. Екінші нұсқаны жаздырған Сағадат Аманжолов деген кісі екен. Екі нұсқаны салыстыра қарағанымда нота айырмашылығы бары байқалды. Енді мақаламыздың негізгі тақырыбын ашу үшін әріге барайық.

Ерлі-зайыпты Егор Яковлевич Рекин мен Евдокия Давидовна Рекина тағдырдың тәлкегімен жер ауып, шиеттей балаларын ертіп Қорғалжың төңірегіне келеді. Кімге болса да құшағы ашық, мейірбан халық емеспіз бе, бұлардың хал-жағдайын көрген соң Төртуыл руының Қыстаубай деген адамы бас болып, жергілікті тұрғындар оларға шым үй салып береді. Үй салынып біткенше Байпақтың Бәзілі деген кісінің қараша үйін тігіп отырған. Жагор төрт баласын қасына ертіп, «Ащыкөл» мен «Тұщыкөлден» балық аулайды. Осы көлдердің маңына ар жақтан біршама қазақ отбасылары келіп қоныс тебеді. Арасында Өкен деген кісінің отбасы да болған. Олар бір-бірін жатсынбай араласады. Өкеннің көшелі жігіт болып өскен Дүйсен есімді сымбатты баласы бар еді. Міне, не керек сол Дүйсен мен Мария Жагорқызы арасында сүйіспеншілік туады. Екі жақтың ата-аналары мұны білгенімен еш тосқауыл бола алмаған. Өнер зерттеуші, композитор Илья Жақанов өзінің «Дударай» атты көлемді эссесінде былай деп келтіреді:

«…Марияны әке-шешесі Ақмоладағы купец Матвей Кубриннің Андрей есімді ұлына қосқысы келіп жүрген. Андрей балық аулауды сылтау етіп, келгіштейді. Бірде Жагор мен Евдокия қызды алдап: «Ақмолаға барамыз, өзіңе арнап киім тіккіземіз, кездеме аламыз» деп алып кетіп, Андрейдің үйіне кіргізеді. Алданғанын білген соң безек қағып, қалай құтылып шығудың амалын іздейді. Сәті түсіп, қалаға келіп-кетіп жатқан ауыл адамдары арқылы Дүйсенге хабар салады. Бұл жағдайды естіген ол достары Әкімжан мен әнші әрі ақын жігіт Үлебайды ертіп келіп, Кубриннің ауласын ториды. Ақыры олар ебін тауып Марияны құтқарады. Екеуі тығылып, қашып жүріп қосылады.

Ал Дүйсен қалай өмірден озды? Ол туралы бірнеше алыпқашты қисынсыз мәліметтер бар. Шындығына келсек, сол кездегі емі жоқ ауру сүзектен қайтыс болады. «Тірі адам тірлігін қылады» дегендей Мария екінші рет милиция бастығы болып істейтін Боранбек деген адаммен бас қосады. Екеуінен Рысалды, Мүслима, Сапарбек, Сайлаубек деген балалар дүниеге келеді.

Ендігі сөз «Дударай» әні жөнінде: Халық арасына тез тараған бұл ән жоғарыда атап кеткен Дүйсеннің досы Үлебай Әнетовтікі. Марияның атынан Дүйсенге арнап шығарған әні. Махаббат хикаясын бүге-шүгесіне дейін білетін жан осы. Алғашында екеуінің кездесіп жүргенін көріп: «Дударбас, орыс қызбен ашына болдың ба? деп мазақтапты. (Ол заманда қазақ жігіттері шаш қоймаған, ал Дүйсеннің бұйра шашы болған.) Келе-келе бір-біріне деген айнымас махаббатын түсініп, шын тілектес болады. Ал Үлебай кім? Үлебай Тінәлі руының Дәулет аталығынан тарайды. Өзінің шын есімі – Рахметулла, әкесінің аты – Әнет. 1892 жылы туған. Әке-шешеден жастай жетім қалған оны немере ағасы Нұрмағанбет тәрбиелейді. Үлебай сыптығыр, ұзын бойлы, ақсары, ат жақты, көркем жігіт екен. Жасынан әзіл-қалжыңға ілкімді, шешендік сөздерді қағып алып, өлеңді суырып салып айта беретін болған. Жетімдік оны бұғанасы қатпай жатып пысытады. Ағаштан түйін түйген ұста әрі зергерлікпен айналысқан. Аңшылықты кәсіп еткен. Ауылдағы жиын-тойларда ән салып, қиссалар жырлаған. Үлебай бес балалы болған.

Бірінші әйелінен – Қабылтай, екінші жары Жәмиладан – Жамағат, Жұмабек, Тұмар, Жанбөпе туады…» Міне, оқып отырғандарыңыздай Қазақстанның Еңбек Ері, өнер зерттеуші Илья Жақанов осылай жазады. «Дударай» әнінің мәтіні ұзақ болған. Бірақ, қазір орындалып жүргені мына шумақтар:

– Мариям Жагор деген орыс қызы,

Он алты, он жетіге келген кезі.

Қазаққа Дудар деген ғашық болып,

Сондағы Мариямның айтқан сөзі.

Дударайым дудым

Бір сен үшін тудым

Шіркін-ай, Дударайым дудым!

Ащыкөл, Тұщыкөлдің арасы бір,

Басына кәмшат бөрік жарасып жүр.

Дударай келер болсаң тезірек кел,

Орныңа өңкей жаман таласып жүр.

Дударайым дудым

Бір сен үшін тудым

Шіркін-ай, Дуларайым дудым!

Дударай ақбоз атты жемдедің бе?

Жеріңе уағдаласқан келмедің бе?

Жеріңе уағдаласқан келмей қалып,

Мариям – заты орыс дегенің бе?

Дударайым дудым

Бір сен үшін тудым

Шіркін-ай, Дударайым дудым.

«Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларын жазған композитор Евгений Брусиловский «Дударай» операсын да жазған. Брусиловский ән туралы мынадай уәж айтады: «Дударай» әнінің авторы Мария Егоровна Рекина деп жүр. Осы ән үшін Мария Егоровнаға Қазақстан өкіметі «Республика өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» атағын берді. Өзінің түрі мен сипаты жағынан бұл жоғарғы регистрі күшті, орта тұсы тенорға үйлесімді нағыз ерлер әні. Әннің диапозоны – децима. Бұл әннің авторы – Қорғалжың төңірегінде өмір сүрген әлдебір әнші қазақ жігіті болмақ керек. Сауыншы Мария Рекина 1948 жылы Алматыға келді. Қазақстан композиторларының бірінші съезіне қатысты. Өзінің әйгілі әнін өз аузынан орындап беру жөніндегі өтінішімізден сытылыңқырап шыға берді. Жалпы алғанда бүкіл съезд барысында оның ән салуға ұмтылған сәті болған емес. Ешқандай ән айтпады. Сірә, айта алмады-ау? Бәлкім, «Дударай» әніне оның ешқандай қатысы болмаған шығар? Бұл әнді шығарған Мария Жагорқызы деген сөз жай романтикалық аңыз ғана болар? Әлде махаббат белгісіз автордың ән шығаруына сюжет болды ма?» дейді (Илья Жақановтың «Аққу әні» кітабының 174-175 беттерінен алынды. Т.Е.) Түсінген адамға нағыз анықтама емес пе бұл?! «Дударайды» Париж сахнасында Әміре Қашаубаевтың орындағанынан халықтың хабары бар. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман: «Дударай Қашаубаевтың орындауында тым жүрдек. Әнді классикалық дәрежеге жеткізіп орындаған – Қазақстанның Халық артисі Жүсіпбек Елебеков. Сол Жүсекеңнің айтуында мынадай бір шумақ болушы еді:

– Ауылым Өтебайдың қырқасында,

Бірде қар, бірде жаңбыр бұрқасында.

Мойныңа ақ білекті арта салсам,

Дударай сол білекті қырқасың ба?

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жантас Жақыпов айтады: «Дударайды» шығарған Үлебай Әнетов. Ол – нағыз тума талант. Жастайынан ауызекі сөздің өзін өлеңге айналдырып айтатын болған. «Қасқыр мен қойшының айтысы», «Қыс пен жаздың айтысы», «Ат пен иесінің айтысы» деген айтыс өлең шығарып, өзі тыңдаушысын түрлендіре, күлдіре отырып орындап береді екен. «Шайтан торы» деген әнін де білемін. Бұл ән де «Дудараймен» сабақтас, Дәмежан деген қыздың атынан Дарап деген жігітке арналып айтылады. Мен «Дударай» Үлебайдың әні деушілерді қостаймын. Бұдан Мария анамыздың атақ-абыройы төмендемейді, халықтар достығының символы болып қала береді». Халқымыздың жоғары білімді музыка маманы, белгілі композитор Ахмет Жұбанов «Дударай» Мария шығарған ән емес екенін білген.

Алайда «Қазақтың халық әндері» деген көлемді зерттеу еңбегін жазғаны үшін қудалауға түсіп, қуғын көрген ол, Брусиловский сияқты шындықты айта алмаған сыңайлы…

Осы жерде тағы да ғалым Жантас Жақыповты тыңдайық: «Сол жергілікті жердегі ауылдық кеңестің төрағасы аудандық партия комитетінің тапсырмасымен Үлебайдың үйіне келеді. Әйеліне көйлектік мата мен бір тақта шәйі, Үлебайға 3-4 метр шибарқыт тауары бар ол: «Шығарған әніңді Марияға бер, Алматыға барып қайтсын» дейді. Сауаты жоқ Үлебай қайдан білсін, «кәделеріңе жараса ала беріңдер» деген ғой. Міне, Алматыға барғасын бір-ақ күнде, «Дударай» Мария Жагорқызының әні болып шыға келген. Әлеуетті ән халықтар достығының сипатын ашқандай болып, елден келген қарапайым сауыншының мәртебесі аспандаған. Атақ-абырой, сый-сияпатпен елге оралған. Келгесін көңіл жетерлері мен дос-жарандарын үйіне шақырып, дастархан жаяды. Үлебайды алдырып: «Сен менің атағымды шығарып, көпке таныттың, әйтпесе менен мұндай ән қайдан тусын» деп риясыз көңілімен иығына қытайы шапан жауып құрметтепті. Бұл оқиғаны көзбен көргендердің бірі сол кезде жасөспірім, кейін қазақтың белгілі композиторы болған Кенжебек Күмісбеков екен. Кенжекең марқұм өле-өлгенше «Дударай» Үлебайдың әні деп кетіпті. Тумысынан заты асыл жан әлем халқы құмарта тыңдаған әнді Марияға қиып, ақтық демі біткенше өзінің кісілігіне, мәрттік қасиетіне дақ түсірмей өткен.

Дереккөздерге сүйенсек, Мария Жагорқызы өмірден озғанша қазақи салт-дәстүрді берік ұстанған. Қазақша киініп, басынан кимешегін тастамаған, тіпті намаз оқыған. Кейде өзінің орыс екенін ұмытып та кететін болған. Қызы Мүслима мынадай бір қызықты оқиға айтады: «Алматыға барған сапарында Мұхтар Әуезов үйіне қонаққа шақырады. Мұхаңның зайыбының орыс екенін көрген Мария: «Жаным-ау, Мұхтаржан-ау, көзін көкшитіп мынаны қалай алдың, өзіміздің қазақтың қаракөз қыздарынан біреу табылмады ма?» деп салған. Сонда Әуезов жүзіне қарап отырып, рахаттана күліпті» дейді.

Енді Бақыт Сманова есімді әйелдің естелігін жазайық: «Үлебай атамызбен көрші тұрдық. Ол кісі біздің аталас туысымыз болып келеді. Немересі Бөпежан екеуміз – бір күнде туған құрдаспыз. Балалық шағымыз бірге өтті. Үлебай атамыз балаларды өте жақсы көретін. Қалтасына сақтап жүрген шақпақ қантын, құртын бергенде мәз болатынбыз. Біз ол кезде жеті жастамыз. Жәмила есімді әжеміз болды. Атамыздың ақын екенінен, ән шығаратынынан бейхабармыз. Кейін өсе келе шешемнің ыңылдап, «Дударайды» айтып жүргенін еститінмін. «Біліп қой, бұл Үлебай атаңның шығарған әні» деуші еді. Менің шешем ол кісінің біраз өлеңін білетін. Он төрт жасымда анам қайтыс болды. Өкініштісі, Үлебай атам шығарғандарын қағаз бетіне түсіре алмады. Сауаты болмаған. Естуімше ақын Қалижан Бекхожин Қорғалжыңға келіп кетіпті. Кейін ол кісінің «Мариям Жагорқызы» деген поэмасы шықты.

«Дударай» әні даулы болды. Ол Мариям Жагорқызының әні деп айтылып келді, жақындары да біраз дауласты. Бұл жөнінде көп еңбек сіңірген «Қазақстанның Халық артисі Қайрат Байбосыновтың үлесі зор. «Дударай» әнінің авторы Үлебай Әнетов екені дәлелденді. Бүгіндері атамыздың «Нұржәмила», «Әзизат» деген әндерін Астана филармониясының әншілері Данияр Мұқан мен Нұрай Танабай орындап жүр. Ал «Дударай» әні әлемді шарлап кетті».

Расында, «Дударай» – біздің ән жауһарымыз. Атын атап, түрін түстемей-ақ қоялық, бұл әнді орындаушылар аз емес, десе де әйгілі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Дударай» бүгінде дүниенің түкпір-түкпіріне жеткенін айтқан жөн. Қытай, корей, партугал, грузин, шешен, өзбек, т.б. елдердің әншілері «Дударайды» орындайды екен. Әсіресе, қытай тілінде көп орындалатын көрінеді. Осы ретте Пекин университетінің штаттан тыс профессоры, жоғарыда ән туралы тұшымды пікір білдірген Жантас Жақыповтың мына бір сөздерін тағы да қоса кеткен жөн болар: «Мен Пекинге айына бір рет барамын. Университетте дәріс оқитыным бар. Қасыма аудармашы қазақ жігіт қосады. Қонақүйде жатамын. Бір күні сағат 4-те көрші нөмірдегі фортепианодан әлдебір дыбыстар қайта-қайта басылып, маза кетіргені бар. Ертесіне де тура сол уақытта көршінің есігі тықылдады. Тағы сол дыбыстар. Құлақ түре қойдым. «Майра», «Майра» деп жатыр. Аудармашымды шақырып алып, кешірім сұрадық та көршімен кездесіп, аз-кем сұхбат құрдық. Білсек, бұл нөмірдегі әйел Америкада тұратын қытай әншісі екен. Репертуарында қазақтың екі әні – «Майра» мен «Дударай» бар болып шықты. «Халықаралық әнші» деген титул алу үшін дайындалуға келген…».

1980 жылы Қорғалжыңда әйгілі «Дударай» әніне арнап стелла-ескерткіш қойылыпты. Сондағы мәдениет үйі дүниеден өткенше «Дударай» – Үлебайдың әні» деуден танбаған композитор Кенжебек Күмісбековтің атына беріліпті. Үлебай Әнетов 1967 жылы дүниеден озған. Тарихтың аты – тарих, шындықтың аты – шындық. Ақиқатына келсек, қазақ барда, қазақ елі барда әлемдік әндер деңгейіне көтерілген «Дударай» ешқашан ұмытылмайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Ұзақ жылдар бойы «Гауһартасты» халық әні дедік, одан өзгелерге телідік, ақыры ән Сегізсерінің өзіне қайтты ғой. Енді «Дударай» әні де шын иесінің атымен орындалатын болар, жуырда Гәкку телеарнасынан «Дударай» – Үлебай Әнетовтің әні деп берілді. Орындаған Ермек Қасым деген жас әнші. Нағыз концерттік ән ғой! Тыңдадық, керемет! Бұған қуанғанымыз рас.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<