Инесіз құрақ құраған

926

0

Арал ауданындағы №83 орта мектептің мұғалімі Ақмарал Нұрадинова жапондық кинусайга әдісі арқылы оқушыларды қолөнерге баулып келеді. Бұл қалдық маталардан инесіз құрақ құрау дегенді білдіреді.

Бұрын музыка пәні мұғалімі болған ол  кейінгі екі жылда көркем еңбек сабағынан дәріс береді. Бүгінде «Дарындылар палитрасы» атты үйірмеде 30 шәкірті қолөнердің түрлі әдісін меңгеріп, байқауларда жеңімпаз атануда. Қалдық маталарды тастамай, оларға жан бітірген ұстаздың қолынан шыққан дүниелері көз тартады. Бейнебір суретшінің түрлі-түсті бояумен салған картинасындай.

– Оқушыларды қолөнерге баулу үшін алдымен өзімнің шеберлігімді дамытып, түрлі әдістерді меңгеруім керек болды. Сондықтан кинусайганы әлеуметтік желі арқылы үйрендім. Қажет емес мата қиындыларын пайдаға жаратуда таптырмас әдіс. Ол үшін пенопласт, пышақ, желім керек. Бірінші қалтқыға сурет саламыз, содан кейін оның үстінен тесіктер жасаймыз. Оған мата қиындыларын жапсырамыз. Үйірмеде оқушыларым жіп графикасы арқылы да басқа дүниелер жасауды меңгеруде. Аты айтып тұрғандай, мұнда жіп қолданылады. Қатты затқа жіңішке жіптерді түстердің үйлесіміне қарай жапсыру арқылы әдемі картина шығаруға болады. Моншақтан тақия тігуді де үйреніп алғандары бар. Қажетті құрал-жабдықтың барлығын өзім алып беремін. Дайын өнімдерді ақшаға сатып алғысы келетіндер бар. Бірақ мен одан табыс табуды ойламаймын. Менің мақсатым – қолөнерді шәкірттеріме дарыту, – дейді.

Қазір кесте тігіп, ою ойып, қолөнермен айналысатын қыз балаларды кездестіре бермейміз. Оның орнына телефонмен тик-ток түсіруге бейім. Ақмарал апайдың айтуынша, балаларды қызықтыра білсе, қолөнер – баға жетпес құндылық. Бұл ең бірінші қыз баланы әсемдікке, шеберлікке, тігін тіге білуге және үйлесімділікке үйретеді.

Қазір шәкірттері аудан, облыс көлеміндегі көрмелерге қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Алдағы уақытта мұғалімнің қолынан шыққан бұйымдардан көрме ұйымдастырылмақ.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<