Көне кәсіпті жаңғыртқан шебер

264

0

Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, салаларының бірі – қолөнер, оның ішінде – ши тоқу. Бүгінде осы өнерді жалғастырып, оның жандануына үлес қосып жүргендердің бірі – Зылиха Қалендер Шиелі ауданы Тартоғай ауылының тумасы.

Ол оқушы кезінде сурет салуға бейім болған.Тек сурет салумен шектелмей, ши тоқуды да қатар алып жүрді. Ең алғаш 1999 жылы Қазалы ауданы кәсіпкерлері мен қолөнер шеберлерінің фестиваліне қатысып, ши тоқуға деген қызығушылығы арта түсті. Астана қаласында Қазақстанның жетістіктеріне арналған шаралардың, Атырау, Шымкент, Алматы қалаларында болған қолөнер шеберлері көрмелерінің тұрақты қатысушысы. Қазақстан шеберлер одағының мүшесі. EXPO-2017 этноауыл көрмесіне Сыр елінің атынан қатысты. Қырғыз  еліндегі «Караван искусства» фестивалінен жүлделі орынмен оралды. «Көненің көзі» атты кітапта да өз қолтаңбасын қалдырды.                                            

– Ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру  – ғасырлар бойы келе жатқан өнер. Ол сырт көрінісіне қарай ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы өз орнымен әртүрлі мақсатқа пайдаланылады. Атап айтқанда, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе құрт, ірімшік, т. б. жаю үшін қолданатын болса, ұзына бойы әр түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым – ши киіз үйдің сәнді жиһазы. Ал өн бойы тұтас емес әр жерінен аралатып оралған шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.Бұл да – сәндік жиһаздарының бірі.

– Осы өнерді дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз деп білемін, – дейді ол.

Қалай десек те қазақ қолөнерінде шидың алатын орны ерекше. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, қазақилықтың нағыз нышанын қалыптастыратын жандардың арамызда болуы бізді қуантады.

Айдана Бахтияр,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

1-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<