Скрипкадан төгілген сырлы әуен

323

0

Скрипка аспаптардың патшасы саналады. Бұл сиқырлы аспапты үйрену, оның қыр-сырын жүрекпен ұғыну, ішкі жан-дүниеңмен сезіну екінің бірінің қолынан келмейді. Медицина маманы болу үшін 9-11 жыл уақыт жұмсалатын болса, скрипкашы болуға Анар Жаңбырбаева 18 жыл уақытын арнаған. 

Бүгінде Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің оқытушысы, симфониялық оркестр мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Анар Жаңбырбаева еңбек жолын Мұрат Серкебаевтың жетекшілігімен Алматыдағы телерадио оркестрінде бастаған. Жас маман үшін атақты ұжымда жұмыс істеу кәсіби тұрғыдан өсу ғана емес, шығармашылық қабілетін шыңдауда мықты іргетас болды.

Өнерде өзі ғана шыңдалып қоймай, жас музыканттарға скрипканың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген аталы сөзді ұстаз ретінде өмірлік ұстанымына айналдырған. Әр баланың бойындағы музыкаға деген махаббатты оятып, сиқырлы сазды әуенмен тербеліп өсуіне ата-ана жағдай жасауы тиіс деп есептейді. Себебі есті әуен естіп өскен ұрпақтың бойында айналаға деген мейірім, сүйіспеншілік, жанашырлық секілді адами қасиеттер қалыптасып, санасына сіңіп ер жетеді. Мұндай балалар қоғамға да, мемлекетке де пайдасын тигізбек.

– Егер менің қолымнан келсе, классикалық музыканы үйретуді  мектепке негізгі пән ретінде енгізер едім. Себебі одан бала бойында адами асыл қасиеттер қалыптасады. Ал өнер үйренген баланың ой-өрісі биік, талғамы жоғары болмақ. Байқасаңыз, қазір қоғам қатыгезденіп барады. Жағымсыз хабарды көп естиміз. Әсіресе, жастардың бір-біріне мейірім танытпауы, қамқорлық көрсетпеуі алаңдатады.

Музыка – мықты тәрбие құралы. Шуға толы әуенді естісең шаршап-шалдығып шығасың, керісінше жанға рахат сыйлайтын әуезді музыканы тыңдасаң миың тынығып қалады. Балаға анасының құрсағында жатқаннан классикалық туындыларды, Моцарттың, Бахтың, Бетховеннің шығармаларын тыңдату дәстүрі бар. Бұл бала болашақта кәсіби музыкант болмауы мүмкін, бірақ жан-жақты, ой-өрісі мықты дамыған тұлға болып қалыптасатыны анық. Әлемдік мәдениет пен өнердің тарихын шәкірттеріме жиі айтып отырамын. Олардың дүниетанымын кеңейтуге, қабілет-қарымын шыңдауға тырысамын, – дейді Анар Жаңбырбаева.

Иә, әуезді музыканың адам бойындағы дертті жеңуге септігі тиетінін медицина әлдеқашан дәлелдеген. Мұндай жағдай оның ұстаздық тәжірибесінде де кездесетінін айта кеткенді жөн көрдік. Баласының мықты, талапшыл маманнан тәлім алуын әрбір ата-ана қалайды. Бірақ скрипкаға ерте бастан баулу қажет. Бірде оған 13 жасар қызын ерткен ана келеді. Ол мұндай жастағы баланы оқытудан бас тартатынын, музыка мектебі үшін өте кеш келгенін айтады. Алайда анасы қызының дамуында тежелу барын айтқанда, тәлімгер бір ауыз сөзге келместен оны оқытуға бел буады. Дені сау балаларға қарағанда мұндай оқушымен жұмыс жасау оңай іс емес екені анық. Алайда мықты ұстаз үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Шәкіртіне аспапта ойнауды үйретіп қоймай, оның қоғамда өз орны бар тұлға болып өсуіне зор еңбек сіңірді. Қазір сол шәкірті музыкалық колледждің бірінде студент. Мұндай мысалдар ұстаздың ұзақ жылғы тәжірибесінде кездеседі. Ол шәкірттерінің бағындырған әр биігімен мақтанады.

Білікті маман Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатында, Ақтау қаласындағы кіші симфониялық оркестрде 10 жылдан астам тер төккен. 2017 жылдан бері қасиетті Сыр топырағына келіп, сүйікті ісін жалғастыруда. Небір өнер майталмандары шыққан қасиетті өлкеде дәл осы классикалық бағыттағы мықты мамандар жетіспейтіні жасырын емес.

– Облыста камералық оркестрдің құрылғанына биыл 10 жыл толу керек еді. Бүгінде оның аясы кеңейіп симфония жанрына ауысты. Әйтсе де екеуінің арасында айырмашылық көп. Өнерді түсінетін жан мұны біледі. Оған жұмыс бірлігі бөлінсе, қайтадан жасақтауға болады. Өйткені концертке шыққанда аз адаммен әрі-бері қозғалу оңай әрі ыңғайлы. Сондықтан да 10 жылдық тарихы бар камералық оркестрді қайтадан құру әлі де кеш емес деп ойлаймын, – дейді.

Өнер адамына бүгінге дейін небір қызметтің тізгінін ұсынғандар жетерлік. Алайда оның барлығына қарсылық білдіріп, өмірлік миссиясы өнерді қадірлейтін, құрметтейтін шәкірт тәрбиелеу жолындағы тынымсыз тірлігін жалғастыруда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<