Сурет өнерінің бір қарағанда түсініксіз болып көрінетін бағыты – абстракция. Осы бағытта өзіндік стилін тауып, соқпағын салып келе жатқан Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектептің 9-сынып оқушысы Нұрай Рүстемованың алғашқы шығармаларын ата-анасы баланың шимайы деп қабылдаған еді.
Мамандардың айтуынша, абстракция адамды терең ойлануға үйретеді. Расында мұндай суреттер көрушіні ой тереңіне тартпай қоймайды. Кейінгі жылдары Қызылордадағы «Сафи» арт студиясында Гүлзат Жұрқабаевадан дәріс алған жас суретші халықаралық байқауларға онлайн қатысып, «Фиесталонио миленио» фестиваліне шақыру алды. Испанияның Льорет де Мар қаласында өткен фестивальға барып, «Ана мен бала» картинасымен 2-орын иеленді.
Ой тереңдігіне құрылған оқиғаға көрерменді де қатыстыру оңай емес. Бірақ Нұрайдың туындылары бейжай қалдырмайды. Ол пайдаланатын нәзік элементтер суретке қосымша мағына береді.
Жас суретші Испания сапарынан кейін де халықаралық байқауларға онлайн қатысуды тоқтатқан жоқ. Лондонда өткен 11-14 жас аралығындағы өнерлі өрендерге арналған «Голден тайм талант» байқауында да оның «Жайлаудағы қазақ қызы» туындысы 2-орынға лайық деп танылды.
ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген нысандарды салу бойынша жас қылқалам шеберлері қатысқан «Тhe Planet of art» халықаралық байқауында да «Париж» суреті 2-орын алды.
– Бір-екі күнде Ташкентте өтетін «Open Asia» фестиваліне жол жүремін. Бұл іс-шарада да қарым-қабілетімді танытсам деймін. Болашақта суретшілікті мамандық ретінде таңдамауым да мүмкін. Бірақ бұл менің хоббиім болып қала береді, – дейді ол.
Әр кейіпкердің толғанысын, жан дүниесін, ішкі иірімдерін дәлдікпен беру – суретшіге қойылатын талап. Осыны үйреніп келе жатқан жас талапкер, әсіресе ұлттық ерекшеліктер табиғатын жете түсінеді. Сан алуан түсті шебер пайдаланады. Суреттері сонысымен тартымды, үйлесімді.
Жас талапкерге бейнелеу өнері әлемінде самғаған қанатың талмасын дейміз.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<